Сұхбат • Бүгін, 09:12

Марат Әзілханов: Ынтымақ пен бірегейлік – мемлекеттіліктің маңызды тетігі

170 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елдік мүддені жүзеге асыруға елеулі үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Осы орайда ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы Әзілхановпен сұхбаттасқан едік.

Марат Әзілханов: Ынтымақ пен бірегейлік – мемлекеттіліктің маңызды тетігі

– Марат Алмасұлы, биыл – Қазақ­стан халқы Ассамблеясының мерейлі бе­лесі. Осы орайда ҚХА-ның елдікті ны­ғайтудағы рөліне тоқ­талсаңыз.

– Иә, наурыз айында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осынау жылдар ішінде Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік ету құқығы бар конс­титуциялық институтқа айналды. Өзіне жүктелген негізгі миссияны орындап, қоғамда этносаралық тұрақтылық негізін құраушы фактордың бірі екенін дәлелдеді. Бұл елімізге әлеуметтік-эко­но­микалық және саяси өзгерістерді салиқалы, дәйекті және үйлесімді жүзеге асыруға, елдіктің тұғырын нығайтуға құ­руға мүмкіндік берді. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қо­ғам­­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жол­дауында: «Баянды бірлігіміздің арқа­сында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқы­мыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды», деп атап өтті.

Осы жылдар ішінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту саясаты инклюзивті сипатта болды және қоғам өмірінің барлық саласын қамтыды. ҚХА қызметінің негізгі нәтижесінің бірі – эт­ностардың біртұтас Қазақстан халқы ретінде үйлесімді интеграциялану үдерісі.

Ынтымақ пен бірегейлік – мем­лекет­тілікті қалыптастырып, нығайту­дың, дамытудың маңызды тетігі. Мұны та­тулық пен келісім саясаты дәлел­деді. Ассамблея құрылғаннан кейінгі ал­ғаш­қы жылдарда ел этностарының мүдделерін білдіруді көздесе, қазір ол мақсат пен міндет тұтастығын көздейтін азаматтық қағидатында, сондай-ақ ортақ біріктіруші құндылықтар негізінде этнос­тарды біртұтас халық ретінде одан әрі интеграциялау жұмысын жалғастырып келеді. Конституциямыздың «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекет­тiлiк құра отырып...», деп басталатын кіріспесіне сәйкес этносаралық қатынастарды үйлестіру жетістігі – ҚХА қызметінің елеулі үлесі.

– Әңгіме басында ассамблеяның алғаш құрылғаннан кейінгі бағыты қоғам дамуына сай жетіле түскенін атадыңыз. Кезең-кезеңімен жүзеге ас­қан осы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.

– Жалпы, елімізде татулық пен келісім саясатын іске асыруға ассамблеямен қатар барлық орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес бірлестіктер тартылған. Осы жылдар ішінде Қазақстанда қоғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың заңнамалық, мемлекеттік-басқарушылық, қоғамдық және басқа да институционалдық тетіктері құрылды.

Бұл күрделі эволюция Ел бірлігі доктринасында, ҚХА-ның даму тұжырым­дамасында және қоғамның даму үдері­сінде бірнеше рет жаңартылған басқа да құжаттарда көрініс тапты.

Елімізде этносаралық келісім мен бір­ліктің бірегей моделін қалыптастыру мен дамытуды негізгі бес кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең (1989-1995 жылдар) 1995 жылы Конституцияның қабылдануы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қалануы аясында этномәдени бірлестіктер құрудан бастап, ел бірлігін нығайтудың Қазақстан моделін заңнама­лық және институционалдық ресімдеу іс-шараларын қамтиды.

Екінші кезеңде (1995-2002 жылдар) азаматтық қағидаты мен еліміздегі этнос­тардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау құндылықтарының үйлесімді жарасымы негізінде бірегейліктің негіз­гі параметрлері айқындалды. «Қазақ­станның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» тұжырымдамасын (1993 жыл) және Қазақстан Республикасы мем­лекеттік бірегейлігін қалыптастыру тұжырымдамасын (1996 жыл) жүзеге асыру негізінде қоғамды мемлекет құрушы халықтың – егемендіктің, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің иесі және ел тағдыры үшін тарихи жауапкершілік жүктелген қазақ халқының айналасына топтастыру қамтамасыз етілді.

