Қаржы • 21 Қаңтар, 2025

Ұлттық қор: меже мен мүмкіндік

101 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлттық қор – ел болашағының қаржылық іргетасы. Былтыр сәуірде Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы жария­лап, сол уақытқа дейін Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға жеткізу мақсатын көздеген болатын. Сол межеге жетуге бес-ақ жыл қалды, ал бүгінгі ахуал­дан мұндай биікке көтерілу жолы бұлыңғыр көрінеді.

Ұлттық қор: меже мен мүмкіндік

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Әлеуметтік-экономикалық да­­му  болжамына сәйкес мұнай бағасы бар­реліне 75 доллар шамасында болса, Ұлттық қорға түсімдер 2025 жылы 5,8 трлн теңгеден 2027 жылы 6,7 трлн теңгеге дейін өседі. Бірақ осы баға тұрақты сақталады дегенге кім кепіл? Әлемдік нарықтың тұрақсыздығы, АҚШ-тың мұнай бағасын төмендетуге деген ұмты­лы­сы мен қара алтынның жыл са­йынғы құнының мардымсыз өсуі бұл болжамдарды күмән астына алады. Халықаралық валюта қоры­ның дерегіне сүйенсек, 2024–2025 жылдары әлемдік экономиканың өсу қар­қыны 3,2–3,3% белгісіне жақын тұрақ­тап, кейінгі үш жылда алғаш рет төмендемеді.

АҚШ пен Еуроодақтағы инфля­­­ция­ның 2%-дық нысанаға жақын­дауы осы елдердегі ақша-кредит сая­сатын одан әрі қалып­қа келтіруге жағдай жасайды. Осының бәрі Қытайдың бюджет шығындарын ұлғайту жоспарларымен үйлес­кен­де, биылғы жа­һандық эко­номикалық белсен­ді­лік арта түс­пек. Алайда Ақүйдің жаңа әкім­шілігі келгеннен кейін әлемдегі ең ірі экономикалар мен мүмкін болатын геосаяси өзгеріс­тер ара­сындағы сауда қаты­нас­тарының бола­шағына қатысты айтар­лықтай бел­гісіздік те бар. Жалпы, экономика елең-алаң за­ман­ға тап келіп тұр.

Былтыр қор­ға жалпы 8,8 трлн теңге түссе, соның 5,6 трлн тең­ге­сін алып қойдық. Оның 2-еуі кепілдендірілген трансферт ре­тінде, 3,6 трлн теңгесі мақсатты трансферт ретінде алынған. Бас­қару мен аудит шығындарына 21,5 млрд теңге жұмсалған. Алғаш­­қы­да 2024 жылға арналған бюджетте мақсатты трансферт көлемі 1,6 трлн теңге деп белгі­лен­ген еді. Бірақ жыл соңына қарай бюджет тапшылығының артуына байланысты Үкімет қо­сымша 2 трлн теңге сұрап, трансферт көлемін 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабыл­­дан­ды. Келер күнге деп жинап жатқан ақшаның жартысынан көбі жаратылып кетті. Сөйтіп, қорымыз бір жылда 3 трлн теңгеге ғана өсті. Демек былтырғы қаң­тарда қоржынымызда 29,8 трлн теңге болса, қазір 33 трлн теңгеден сәл асың­қырап тұр. Бұл ақпаратты Қаржы ми­нистр­лігінің Ұлттық қор түсімдеріне қатысты есебінен алып отырмыз. 2024 жылы жалпы 8,82 трлн теңге түскен. Оның ішінде 3,8 трлн теңге – мұнай секторының салықтарынан, 4,98 трлн теңге инвестициялық кіріс­тен (қордың активтері әртүрлі құнды қағаздарға және басқа құ­рал­дарға инвестицияланған) жи­нал­ған.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қор алпа­уыт екі ком­пания­ның арқасында, дәлірек айтсақ, ак­ция­ларынан едәуір табыс тапқанын айтқан-тұғын. Былтыр 1,3 трлн теңгеге сатып алынған «ҚазМұнайГаз» акция­лары 400 млрд теңге кіріс әкелсе, «Қазатомөнеркәсіптің» 467 млрд теңгеге сатып алынған акциялары бүгінде 600 млрд теңгеге бағаланып отыр. Осылайша, қор 500 млрд теңгеден астам пайда тапты. Бірақ бұл табысты көріп, көңіл тоғая қоймайды. Өйткені Ұлттық қор қара­жатының қозғалысы әлі де теріс тең­герімде.

