
Сурет БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен
Батыс Қазақстан өңірінде көктемгі су тасқыны биыл да болуы мүмкін деген болжам бұрын да айтылған еді. Сондықтан облыста табиғат сынына дайындық қызу жүріп жатыр. Жаз бойы Жайық өзенінің жағалауы бекітіліп, су басу қаупі бар аумақтарда жалпы ұзындығы 102 шақырым болатын 54 қорғаныс бөгеті тұрғызылды. Төтенше жағдай туа қалса, жұмыла кетуге 1817 техника, 4 мыңнан астам маман сақадай-сай тұр.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмысы былтырғы су тасқыны зардаптарын жою ісімен бірге жүрді. Мамандар жаз кезінде-ақ қауіпті жерлерді зерттеп, соның нәтижесінде алдын алу жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді.
Жақында облыс әкімдігінде көктемгі тасқынға дайындық барысын пысықтаған тағы бір жиын өтті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл мәселенің Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті. Басқосуда су басу қаупі бар аумақтарда тасқынның алдын алуға дайындық барысы жөнінде жауапты тұлғалар есеп берді. Соның ішінде су қоймалары мен тоғандардың жағдайы ерекше бақылауға алынған. Қазір барлық су өткізетін арналардың тазалығы пысықталып жатыр. Ықтимал су тасқынын жоюға арналған күш пен құралдардың, қорғаныс бөгеттерінің дайындығы күн тәртібінде тұр.
«Көктемге барынша дайын болуымыз керек. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы жүргізу қажет. Орал, Ақсай қалалары мен барлық аудан әкімдеріне, тиісті мекеме басшыларына осы жұмысты күшейтуді ескертемін», – деді облыс әкімі Н.Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысы