Заң мен Тәртіп • 21 Қаңтар, 2025

Заң үстемдігі индексі: Еліміз қай деңгейде?

299 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономи­калық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында азаматтар­дың құқығын қорғау саласында кешенді шаралар қолға алын­ғанын айта келіп: «Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқа­сында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыт­тағы маңызды реформаларды жал­ғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқ­татпаймыз», деп мәлімдеді. Ал елімізде заң үстемдігін орнатуға ба­ғыт­талған қадамдар оң нәтиже бере бастағанын «World Justice Project» ха­лық­аралық үкіметтік емес ұйымының Заң үстемдігі индексі растап отыр.

Заң үстемдігі индексі: Еліміз қай деңгейде?

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «ЕQ»

Аталған зерттеу 2010 жылдан бері статистикалық деректер мен сарапшы-заңгерлер арасында жүргізілген жаһандық сауалнама негізінде әзірленіп келеді. Оның объектісі болған мемлекеттердің рейтингісі 0-ден 1 балға дейінгі мәндер бо­йынша есептеледі. Қазақстан Заң үстемдігі индексіндегі өзінің көрсеткішін 2022 жылдан бастап жақсартып келеді. Сол жылы алғаш рет 0,53 балл жинады. Осы көрсеткіші бұрнағы жылы да қайталанып, 142 елдің ішінде 65-орынды еншіледі. Ал былтыр 0,54 балл алып, 64-орынға көтерілді.

Әлемде салыстырмалы тұрғыда заң үстемдік құрған 10 елдің қатарына Дания (0,90 балл), Норвегия (0,89 балл), Финляндия (0,87 балл), Швеция (0,86 балл), Германия (0,83 балл), Люксембург (0,83 балл), Нидерланд (0,83 балл), Жаңа Зеландия (0,83 балл), Эстония (0,82 балл) және Ирландия (0,82 балл) кірген. Ал заңдылықты сақтауда көш соңында қалған 10 ел – Венесуэла (0,26 балл), Камбоджа (0,31 балл), Ауғанстан (0,32 балл), Гаити (0,33 балл), Никарагуа (0,34 балл), Мьянма (0,34 балл), Конго Демократиялық Республикасы (0,34 балл), Судан (0,35 балл), Мысыр (0,35 балл) және Мавритания (0,36 балл). Көршілес, экономикалық одақтас және бауырлас мемлекеттердің көрсеткіштері біздің елдікінен біршама төмен. Өзбекстан – 0,49 балмен 88-орынды, Қытай – 0,47 балмен 94-орынды, Беларусь пен Қырғызстан – 0,45 балмен тиісінше 101 және 104-орындарды, Ресей – 0,43 балмен 114-орынды, Түркия – 0,42 балмен 117-орынды місе тұтты.

Заң үстемдігі индексі 8 маңызды фактор арқылы айқындалады. Соның ішінде «Тәртіп және қауіпсіздік» факторы бойынша еліміз 2022 жылдан бері, яғни үш жыл қатарынан бұрын-соңды болмаған көрсеткішке – 0,80 балға қол жеткізіп, 43-орынды еншілеп отыр. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесі.

«Заңдардың орындалуы» факторы бо­йынша еліміз бұрнағы жылғы 0,52 балдың орнына 0,53 балл жинап, 61-орыннан 58-орынға көтерілді. Президент ұсынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы осы саладағы жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталған.

«Сыбайлас жемқорлықтың болмауы» факторы бойынша еліміз өз көрсеткішін 2023 жылғы 0,48 балдан былтыр 0,50 балға дейін жақсартып, 63-орыннан 59-орынға жоғарылады. Бұл – кейінгі он жыл ішіндегі ең үздік нәтиже. Қазіргі кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және басқа құқық қорғау органдары мемлекет қазынасына суық қолын салған сұғанақтарды жиі әшкерелеп, сот арқылы тиісті жазаға тартып жатқанын ескерсек, осы саладағы ілгерілеу еш күмән тудырмайды.

«Билік институттарының өкілеттіктерін шектеу» факторы бойынша Қазақстан екі жыл қатарынан 0,45 балл алып, 102-орында тұр. Ал «Билік институттарының ашықтығы» факторы бойынша бұрнағы жылғыдай 0,47 балл алғанымен, 84-орыннан 78-орынға көтерілді. Бұл өткен жылы әлемдегі кей мемлекеттердің өз позицияларынан айырыла бастағанымен байланысты.

«Негізгі құқықтарды қорғау» факторы бойынша Қазақстан кейінгі үш жыл бойы 0,46 балдан жинап, 100-орыннан былтыр 97-орынға көтерілді. Бұл фактор 8 қосымша факторға негізделген. Олардың төртеуі бо­йынша ілгерілеу бар. Соның ішінде рейтингке қатысқан мемлекеттердегі діни ахуал зерттелген «Сенім және дін бостандығы» қосымша факторы бойынша еліміз бұрнағы жылғы 0,54 балдың орнына 0,58 балл алып, 112-орыннан 105-орын­ға дейін көтерілді. «Пікір бостандығы» қосым­ша факторы бойынша бұрнағы жылдағыдай 0,38 балл жинағанымен, кейбір елдердің осы саладағы жағдайы нашарлауына байланысты 122-орыннан 119-орынға шықты. «Жиналыстар мен бірлестіктер бостандығы» қосымша факторы бойынша бұрнағы жылғы 0,37 балдың орнына 0,4 балл алып, 127-орыннан 125-орынға көтерілді. Адамдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы және жынысы, қай этносқа жататыны, діні, азаматтығы, жыныстық бағдары сынды белгілері бойынша құқықтары зерттелген «Тең құқықтылық және кемсітушілік болмауы» қосымша факторы бойынша бұрнағы жылғымен бірдей (0,59 балл) көрсеткішпен былтыр 62-орыннан 61-орынға ілгеріледі. Алайда «Адамның өмір сүруге және қауіпсіздікке құқығы» қосымша факторы бойынша бұрнағы жылғы 0,51 балдың орнына 0,48 балл ғана алып, 80-орыннан 84-орынға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіште адамдардың өмір сүру және жеке басына қол сұғылмаушылық сынды құқықтарының бұзылуы, соның ішінде құқық қорғау органдары мен билік тарапынан қатыгездік көрсетілу деректері ескеріледі. «Еңбек құқығы» қосымша факторы бойынша бұрнағы жылғы 0,54 балдың орнына 0,53 балл ғана алып, 87-орыннан 91-орынға түсті. Бұл көрсеткіште еңбекке ақы төлеуде теңдік болуы және жұмысқа алу кезінде кемсітушілікке жол бермеу мәселелері назарға алынады. «Іс жүргізу құқығы» қосымша факторы бойынша 74-орыннан 76-орынға төмендеді. Өйткені бұрнағы жылғы 0,46 балдың орнына былтыр 0,45 балл ғана алды. Бұл қосымша факторда әртүрлі қылмыстар бойынша айыпталушылардың кінәсіздік презумпциясына, тұтқындауға, азаптауға, заңгерлік көмек көрсетуге және түзеу мекемелеріндегі жағдайларына қатысты құқықтарының бұзылуына баса мән беріледі. «Құпиялылық құқығы» қосымша факторы бойынша Қазақстан бұрнағы жылғы деңгейін сақтап, 0,28 балмен 105-орынға табан тіреді. Бұл көрсеткіш рейтингке қатысушы мем­лекеттердің өз азаматтарының жеке өміріне араласуға жол бермеу дәрежесіне негізделеді.

«Азаматтық сот төрелігі» факторы бо­йынша еліміздің рейтингі жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2022 жылы 0,61 балмен 43-орынды еншілесе, бұрнағы жылы 0,63 балмен 36-орынға, былтыр 0,62 балмен 35-орынға көтерілді.

Өкінішке қарай, «Қылмыстық сот төрелігі» факторы бойынша жағдай керісінше болып тұр. Қазақстан 2022-2023 жылдары 0,47 балмен сәйкесінше 62 және 61-орындарға тұрақтаған болса, былтыр 0,46 балл ғана алып, 66-орынға дейін төмендеді. Бұған кейінгі кезде қылмыстық істерді қараған судьялардың парамен ұсталу оқиғалары жиілеп кеткені себеп болғаны анық. Мысалы, өткен жылы Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, Талғар аудандық сотының судьясы пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, бас бостандықтарынан айы­ру жазасына кесілді. Бұған қоса Маңғыстау облысы Ақтау қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданара­лық сотының судьясы пара алды деген күдікпен ұсталды. Демек еліміздің сот жүйесі са­ласында қалыптасқан жағдайға Заң үстем­дігі ин­дексінде сыни да әділ баға беріліп отыр. Одан тиісті қорытынды шығарылса, құба-құп.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында 2030 жылға қарай Заң үстемдігі индексі бойынша кемінде 0.60 балға қол жеткізу көзделген. Осы айқын мақсатты абыроймен орындау үшін құқық қорғау саласындағы реформаларға мүдделі мемлекеттік органдармен қатар, азаматтық қоғам да белсене атсалысуы керек.