Үкімет • 17 Қаңтар, 2025

Баспана мәселесі қаралды

32 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту және баспана қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбатында айтқан тапсырмаларын орындау бойынша жұмыс барысы қаралды.

Баспана мәселесі қаралды

Кеңеске Өнеркәсіп және құрылыс, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің, «Отбасы банк» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылығы қатысты.

«Отбасы банкін» даму институтына айналдыру және саланы одан әрі дамыту үшін жеке қаражатты тарту жөніндегі жұмысты жандандыру тәсілдері, сондай-ақ жеңілдікті бағдарламаларды қаржыландыру, оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары қызметкерлерін қолдау және жаңа өнімдерді шығару бо­йынша ұсыныстар талқыланды. Бүгінде «Қаражанбасмұнай», «Шұбаркөл көмір», «Еуроазияттық энергетикалық корпорация», «ССКӨБ», «Қазхром» ТҰК», «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты» сияқты ірі кәсіпорындар және басқа да ұйымдармен жұмысшы кәсіп мамандары отбасыларының тұрмысын жақсарту жұмыстары басталды.

Премьер-министр «Жұмысшы маман­дықтары жылы» аясында техникалық маман­дарға арналған ипотекалық және жалға берілетін жеңілдікті тұрғын үй бағдарламасын кеңейту қажеттігін атап өтті. Банктің трансформациясы оның «бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуге және жалпы алғанда еліміздің экономикасын дамытуға бағытталған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі­нің деректері бойынша, 2024 жылдың қоры­тындысында елімізде рекордтық 18,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өт­кен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға артық. Сала­ның нақты көлем индексі бір жылда 113,1%-ды құ­рады. 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метрге жеткізу жөніндегі Президент қойған міндеттерді орындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде азаматтарға жалға берілетін, несиелік баспана­мен қамтамасыз ететін, «2-10-20», «5-10-20» және басқа да бағдарламалар іске асырылып жатыр. 2024 жылы «Отбасы банкі» 1,29 трлн теңге сомасында 71 452 несие берді, оның 39,8%-ы бастапқы тұрғын үй сатып алуға арналған. «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары бо­йынша жалпы 251,9 млрд теңгеге 10 003 қарыз берілді.