Руханият • 17 Қаңтар, 2025

Бауыржанның келіні

291 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алғаш қолға қалам ұстап, жорналшы болуға қамданып жүрген 90-жылдары көпті көрген көнекөз бір қаламгер ұстазым «шығарма жазу үшін кейіпкеріңді дұрыс таңда. Кейіпкерің күшті болса, туынды жақсы жазылады», деген еді. Онымен қоймай қаламгер көкем «Абай жолы» эпопеясының күштілігі оның кейіпкері – ұлы Абай», деген-тін. Бұл пайым әрбір кез көкейімде жаңғырып тұрды.

Бауыржанның келіні

Суретті түсірген – Орынбай БАЛМҰРАТ

Осы орайда айтпағым, сонау 1985 жылы атақты Гоби шө­лінде әскери қызмет атқарып жүргенімде ға­йып­тан қолыма жазушы Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» атты кітабы түсті. Оқыдым. Сезім керемет. Расын айтсам, қат­ты сүйсіндім. Тіпті кейбір қысқа мәтіндерді жаттап алдым. Соңы­нан пайымдап қарасам, бұл кітап­тың соншалық жақсы жазылуы бас кейіпкері – қазақтың батыры, ІІ дүниежүзілік соғыстың қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының болуы екен.

Міне содан бері 40 жылдың жүзі өтіпті. Сол заманда 40-қа жаңа толып, қылшылдаған Зейнеп апам 80-нің сеңгіріне шы­ғыпты. Уақыт-ай деген. Мен сүйіп оқыған шығарма авторы қазір қазақтың абыз анасына айналды. Ұлттың мәдени дәстүрін, отбасылық құндылықтарын және қыз-келіншектердің имани тәр­­биесін сақтау мен дамыту жолында зор еңбек сіңірді. Атам қазақ «жүректен шыққан сөз – жүрекке жетеді» дегеніндей, апамыздың әрбір жазғаны елдің жүрек тө­рінде. Қазірде қара бұқараның ең көп сатып алатыны осы кісінің кітабы.

* * *

Жуықта бала күнгі елес, жас­тық шағымның шырағданы болған «Шуақты күндерді» қайта оқып шықтым. Әсері бұрынғыдан да керемет. Өйткені қырық жылда санам өсті, танымым толықты. Апа­мыздың «мен тұла бойы қай­шылықтарға тұнып тұрған, қайталанбас адамның биік шаңы­ра­ғының кең дастарқанын ұс­таған, шамам келгенше иіліп қыз­мет істеген, атамның өнегелі өсиеттерін де, өңменіңнен тесіп өтер айқайын да естіген маңдайлы келінмін» (Ахметова З. Шуақты күндер: - Алматы: Жалын, 1984. 11-бет) деп жазғаны керемет ұнады әрі кіршіксіз ақиқат. Онымен қоймай: «Атамның қасында отырып, шай құйып беруді күнделікті дағдылы тіршіліктің ешқайсына теңемеймін. Бұл деген мен үшін өзінше бір үлкен дәреже, ұсынған кесені қолымнан алып шай ішуі маған істеліп жатқан ерекше құр­меттей сезіндім», дегені ұлы сөз, ұлағатты пайым.

Бірде апамыз ері Бақытжанға ренжіп, төркінге барып мұңын шағыпты. Мән-жайға қанық­қан анасы: «Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет», депті. Міне, бұрынғының тәртіп-тәрбиесі. Апамыздың мықтығылы – осындай қазақы қайнардан сусындауында. Қазақтың «анасын көріп қызын ал, дастарқанына қарап асын іш», дегені осы.

Баукеңнің келіні өзі айтқандай, батыр бабаның бабын табу, қыңыр жардың қыртыс мінезін жазу, бесіктегі баланың белдігін байлау­ды әуелгі анамның тәрбиесі деп құр мақтанға салынбады, келіндік жолын атасының жоралғысы деп санады. Мінезі қатал, құбылмалы батырдың жағдайын жасап, көзін жұмғанша келіндік қызметін атқарып өтті. Біздің кейіпкер осын­дай өр мінезді батырға келін болуын, қолынан ыстық шай беруін ешкімге бұйырмаған бақ са­найды. Міне, қазақтың әйеліне тән кеңдік пен дархандық қайда жатыр?!

