Аймақтар • Бүгін, 17:00

Қызылордада кірпіш зауыты мен ЖЭО іске қосылады

22 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин экономиканың нақты секторын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында Қызылорда облысының инвестициялық дамуы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.  

Қызылордада кірпіш зауыты мен ЖЭО іске қосылады

Фото: ktez.kz

Өткен жылы бесжылдық бағдарлама аясында жалпы құны 1,9 триллион теңгені құрайтын 86 инвестициялық жобаны жүзеге асыру аясында облыста 37 миллиард теңгенің 21 жобасы жүзеге асырылып, 411 жаңа жұмыс орны ашылды. 

2025 жылы Қызылорда облысында жалпы құны 275,3 млрд теңгені құрайтын 24 жобаны іске қосу, 1 мыңға жуық жұмыс орнын құру және 30,8 млрд теңге өнім шығару жоспарланды. 

«Жалпы қуаттылығы 141 МВт болатын 4 күн және 1 жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Облыстың электр энергиясына деген сұранысы тәулігіне 200 МВт құрайды. Облыста жалпы қуаттылығы 89 МВт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. 5 жоба іске қосылғанда облысымыз толығымен жасыл энергетикаға көшеді», деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті жиынға қатысушыларға Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа – инвесторлар, мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік сектор арасындағы өзара әрекеттестіктің бірыңғай терезесінің мүмкіндіктерін таныстырды. Бүгінгі таңда платформа пулында 836 жоба бар, оның 246-сын 2025 жылы іске асыру жоспарланған.

Жиында өңірдегі екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты түйткілді мәселелер талқыланды. Бұл – Шалқия полиметалл кен орнының тиімділігін арттыру және кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу.

Атап айтқанда, азық-түлік және техникалық тұз, полипропилен қаптар шығаратын «Аралтұз» АҚ қазіргі таңда Қазақстандағы алғашқы кальцийлендірілген сода зауытын салу жобасын жүзеге асыруда. Бұл шикізат шыны бөтелкелерді өндіру үшін қажет. Қазіргі уақытта ол толығымен дерлік Қазақстанға импортталады. Жоба қомақты инвестицияны қажет етеді және несиелік қаржыландырудың мерзімі мен шарттарын ұзарту туралы мәселелер бар. Министр тиісті қаржы институттарына жобаны қолдаудың барлық мүмкіндіктерін табуды тапсырды.