
Сурет: unian.net
Банктер клиенттің төлем тапсырмаларын ақпараттық жүйелердің жұмыс кестесіне сәйкес әдеттегі режімде, еш шектеусіз және кідіріссіз қабылдап жатыр. Жаңа стандарт төлемдерді өңдеу ісін автоматтандыруға, сондай-ақ есеп айырысудағы жылдамдық пен қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. ISO 20022 стандартының ерекшелігі – төлем немесе мәміле туралы қосымша мәліметтерді беру мүмкіндігінде. Бұл сәйкестендіру үдерісін жеңілдетіп, қателіктерді азайтады және клиентке көрсетілетін қызмет сапасын арттырады.
«ISO 20022 стандарты қолданылғанда осы әдістемені пайдаланатын әртүрлі ақпараттық және төлем жүйелері арасында жаһандық үйлесімділік қамтамасыз етіледі. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқылардың бірі болып халықаралық стандартты пайдаланатын мемлекеттердің қатарына кірді. Енді Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен бірге трансшекаралық төлемдерді жеңілдетіп, халықаралық сауда-саттықтың дамуына ықпал етеді», делінген Ұлттық банк мәлімдемесінде.
ISO 20022 стандартының енгізілуі қаржы институты мен тұтынушы арасындағы өзара әрекеттесудің тиімділігін арттырып қана қоймай, қаржы нарығындағы технологиялық өзгерістерге бірыңғай ереже мен рәсімдер негізінде тез бейімделуге мүмкіндік береді.