Кітапты оқып отырғанда көңіл толқып, көзге жас келетін тұстары көп. Зейнеп Ахметова айтады: «Атам өмірі өздігінен дүние-мүлік жинап, байлыққа қызыққан пенде емес. Ақшасыз болып көрген жоқ. Бірақ уысқа тұрмайтын су сияқты қоры лезде таусылатын. Ақшаның бетіне қарап, мынау ертеңге қалсын деген әдеті болмаған. Қалтасындағы соңғы бес-он сомын бір сомның орнына таксиге беріп жүре беретін. Атама сыйлық көп келетін. Алайда қалай келсе солай кетеді... Біздің үйге келген талай адамдар әсіресе әйелдер «үйлерінде түк жоқ қой» деп еріндерін сылп еткізгенде іштей күліп қала беретін едім. Өйткені біздің үйдегі байлық, қабат-қабат кілем, сыңғырлаған хрус­таль, қаз-қатар тізілген емен ағаш емес – атамның өзі». Рас. Бауыржан Момышұлы – бір шаңырақтың байлығы емес, күллі қазақтың қаһармандық үлгісі. Ал Зейнеп апамыз осы үлгіні жақсылығын асырып болашақ ұрпаққа жеткізген абзал адам.

* * *

Тәңір берген зейін-зердесінің арқасында Зейнеп апамыз кімге келін болып түскенін, атасы қай­ма­на қазақтың езілген еңсесін көте­руге жаратылған жан екенін ерте сезген. Сөйтіп тарихи тұлға ха­қында жазуға бекінген. «Атам деген тірі тарих, шексіз шежіре еді. Оның әңгімелерін әйелдің өмірі бітпейтін үй шаруасының арасында кейде асығыс, кейде толық, шамам келгенше қағазға түсіре бердім» (Аталған кітап. 9-бет) деп жазады апай.

Ал шаңырағындағы жалғыз келіні көрген-түйгенін қағазға түсіріп жүргенін білген сәтте Баукең жарықтық, түлегі қанған кәрі қырандай қабағын түкситіп: «Ойыңнан ештеңе шығарма. Өз көзіңмен көргеніңді жалтақтамай, жасырмай ашық жаз. Это тебе не к лицу, понятно», деген екен. «Дәл осы сөз айтылған дата: 1973 жылы, 28 қазан болатын» дейді Зейнеп апамыз.

Сонымен қатар Баукеңнің жалғыз ұлы Бақытжанға қаратып айтқан «Егер сен өмірге деген түбегейлі адал көзқарасың, түзу беталыс бағыт-бағдарың болмай атақ алу үшін жазып жүрсең, онда қылмыскерсің», дегенін қазір күні мақтан іздеп, бәрекелді тілеп, шала-пұшық дүниесін ұшқан құстың қанатына байлап, жасанды биіктетіп жүрген бәзбір шығар­ма­шылық адамдары ұқса екен дейміз.

Атасы жалғыз тұяқ келіні ұна­маса ұрсады, бірақ қан майдан көрген қажырлы һәм сұңғыла адам емес пе, еркелетіп көңілін көтеруді біледі. Бұл туралы апамыз: «Үйге келген қонақтарға мені таныстыратын жері қызық. Марқұм құдағиым Мәлике Кеген жақтың албаны. Он жеті жасында қазақтың ішіне келген жалғыз атты түрікке ғашық болыпты. Айдаһардай ақырған алты бауырының қаһарынан сескенбей, ай қараңғы бір түні түріктің етегінен ұстап қашып кетіпті. Жүректісін көрмейсің бе, түбі Момышұлына құдағи боларын әуел бастан білген. Ал мына Зейнеп «арғы атам ер түріктің қызы». Өте өжет. Әйтпесе, төрт бауырының ашуынан тайсалмай менің балама сескенбей қалай келген ә?», дейді екен. «Атамның осы сөзін естігенде жүрегімді қуаныш-шаттық толқыны кернейтін. Осы бір құдіретті үлкен адамның келіні екенімді сезініп, жасыратыны жоқ, пендешілікпен іштей шалқып кететін едім», деп жазыпты апамыз.