Қоғамда этностық және конфессио­нал­дық қатынастарды саясиландырудан бас тартуға қатысты түбегейлі азаматтық-саяси консенсусқа қол жеткізілді.

Үшінші кезең (2002-2007 жылдар) этносаралық қатынастардың Қазақстан моделін қалыптастыру жөніндегі нысаналы саясатқа негізделді. Бірқатар бағдарламалық құжаттар – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2011 жылға дейінгі стратегиясы, Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Этносаралық және конфессияаралық келісімнің 2006-2008 жылдарға арналған қазақстандық моделін жетілдіру бағдарламасы әзір­леніп, қабылданды.

Төртінші кезең (2007-2019 жылдар) қоғамның интеграциясы мен мем­­лекеттік этносаясаттың Қазақстан хал­қының ұлттық бірлігін нығайту сая­сатына көшуін қамтиды. Осы кезеңде, 2007 жылы «халықтар ассамблеясы» атауынан «халық Ассамблеясына» ауыс­ты. Бұл – еліміздің этностық ландша­ф­ындағы түбегейлі өзгеріс. 2010 жылы Ел бірлігі доктринасы қабылданып, ол барлық азамат үшін ортақ құндылық­тар мен қағидаттар жүйесін тануға негіз­дел­ген ұлттық бірлікке қол жеткізуді стра­­­­тегиялық басымдық ретінде анық­тады.

2020 жылдан бесінші кезең басталды. Бұл белесте этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру саласы институционалдық және талдамалық тұр­ғыдан нығайды, сондай-ақ ҚХА қоғам­дық құрылымдары жан-жақты дамыды.

Бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Этносаралық қа­тынастарды дамыту комитеті мен Қол­данбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. «Қоғамдық келісім» РММ министрлік қарамағына берілді. Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа даму тұжы­рым­дамасы бекітілді. Осынау маңыз­ды құ­жат этностарды интеграция­лау, біре­гейлік пен жалпыұлттық бір­лік­ті дамы­ту, елдегі татулық пен келісім­ді қам­та­масыз ету салаларындағы мем­ле­кет­тік саясат қағидаттарын қоғамда іске асы­ру жұмысын ұйымдастыруға ба­ғыттал­ған. ҚХА-ның алуан түрлі қоғам­дық құрылымдары ауқымды әлеу­меттік және ақпараттық алаңдарға қол­жетімді тиімді коммуникацияны қамтамасыз етіп отыр.

– ҚХА-ның жыл өткен сайын ауқы­мы кеңейіп келеді. Өзіңіз атап өткен­дей, қазір оның аясында бірнеше құры­лым бар. Олардың атқаратын қызметі қандай?

– ҚХА-ның мыңнан аса этномәдени бірлестіктері, институттары және бір­қатар қоғамдық құрылымдары мен жоба­лары бар. Тарқатып айтсақ, бір жарым мыңнан астам Аналар кеңесі, мыңнан астам Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жас­тары» республикалық қоғамдық бір­­лес­­тігі, елдегі қайырымдылықты дамы­туға белсенді жәрдемдесетін ме­ценат­тар мен қайырымдылық жасау­шыларды, волонтерлерді біріктіретін «Жомарт жан» орталықтары, ҚХА медиация кеңестері, Жас ғалымдар клубы, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесі және ЖОО мен ҒЗИ-да жұмыс істейтін ҚХА-ның жиырмаға жуық ғылыми-сарапшылық топтары, Кафедралар қауымдастығы, Шығармашылық ұжым­дар қауымдастығы, еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін 34 Достық үйі Ассамблея институты аясында елдік мақсатқа қызмет етіп келеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өзгеріс­тердің маңызды бағыты – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығай­ту. Қоғамда әділеттілікті орнықты­ру идео­логиясын ілгерілету мен жүзеге асыру – елдің барлық қоғамдық күштерінің, оның ішінде ассамблеяның аса маңызды міндеті. ҚХА-ның әрбір құрылымдық бөлімшелері осы маңызды іске жан-жақты үлес қосып отыр.

Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық біре­гей­ліктің мәнін жан-жақты ашып, оны бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ын­тымақ, заң мен тәртіп, сенім мен жауап­керші­лік сияқты құндылықтар негіз болатын жаңа қоғамдық этика призмасы арқылы айқындады. Азаматтық бірегейліктің дәл осылай тұжы­рымдалып, Президент бастаған ауқымды саяси реформаларда айшықталуының маңызы ерекше.

– Еліміздегі саяси реформаларда ҚХА қызметі де қамтылғаны белгілі. Осы өзгеріс пен жаңашылдықтың нәтижесін білсек...

– Қазақстанда қысқа мерзімде жүргі­зілген ауқымды реформалар негізінде сая­си жүйемізде үлкен өзгерістер бол­ғаны белгілі. Елдегі басқару жүйесі қоғамның сұранысына бағдарланып, азаматтардың елдік шешімдерге тікелей қатысуына мүмкіндіктер ашты.

Мемлекет басшысы «Ana tili» газе­тін­дегі сұхбатында: «Соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар – азамат­тарымыздың негізгі сұранысы мен мем­­лекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойлас­тырылған стратегия. Негізгі сая­си реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақы­рында көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның арқасында негізгі сая­си институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасында­ғы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты» деп атап өтті.

Дамудың жаңа кезеңінде саяси институттар мен мемлекеттік басқаруды реформалаудан – қоғамның өзін, қоғамдық құндылықтар жүйесін және жалпы қо­ғам­дық сананы реформалауға көшу жү­ріп жатыр. Бұл тұрғыда еліміздегі бар­лық этностардың, этномәдени бірлес­тік­тер өкілдерінің, ассамблеяның осы тари­хи өзгерістерге белсене атсалысуы маңызды.

Реформалар парламенттік өкілдіктің жаңа құралына ие болған Қазақстан халқы Ассамблеясына да әсер етті. Бүгінгі таңда ҚХА ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы тағайындайтын Парламент Сенатының 5 депутаты заңнамалық деңгейде байланысты қамтамасыз ету­ге, қоғамдық бақылауды жүзеге асы­ру­ға және ассамблеяны этнос­тар мүдде­ле­рінің жиынтығы ретінде ұсынуға шақырылды.

Парламентте ұлттық бірлік пен қоғам­дық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатын «Бір ел – бір мүдде» атты жаңа депутаттық бірлестік құрылды. Оның ерекшелігі – бұл топ палатааралық. Бұрынғыдай тек Мәжілісте жұмыс іс­темейді. «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының құрамына Парламенттің 30 депутаты кіреді. 10 депутат – Сенаттан, 20 депутат – Мәжілістен.

Ассамблея депутаттарының заң шыға­ру қызметіне қатысуы этносаралық және конфессияаралық келісімді, толерант­тылықты нығайтуға, этностық факторды, қоғамдағы экстремизм мен радикализм көріністерін саясиландыруға жол бермеуге көмектеседі. Қазақ халқының мәдениеті мен тілін дәріптейтін азаматтық және рухани-мәдени қоғамдастық негізінде Қазақстан этностарын шоғырландыру жолымен патриотизм мен бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етеді.

Тағы бір ілкімді қадам – ҚХА мүшелері Ұлттық құрылтай құрамында да белсенді жұмыс істейді. Реформаларды іске асыруда Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары», этномәдени бір­лестіктер, ҚХА-ның барлық мүшелері белсенді рөл атқарады.

– Ассамблеяны жұртшылық қоғам­ды жұмылдырушы тетік деп санайды. «Бір жағадан бас шығаратын» кезеңдерде ҚХА-ны іздейді. Қазір ұйым осы миссияны лайықты атқарып отыр ма?