Үкімет 2025 жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге кепіл­ден­ді­ріл­ген трансферт ретінде, 3,25 трлн теңге мақсатты трансферт алуды жоспарлайды. Тек 2026 жылдан бастап мақсатты трансферттерден бас тарту көз­деледі. Жақында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаң­ғыр­ту» ұлттық жобасы бекітілді. Оны іске асыру, әрине, жобада көрсетілгендей толық көлемде өтсе, сектордағы револю­ция­ның бір түрі болуы мүмкін. Өйткені жоба аясында тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылым түгел­ге жуық жа­ңар­тылмақ. Жоба бары­сын­да 86 мың шақырым желі жаңар­тылып, тозу деңгейі 2030 жылға дейін 40%-ға дейін төмендетіледі. Құны – 15 трлн теңге, оның 1,4 трлн теңгесі бюджеттен, қалғаны – сыртқы көздерден. Қаржыландыруға Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражаты тартылып, төмен пайыздық несиеге субсидия бері­леді. Ұлттық банк мәліметіне сүйен­сек, былтыр желтоқсанда қор­дан республикалық бюджеттің трансферттеріне деп 900 млн доллар сатылған. Ал биыл Үкіметтің республикалық бюджетке трансферт бөлу туралы алдын ала болжамды өтіні­мінде қаңтарда 750-ден 850 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылуы мүм­кін.

«Ұлттық қордың сауда-саттық­тағы үлесі 17% немесе күніне шамамен 43 млн доллар болды. Ұлттық банк Ұлттық қор қара­жа­ты­мен операциялар жүр­гіз­генде нарықтағы бей­тараптық қағидатты сақтайды», деп жазды бас банк мамандары.

Айтпақшы, бас банк өткен желтоқсан­да валюталық интер­вен­ция жүргізген. Айдың қоры­тын­ды­сында валюта сату көлемі 307,6 млн долларды құрады. Қарапайым тілмен түсіндірейік. Бұл әрекет теңге бағамының шамадан тыс ауытқуын азайту мен нарықта тұрақ­тылықты сақтау мақсатында жасалды. Мұндай араласу «валюта интервенциясы» деп аталады. Қараша айында Ұлттық банк валюта нарығында 1 млрд доллар сатқан. Бұл үлкен көлемді теңге бағамын тұрақтандыруға қажет. Ал желтоқсанда интервенция көлемі айтарлықтай азай­ған. Бұл болса валюта нарығын­да­ғы жағ­­дайдың біршама тыныш­тал­­ғанын көрсетеді. Бас банк валюта бағамының күрт құбылуы эко­но­микалық тұрақсыз­дық­қа алып келетінін түсінеді. Сондықтан теңге бағамын қолдау үшін шетел валютасын сату тиімді. Ол арқылы нарықтағы ұсыныс пен сұранысты реттейді. Мұндай шаралар теңгенің шамадан тыс әлсіреуіне жол бер­мейді.

Ұлттық қор – сандар мен актив­тер­дің ғана жиынтығы емес. Ол – халықтың үміті, ұрпақтың сенімі, мемлекеттің тұрақтылығы. Бірақ қазіргі қаржылық саясаттың бұл сенімді қан­шалықты ақ­тай­тыны белгісіз. Ер­теңімізге жауапты бү­гінгі шешімдерде көре­гендік жетпесе, Ұлттық қор көздеген 100 млрд долларлық меженің елесі де алыс­та қала бермек.