
Ғылыми-практикалық конференцияны «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізіп, қазіргі «Қазправданың» алғашқы саны 1920 жылдың 1 қаңтарында жарық көргенін, газеттің әуелгі атауы «Қырғызстан өлкесінің жаңалықтары» деп аталғанын, одан кейін «Степная правда», «Советская степь» деп атаумен шығарылғанын, 1932 жылдан бастап ол өзінің қазіргі «Казахстанская правда» атауын алғанын және әрине, атаулары ғана емес, газеттің форматы, шығарылым саны, тақырып-мазмұн тұрғысынан да өзгерістер болып отырғанын атап өтті.
«Әрине, ғасыр бойы журналистік құрам бірнеше рет өзгерді. Айта кетейік, өткен ғасырдың 20-30 жылдары Михаил Зощенко, Кукрыниксы, Ольга Форш, Константин Симонов, Алексей Толстой, Сергей Михалков, Константин Паустовский, Ольга Берггольц, Павел Кузнецов газеттермен тығыз қарым-қатынаста болған.
Екінші дүниежүзілік соғысқа көптеген «қазправдалықтар» аттанды. Өкініштісі, олардың кейбірлері қайтып оралмады. Мемориалдық тақтаға Евгений Бард, Анатолий Власенко, Борис Линов, Борис Мегорский, Иван Остапец, Арсентий Петрашко, Иван Юферев және Василий Якушкиннің есімдері жазылды.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап газет беттерінде Бауыржан Момышұлының, Дмитрий Снегиннің, Мәлік Ғабдуллиннің, Сырбай Мәуленовтың, Жұмағали Саиннің жауынгерлік ерліктерді жырлаған шығармалары жарияланды. Осы кезеңде «Казахстанская правда» беттерінен қазақ әдебиеті мен ғылымы корифейлері: Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтпаевтың, Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың, Жамбыл Жабаевтың үндері қызу естілді.
Ұжымдастыру, индустрияландыру, күштерді жауға қарсы күреске жұмылдыру, халық шаруашылығын соғыстан кейін қалпына келтіру, тың игеру және адамның ғарышқа алғашқы ұшуы, Қазақстанның қайта құрылуы және тәуелсіздігін алуы ХХ ғасырдың барлық негізгі кезеңдері мен оқиғалары «Казахстанская правда» басылымында көрініс тапты.
Жаңа мыңжылдыққа республикалық ірі басылым «Қазправда» ресми және іскерлік ақпараттың басты көзі ретінде еніп отыр. Материалдардың оқылымдылығы артты, журналистердің жаңа тақырыптарды, соның ішінде пікірталас тақырыптарын іздеуі үрдіске айналды. Газет түрлі көзқарастарды білдіруге ұмтылады, танымал сарапшыларды тартады. Басылымның ағартушылық рөлі едәуір өсті: газетте отандық тарихты, мәдениетті, рухани құндылықтарды, ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді дәріптейтін материалдар үнемі жарияланады.
«Казахстанская правда» басылымымен көрнекті отандық әдебиетшілер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, атап айтқанда Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбсаттар Дербісәлі, Владимир Гундарев, Төрегелді Шарманов, Олжас Сүлейменов, Роллан Сейсенбаев, Бақытжан Қанапьянов белсенді ынтымақтасып отырды.
Қазправдиндер өздерінің әріптестері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірқатар кітаптардың авторы Эдуард Джилкибаев (оқырмандарға Константин Кешин псевдонимімен белгілі), ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның халық жазушысы Любовь Шашкова, көрнекті отандық әдебиетші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және т.б Ресейде Геннадий Доронин, жазушы, «Орыс сыйлығы» әдеби сыйлығының лауреаты, суретші-карикатурист Николай Веревочкин және тағы басқа тұлғаларын мақтан тұтады.
