
Жиналғандар алдымен бір минут үнсіздікпен қаза тапқан сарбаздар Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаровты еске алды. Бұдан кейін Гүлназ Әлкенқызына сөз берілді.
«Осындай іс-шараны ұйымдастырып отырған Ұлттық ұлан басшылығына, 5571 әскери бөлімнің басшылық құрамына алғыс айтамын. Ұлым қызмет атқарған Талдықорған қаласына арнайы барған едім. Алматыдағы 5571 әскери бөлім – ұлымды осында алғаш қарсы алған жер. Әскердегі әр сарбаз ұлымдай болып кеткен, әрқайсысы маған қымбат. Сіздердің көздеріңізге қарап, дүниеден өткен ұлымды көргендей боламын. Қайғылы оқиғалар қайталанбасын, әр сарбаз үйіне аман-есен оралсын. Ел аман, жұрт тыныш болсын», деді батырдың анасы.
Сондай-ақ саптағы қарулас досына деген сағынышын жеткізген А.Амановтың қызметтес досы Ержан батыр ұлдың еліне деген адалдығы, досқа жанашырлығы жайында сыр шертті.
«Айбат өте жақсы жігіт еді. Онымен бір ротада қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Кейбір кезде қызығы мен шыжығы мол әскери өмірден шаршаған сәтте сөзімен емдеп, рухымды жанып отыратын. Бір түсінгенім, барлығымыз бір жауынгерлік жанұямыз, қиындық түскенде бір-бірімізден жақын адам болмайды. Сондықтан, жігіттер, бірлік керек. Ештеңеге алаңдамай қызметтеріңді адал атқарындар», деді ол.
Іс-шара соңында Айбат туралы деректі фильм көрсетіліп, ел мен жер, халықтың амандығы жолында қызмет етіп, Отан алдында міндет алған ұландықтардың бойындағы жігер отын жанып өткендей болды. Өз кезегінде сөз алған 5571 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Ұлықбек Қараев «Батырдың анасы – барша Отанымыздың анасы. Біз әскери бөлім басшылығы атынан сіздің алдыңызда бас иеміз, біздің әскери бөлімнің есігі сіздер үшін әрдайым ашық», деп ағынан жарыла сөйледі.
Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы келген қонақтарға естелік сыйлықтар табыстап, алғысын білдірді.
Жадыра МҮСІЛІМ,
журналист