Айтпақшы жоғарыда Баукең келініне қаратып айтқан «арғы атам ер түріктің қызы» деген сөзді аңдамайсыз ба? Бұл тіркес «Арғы атам ер түрік, Біз қазақ еліміз» деп басталатын өткен ғасыр басында азаттық аңсаған Алаштың ұран сөзін еске түсіріп тұрған жоқ па? Баукең біледі, білген соң айтады.

* * *

Зейнеп апамыздың естелігінде қызық оқиға көп. Бірде атасы мен күйеуі бірінің аяғында гипс, екіншісінде де тағы сондай жағдай үйден шықпай жатады. Бірінші, екінші Момышұлдарына жас келіннің жаны ашиды. Не істемек керек? Адамды әлдендіретін қымыз. Бірақ Алматыдан таза қымыз табу қиын. Мұндай қы­мызды бет-әлпеті келіскен орта жастағы әйел сатады. Оның қы­мы­зын ел аңдып тұрып талап әке­теді. Жақсы қымызға Зейнептің қолы жетер емес. Содан бір күні қымызшы апайдың жолын тосады:

 – Апай маған қымыз керек еді. Сіздің жақсы қымызыңызға қолым жетпей жүр. Күйеуім мен қайын атам Момышұлына бермек едім. Үйіңізден барып алып тұрайын.

 – Шырағым, атақты адамның келіні екенсің, менің үйіме келіп әуре болма, күнара сағат таңғы 7:00-де мені дәл осы жерде күт. Қымызшы апай айтқан уәдесінде тұрады. Күнара қымыз ішіп атасы мен күйеуі мәз. Келін де шат-шадыман. Мүмкін айбатты ата­сының қымыз ішіп жүзі жұм­сар­ғаны әсер етті ме, кім білсін, Зейнеп бұл қымызға қалай қол жеткізгенін айтып қалады. Сол жерде сұмдық басталады. Баукең ішіп отырған қымызын шынысымен қоса жерге бір-ақ ұрады. Екі ортада күйеуі Бақытжан айқайлап жатыр: «Дура! Ты хоть пони­маешь, как подло отца утопила в руб­левом кумысе!».

Осы оқиғаны Зейнеп Ахметова былай жазады: «Ойлап жүргенім осылардың қамы емес пе? Бұлар неге сонша бүлінеді. Жақсы қымыз ішсін дегеннен басқа жазығым не? – деп іштей ренжідім. Атам қайтып мен әкелген қымыздан татпайтын болды. Ол кісінің атын пайдаланғанымның алды-арты осы болды. Алғашында ренжігеніммен бұл оқиға менің болашақта ауа жайылмауыма, Момышұлы үйінің қатаң ережесін қайта бұзбауыма сабақ болды».

* * *

Кітапта атасының ат қойғыш­­тығы туралы қызық сюжет бар. – Бір күні, дейді апамыз. – Атамды қолтықтап Жазушылар одағына бардым. Олжас бастық. Кіреберісінде толықша келген қараторы қысықкөз әйел отыр. Ол кісі Баукеңді көріп жік-жаппар, қу жаны қалмай жалпылдайды. Баукең паң:

– Халың қалай Далай-лама? Балалар жақсы ма? – дейді де Олжасқа кіріп кетеді. Содан бір күні атасы келініне «Балам, мынау үйге жазылып алынатын газет-журнал. Өзің қарап шық. Қосарың болса қос а, тізімді Далай-ламаға жеткізіп бер, қалғанын өзі жөндейді». Содан келін шырақ салып ұрып одаққа барады, Баукең айтқан әйел орнында отыр екен, оған орысшалап:

– Сәлеметсіз бе, Далай-лама! Мені сізге атам жіберді, – деп келген шаруасын айтады. Ол әйел келінге таңдана бір қарап алып:

– Менің атым – Далай-лама емес, Люся. Ұлтым – бурят болған соң Баукең осылай айтады... Зейнеп ұяттан кірерге тесік таппай қалыпты. Тағы бірде атасын қолтықтап одаққа келсе, Баукең біреуге «Әй бұйрабас, бері кел» деп бұйыра сөйлейді. Зейнеп бұйра шашты кім болды екен деп қараса, басында қылтанақ жоқ жалтыр бас біреу жүгіріп келе жатыпты.