Баспа БАҚ цифрландыру дәуірінде таралым мен оқырман азайған. Бірақ «газеттің уақыты өтті» деген пікір қате. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баспасөз – қоғамның айнасы. Мен баспасөзді мұқият бақылаймын, күн сайын «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Аідуп», «Литер», «Turkistan», «Ana dili», «Қазақ әдебиеті», сондай-ақ мен көптеген маңызды және пайдалы ақпарат алатын өңірлік басылымдарды оқимын. Жалпы, газеттердегі қазіргі жарияланымдар жоғары сапамен және ақпарат беру деңгейімен ерекшеленеді. Мен үшін зиялы қауымның көңіл-күйін білу маңызды. Газеттерді шығару процесі мен оларды оқу мәдениеті ешқашан үзілмеуі тиіс. Біз бұл істе сабақтастықты сақтауға тиіспіз. Бұл барлық өркениетті елдерде қалыптасқан дәстүр», деген еді.
Бүгінде «Казахстанская правда» газетінде жоғары деңгейдегі кәсіби тілшілер, отандық журналистиканың үздік дәстүрлерін абыроймен жалғастыратын Қазақстан патриоттары жұмыс істейді», деп атап өтті Дихан Қамзабекұлы.
Еске салайық, 2021 жылғы наурызда екі жетекші республикалық газеттер «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» біріктіріліп, «Қазақ газеттері» ЖШС-іне енді.
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» 105 жыл толуымен құттықтаған хатында: «Осы уақыт ішінде қос басылым қазақ журналистикасының темірқазығына, ұлт баспасөзінің ұстынына айналды. Мұнда қаламгерлеріміздің бірнеше буыны шеберлігін шыңдады. Газет беттерінде біртуар перзенттеріміздің қолтаңбасы қалды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға айрықша мән береді. Журналистерді әлеуметтік қолдау мәселесін де назарда ұстайды. Сіздер өз міндеттеріңізді мінсіз атқарып, мәртебелі мамандыққа деген адалдықтың озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға бақ-береке, шығармашылық шабыт және мол табыс тілеймін», делінген.
Шарада сонымен қоса, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтің, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Аида Балаеваның, Астана қаласы әкімдігінің, газеттер редакцияларының, қоғамдық ұйымдар және т.б. «Құттықтау хаттары» табысталды.
Сонымен қатар, Ресей, Белоруссия, Әзербайжан редакцияларынынан келген «Құттықтау хаттар» оқылды.
Шарада салтанатты түрде «Казахстанская правда» газетінің бірнеше қызметкері марапатталды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен Доброто Любовь Дмитревна (Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша газеттің меншікті тілшісі), Фоменко Юрий Владимирович (газеттің экономика бөлімінің меңгерушісі), Тұрысбекова Айгүл Жәлелқызы (Алматы корпункті бойынша аға тілші) «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ, сала министрлігінің Құрмет грамоталарымен, Әсет Жөкенұлы Сыздықов, Павел Григорьевич Цедилинге табысталып, министрліктің Алғыс хаты Марина Антоновна Демченкоға табысталды.
2003-2004 жылдары ҚР Ақпарат министрі болған және 2000-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» газетін басқарған Сауытбек Абдрахманов ұжымды құттықтап, тұщымды ойларын ортаға салды.
«Конференция атауын дәл атапсыздар. Сіздер үлкен жолдан өте лайықты өттіңіздер. Қиын, күрделі, кейде қарама-қайшы, бірақ бәрібір даңқты тарих – Қазақстан жылнамасын шебер кәсібилікпен жасадыңыздар. Баспасөз сөзі – классикалық журналистика саналады. Дәл осы формат ұзақ уақыт бойы қоғамдық пікірді қалыптастырудың негізгі тәсілі болды.
Баспасөз сөзі – айтылған сөздердің дұрыстығына және беделіне ең көп кепілдік береді. Жуырда «Егемен Қазақстан» газетінде «Астанадағы Президент резиденциясы Ақорда атанды» деген шағын мақала жарияланды, онда газет басшылығының мемлекет басшысының жаңа резиденциясын «Ақорда» деп атау туралы ұсынысы туралы (Мысалы: «Мәскеу, Кремль», «Вашингтон, Ақ үй», «Париж, Елисей сарайы») жазылған. Жазба үлкен резонанс туғызды. Бұрын бұл туралы жазғанбыз ғой, жекелеген кітаптарда, атап айтқанда, Жанболат Аупбай мен Қали Сәрсенбайдың «Журналист - өмір барлаушысы. Журналистика - өмір мектебі» кітабында. Бірақ газет жазбасы түрінде пайда болғаннан кейін ғана сол факті көпшілікке кеңінен таралды.