– Әрине, ассамблея – үлкен күш. Қоғамдық келісім мәселесін құндылық ретінде қарастыратын жанның бәрін бір мақсатқа жұмылдырып отырған ұйым. Көпшілікті ортақ іске бастау, ілкімді іс шараларға ұйытқы болуы – негізгі бағытымыздың бірі. Осы тұрғы­да жаңа қоғамдық этиканы және «Бір­лік пен ынтымақ» басымдығын ілгері­лету шеңберінде Қазақстан халқы Ассам­блеясының қайырымдылық қызметіне ерекше назар аударылады. Барлық өңір­лерде ҚХА құрылымдарының қайы­рым­дылық саласындағы жұмысын үйлес­тіретін «Жомарт жан» орталықтары құ­рыл­ды. Олар көмекке аса мұқтаж жан­дарға қолдан келген көмегін беріп жатыр.

Мысалы, су тасқынынан зардап шек­кен өңірлерге көмек көрсету және қол­дау бойынша ҚХА ауқымды жұ­мыс жүргізді. Біздің «Жүректен – жү­рек­ке» жалпыреспубликалық жоба­мыз­дың аясында барлық Достық үйінде ҚХА штабтары, волонтерлер орталықтары, гуманитарлық көмек қабылдау пункттері құрылды. Зардап шеккен өңірлерге 1 700 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және қажетті тауарлар жіберілді. Көлік және арнайы техника тартылды. Көрсетілген гуманитарлық көмек көлемі 805 млн теңгеден асты, гуманитарлық акция­лар мен қалпына келтіру жұмыс­тарына 12 мыңнан астам ҚХА волонтері тартылды. ҚХА мүшелері мен меценаттар қаражатына су тасқынынан зардап шеккен өңірлер отбасыларының меншігіне 90 млн теңгеге жуық сомаға дайын тұрғын үйлер сатып әперілді. Ассамблея мүшелері зардап шеккен отандастарға айрық­ша жанашырлықпен қолдау көрсетті. Бұл – барша халқымыздың бірлігі мен ынтымағы қағидатын жүзеге асырудың нақты көрінісі.

Ассамблея жұмысының жаңа тұжы­рым­дамасы елімізде азаматтық саяси ұлтты интеграциялау және қалыптастыру үдерісіне этностар мен олардың қоғам­дық бірлестіктерін белсенді қатыстыру­ға бағытталған. Бүгінгі басты міндет – эт­но­с­аралық өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығу, оның негізін қоғамның азаматтық мүдделері құрауға тиіс.

Ассамблеяның миссиясы – бүкіл елмен бірге үйлесімді, әділетті, тұрақты қо­ғам құру. ҚХА осы мақсатты кезең-кезеңі­мен, жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

– Мерейлі жыл аясында қандай ілкімді іс-шаралар ұйымдастырылады?

– 30 жылдық мерейтойдың Алғыс айту күнімен үйлесуінің символдық мәні бар. Көктемнің алғашқы күнін халқымыз дәстүр бойынша «Рахмет» деген тамаша сөзбен қарсы алады. Бұл күні көптеген іс-шаралар, түрлі акциялар, фестиваль­дер, көрмелер, концерттер өткізу жос­парланып отыр. Жыл басынан бері ғылы­ми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында ҚХА-ның рөлі мен тәжірибесін, Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтастық саясатының келешегін сараптамалық деңгейде талқылайтын іс-шаралар топтамасы өтіп жатыр.

Негізгі мерейтойлық іс-шара, әри­не, сәуір айында өтетін Қазақстан хал­қы Ассамблеясының сессиясы болады. Ассамблея Кеңесінің отырысы қар­саңында ҚХА жұмысының, оның бар­лық құрылымдары мен жобаларының қорытындылары шығарылады.

Жалпы, ҚХА-ның қоғамдық құрылым­дары мен республикалық этномәдени бірлестіктерінің жоспарында 400-ден астам түрлі іс-шара – республикалық және өңірлік форумдар, этномәдени фестивальдер, ірі спорттық сайыстар мен турнирлер, театр қойылымдары, шығармашылық кештер, экспедициялар, жастар мен балаларға арналған лагерьлер ұйымдастыру көзделген.

Ассамблеяның мерейтойы этносара­лық келісім және жалпыұлттық бірлік саясатының бірегей институтының отыз жылдық тарихына тереңірек үңілуге, оның қалыптасуы мен даму үдерісін түсінуге, ынтымақ пен бірегейлікті, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес болып қосылады деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»