* * *

Тағы бірде мынадай қызық оқиға болыпты: қарапайым бір адам есікті қағып үйге кіреді. «Баукең бар ма?». Зейнеп қонақты атасына бағыттайды. Сөйтсе, бұл адам Баукеңнің бала күнінде интернатта бірге өскен Алданазар Тасыбеков деген досы екен. Көрмегелі көп жыл өткен. Батыр әуелі досын танымайды. Атын айтқанда барып «Апырмай, тірі ме едің?», деп бас салады. Екеуі ұзақ сыр шертеді. Ол кісі кетуге қамданғанда атасы Зейнепке:

 – «За нами Москваның» бір данасын әкелші, – дейді. Ол кісі кітапқа төте жазумен «Алданазарға. Ескерме ретінде Бауыржан Момышұлы. 1974 ж. 25 декабрь» деп жазады да, мәтінді келіні Зейнепке «дауыстап оқы» деп бұйырады. Қазақы тәрбие қанына сіңген келін атасының атын айтуы мүмкін емес. Бірақ Баукең бұйрығының орындалуын қалайды. Ақылды келін кітапты қолына алып, қолтаңбаны бір шолып көріп: «Сізге, дейді қонаққа басын иіп, ескерме ретінде атамнан» деп оқиды. Ойпырым-ай, қазақы тәрбие мен дәстүрдің қайнары қайда жатыр. Қазіргі келіндер үшін ата-енесінің есімін атау оғаш болмай қалды.

Енді мына оқиғаға назар аударыңыз: Баукең мен келіні ас ішуге ресторанға барып, екі кісілік орынға жайғасады. Ана бір бұрышта қос үстелді біріктіріп ұзын дастарқан жайып тастап, бір топ қазақ отыр. Жүздері жел қақты ауылдың адамдары. Барлығы тыпыр етпей Баукеңе қарап қалған. Тым-тырыс. Ата мен келіннің алдына ас келеді. Баукең қасық-шанышқыны ысырып қойып, тарелкадағы сорпаны басына көтеріп сораптайды кеп. Түбіндегі екі түйір етті саусақпен іліп алып жеп қояды. Одан кейін тарелканы тілімен жалап-жұқтайды да, екінші ыдыстағы қуырдаққа жалаң қолын салады. Май сіңген саусағын тілімен жалап тамсанады. Баукеңнің мұндай қылығын көрмеген келіні аң-таң, ұяттан өліп барады. Ана жақтағы қазақтар жабайы аң-адам көргендей отыр, мелшиіп. Рестораннан шыққан Зейнеп «Ата, мұныңыз не?» дейді ғой. Атасы: «Не болушы еді? Момышұлы ойына келгенін істеп, жүрген жерінде бүлдіреді», деп естіп өскен, ана бұрышта атыздай қазақтың он алты көзі өңменімнен өтіп кеткен жоқ па? Мені тірі мамонт көргендей таңғалды. Мен білсем, бұлар ауылдың беткеұстар интеллигенциясы. Біреуі орнынан тұрып, сәлем беруге шамасы келмеді» деп кейіпті.

* * *

Сөз соңын түйіп айтарым: Зейнеп Ахметова Баукеңе һәм қазаққа берген тәңір сыйы. Батыр атамыз туралы көп адамдар естелік-эссе жазды. Бірақ олардың бәрі келін Зейнептен аспады. Өйткені апамыз жасындай өткір, қайралған қылыштай қиып түсер мінезі бар атасының айтқанына көніп, бабын тауып қасында болды. Апамыз кітабының соңын: «Алдағы өмірдің қалай боларын уақыт көрсетер. Ал осы күнге дейінгі өмірімнің ішіндегі ең маңызды, мазмұнды болған кезі – атамның алдындағы аз жылғы титімдей еңбегім», деп аяқтапты. Биыл Момышұлдары үшін даталы жыл. Шаңырақтың жалғыз келіні Зейнеп сексеннің сеңгіріне шығып жатса, оның атақты атасы Бауыржан Момышұлының туғанына (24 желтоқсан) 115 жыл толғалы отыр.