Газет мақалалары тарихи құжат ретінде де сақталынады. Газет журналистикасында, әдетте, тереңірек контент бар. Қағаздан оқу мәтінге тереңірек бойлауға ықпал ететіні, адамдар тактильді сезімнің арқасында қағазда оқылған ақпаратты жақсы есте сақтайтыны баяғыда-ақ дәлелденген», деді Сауытбек Абдрахманов.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов 50 жыл бойы «Қазправданың» тұрақты оқырманы болып табылады, ол барлық заңнамалық актілер жарияланатын мемлекеттік саясаттың өкілі болып саналады.
«Басылымның бүгінгі жағдайы – сіздердің ұзақ және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Кезінде газеттің қоғамдық дамудың неғұрлым өзекті мәселелері бойынша жалпыға бірдей танылған диалог орталығына айналуына қалыптасу кезеңінде көптеген қиындықтарды еңсеруге тура келді. Басылымның Қазақстанның ұлттық идеясын іске асырудағы, гуманитарлық идеяны насихаттаудағы рөлін ерекше атап өткен жөн. Газет конституционализм қағидаттары идеясын іске асыруға елеулі үлес қосады, газет арқылы теория мен практиканың өзара байланысы, қоғамның өзгермелі үрдістерін терең әрі жан-жақты зерттеу қамтамасыз етіледі», деді ол газеттің шығармашылық ұжымына.
Әрине, цифрландыру дәуірінде баспа БАҚ күрделі кезеңдерді бастан өткеріп жатыр, себебі таралымдар мен оқырмандар азайған. Дегенмен, баспа сөзі интернет-ресурстармен салыстырғанда неғұрлым беделді және сенімді ақпарат көзі ретінде жиі қабылданады. Осы орайда, «Простор» әдеби-көркем журналы бас редакторының орынбасары Любовь Шашкова «Қазправданың» оқырмандармен тығыз байланысты сақтау бойынша көп жылдық тәжірибесі бар деп санайды.
«Қазправда» мәдениет және қоғам қайраткерлері мен жазушылардың сөздерімен әрдайым қуатты болып, Олжас Сүлейменов, Геннадий Толмачев, Валерий Поляков және басқа да көрнекті тұлғаларды басылым беттеріне тартқан. «Қазправда» сияқты үлкен газеттердегі әдеби беттерді қайта жандандырған дұрыс болар еді. Жазушылармен мұндай ынтымақтастықтың кең аудиторияға зор ықпалы бар екеніне сенімдімін», деді журналист.
ҚСЗИ медиажобалар бөлімінің басшысы Жанар Тулиндинованың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев негізгі тезистерді баспа БАҚ-тарда баяндауды жөн көреді, себебі халық оларға үлкен сеніммен қарайды.
«Баспасөз сөзі - өзектілігін жоғалтпайтын сапалы дәстүрлі журналистиканың өзегі. Статистикаға жүгінсек, 5 мыңға жуық тіркелген отандық БАҚ-тың басым бөлігі баспасөз басылымдары. Бұл – «баспасөздің уақыты өтті» деген пікірдің асыра айтылғанын білдіреді. Егер медиа тұтыну процедурасына қарайтын болсақ, онда отандастарымыздың 57% әлеуметтік желілердегі ақпаратты қарайды, желілік басылымдардың 43% және 4% баспа БАҚ-ты қалайды. Алайда бұл – бедел көрсеткіші емес. Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» сияқты газеттердегі мақалаларын баспа БАҚ-та жариялау дәстүрге айналды», деп түйіндеді сарапшы.
Шара соңында «Казахстанская правда» газетінің ардагерлері жинаған тәжірибелерін тілге тиек етіп, еңбек еткен жылдарындағы қызықты естеліктерімен бөлісті.