Отбасы • Бүгін, 09:30

Отбасын сақтау – ортақ іс

46 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үйдегі қылмыс ұлт пен мемлекет талғамайды. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – әлемге ортақ міндет. Бұл туралы АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігінде өткен «No Visible Bruises» кітабының қазақ тіліндегі аудармасын таныстыруға арналған іс-шарада айтылды.

Отбасын сақтау – ортақ іс

Халықаралық марапаттарға ие болған автор Рейчел Луиза Снайдердің қазақ тіліндегі «Сырты бүтін» кітабын АҚШ-тың Қазақстандағы Өкілдігі мен Steppe & World баспа үйі бірлесіп шығарған. Шығармада айтылған оқиғалар кейде біздің елдегі жанұядағы жуан жұ­дырықтың іс-әрекетін көзге елестетеді. Тіпті үстіне қара бұлт төніп, күн сайын жапа шегіп жатқан жәбірленушілердің зорлықшының уысынан шыға алмауы да біздің қоғамды дәл сипаттап отырған секілді көрінеді. Бірақ мұндағы суреттелген шынайы кейіпкерлер мұхиттың арғы жағындағы адамдардың қилы тағдырын сөз етеді. 2019 жылы «New York Times» басылымы таңдап алған «Жылдың 10 үздік кітабы» қатарынан көрінген бұл шығарма отбасылық зорлық-зомбылықтың жасырынып жатқан індетін зерттеп, оның себептері, әсері мен шешімдерін талдап көрсеткен.

Іс-шарада АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм сөз алып, гендерлік зорлық-зомбылықтың адам құқықтарын аяққа таптап, қоғамдық санаға зиян келтіретінін атап өтті. Сондай-ақ ол елшілік Қазақстанның тұрмыс­тық зорлық-зомбылықты қылмыс деп танудағы нақты ұстанымын қолдау үшін осы еңбекке аударма жасауға қаржылай қолдау көрсеткенін жеткізді. Оның айтуын­ша, бұл проблема – Қазақстанда немесе АҚШ-та ғана емес, әлемнің барлық елінде орын алып отырған шындық.

«Қазақстан халқы бірігіп, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы «жоқ» деп үн қосты, әйелдер мен балаларды қорғау шараларын күшейтуді талап етті. Қазақстан үкіметін, осы күреспен жылдар бойы айналысқан белсенділерді және халықты маңызды заңнамалық өзгерістерге қол жеткізулерімен құттық­таймын. Гендерлік зорлық-зомбылық – жаһандық эпидемия. Біз бұл тақырыпты барлық тілде, оның ішінде қазақ тілін­де ашық талқылауымыз керек. Ауыр мә­селелерден қашу тек зорлық-зомбылық жасаушыларға пайдалы болады», деді ол.

Аты айтып тұрғандай «Сырты бүтін» шығармасында үйдегі қорлық көріп келген жандардың естілмейтін үніне қоғамның терең үңілуі қажет екені жан-жақты жазылған. Автор зерттеу журналис­тикасын жеке оқиғалармен ұштастырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жаһан­дық дағдарыс ретінде қарастырады. Кейіп­керлердің аузымен айтылған әрбір сөз бен әрекет жәбірленушілерді қорғау және олардың өмірін сақтау үшін маңызды екенін көрсетеді. Мұндағы әр кейстің оқыр­манға берер сабағы бар. Автордың пайымы да сол, оқып қана қоймай, одан дұрыс қорытынды шығара білу маңызды.

Бүгінде АҚШ-та да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар жүйе­лі түрде өткізіледі. Мәселен, елде осы мәсе­леге қатысты белсенді жұмыс істейтін көптеген ұйым бар. Сондай-ақ мемлекетте бұл мәселе ­90-жылдардың басынан бері маңызды қоғамдық әңгіме болып келеді. Содан бері де америкалықтар әртүрлі алаңдарда үй­дегі жәбірленушілердің құқығын қорғау туралы талқылауларды тоқтатқан емес.

Десе де «Сырты бүтін» шығармасын­да баяндалғандай, 2000–2006 жылдары 3 200 сарбаз опат болса, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 10 600 адам көз жұмған. Мұның өзі – нақты сан емес. Өйткені бұл статистикада тек өз еркімен мәлімет берген азаматтардан алынған. Сонда Америкада минут сайын 20 адам жанындағы серігінен жапа шегеді екен. Ал дүниежүзінде күніне ерлер мен балаларды қоспағанда, орта есеппен 137 әйел серіктесі мен үйіндегі біреудің қолынан өледі. Жаһандық эпидемияға айналған бұл қылмыс түрі біздің елімізде де өзекті болып отырғанын былтырғы статистикадан-ақ аңғаруға болады. Мәселен, былтыр елімізде 100 мыңнан аса тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Ал жалпы тіркелген 472 кісі өлтіру қылмысының 108-і осы отбасындағы жанжалға тиесілі. Демек адам саны АҚШ-пен салыстырғанда әлдеқайда аз біздің елдегі бұл сандар адам құқығына қатысты қолға алынуға тиіс шара ауқымы әлі де болса арта беру қажет екенін аңғартады.

 

Жадыра МҮСІЛІМ,

журналист