Кино • 22 Қаңтар, 2025

Тұлғалар туралы телехикая түсірілді

138 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Келесі жылы ғасырлық мерейтойы аталып өтетін Қазақ театрының тарихы халықтық байырғы шығармалардың сахналануымен және осы жұмыстың бастауында тұрған тұлғалар есімімен тікелей байланысты. Бұл тұлғалардың ішінде Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Жұмат Шанин, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев бастаған қайраткерлер бар. Олар халқымыздың ежелгі әдеби шығармаларын театр өнерімен шебер ұштастырып, опера, пьеса, спектакль, симфония ретінде жарық көруіне өлшеусіз үлес қосты, ұлттық өнерге үлкен олжа салды.

Тұлғалар туралы телехикая түсірілді

Қазақ музыка және театр өнерінің 1930–1940 жылдардағы та­рихы жөніндегі төрт сериа­лы телехикая жарық көрді. Бұл – отандық телевизия са­ласындағы, руханият пен театр­ өміріндегі елеулі оқиға. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген телехикая «Жел үстіндегі вальс» деп аталады. Телетуынды – әлем­дік музыка мен қазақ мә­­де­ние­ті­не шоқтығы биік шы­­ғар­малар тарту еткен көр­нек­ті тұл­ғалардың өмірі мен шы­ғар­машылық жолын, таны­мал музыкалық туындылардың жа­зылу және сахналану тарихын баяндайтын тұңғыш көпсериялы жоба. Драмада Ахмет Жұбановтың рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театрының ак­тері Қайрат Нәбиолла, Мұқан Төлебаевтың рөлін осы театрдың актері Мерей Мұх­тарұлы, Евгений Брусилов­ский рөлін М.Лермонтов атын­дағы мемлекеттік ака­де­миялық орыс драма театры­ның актері Филип Волошин, Латиф Хамиди рөлін актер Бекзат Азаматұлы сомдайды.

Телехикаяда Бейімбет Май­лин, Құрманбек Жандар­беков, Шара Жиенқұлова, Қанабек пен Күләш Байсе­йітовтер, Жұмат Шанин, Темір­бек Жүргенов, Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұба­нов, Ғабит Мүсірепов, Құддыс Қожамияровтардың бейнесі көрініс табады.

Фильм туралы әлеуметтік желіде жүрекжарды жазбалар жарияланды. Мысалы, белгілі қаламгер Жүсіпбек Қорғасбек телехикаяда сөз бен саздың ерекше үйлескенін атап өтіп, қазақ музыкасының аңыз дә­уірі туралы «Алтын қорға» қосылатындай орнықты телесериал түсірілгенін жазды. Ал туындыдағы бас кейіпкер Ахмет Жұбановтың немере­сі Тұрар Жұбанов (Болат Ахметұлы Жұбановтың ұлы) «телехикаяны толық қарап шықтым, сәтті картина, көңі­лімнен шықты», деп жазба қалдырған.

Телехикаяда халық музыкасын жинақтау мен нотаға түсіру жұмысындағы ұлт қай­раткерлерінің саяси және тұрмыстық қиындықтарға қарамастан мол мұра қалдыра білгені, өнерге деген шексіз адалдығы жүрек қылын шер­те­тін музыкамен өріліп, шебер суреттеледі.

«Телехикаядағы музыка камера қозғалыстары сынды бір нәрсені көрерменге мең­зейтін өзіндік тілі бар элемент ретінде қолданыс тап­қан. Актерлердің шеберлігіне көз тояды, табиғи. Сондық­тан да болар, кейіпкерлерден мазасыздық байқалады. Бұл мазасыздық сол 1930–1940 жыл­дардың аумалы-төкпелі аурасын бе­ру үшін тамаша құралға айнал­ған», деп жазды кино және медиа сыншы Молдияр Ергөбек.

Тарихи туынды түсіру – кино­индустриядағы күр­делі шығармашылық жұмыс­тардың бірі. Картина авторлары «Жел үстіндегі вальс» сериалын түсіру кезінде сол заманға сай локациялар табу қиын болғанын алға тартады. Түсірілім жұмыстары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, «Қазақконцерт», Жамбыл атындағы филармония секілді елдегі танымал тарихи ғимараттарда өткен және сол уақыттың лебі экран арқылы сезіліп тұр. Теле­хикаяның қоюшы-ре­жис­сері көрерменге бұған де­йін «Дос Мұқасан», «Қара шаңырақ» секілді өміршең туындыларымен таныс Айдын Сахаман музыкалық аспаптар мен реквизиттерге байланысты біраз қиындық болғанын айтады. Әсіресе сол заман сипатына сай рояль табу және оны тасымалдау оңайға соқпаған. Ал сценарий авторының бірі Евфрат Шарипов тарихи телехикая көркемдік тұр­ғыдан тартымды болуы үшін нақты оқиғалардан шама­мен 30 пайызға дейін ал­шақтауы мүмкін екенін атап өтті. Дегенмен сценарий авторы архивтік материал­дарды мұқият қарап, терең тал­дау мен зерттеуден соң ғана мәтін жазуға отырған. Көркем туындыда тарихи оқи­ға­лардың күрделі сипа­тына байланысты кейбір эпи­зодтардың біріктірілгені, кей­бір кейіпкерлердің рөлі өзгер­тілгені байқалады. Жал­пы, те­ле­хикая тарихты оқы­ту­ды емес, танымдық және көр­кемдік мақсатты көздейтінін білсек, бұл әбестік емес.

Белгілі драматург және театр шолушысы Ольга Ма­лы­шева: «Бір телехикаяда то­ғысқан тарихи тұлғалардың көптігі сонша, телехикая кез келген театр және өнерсүйер көрерменді бейжай қалдыра алмайды», деп жазды.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы кейінгі бес жыл­да көрерменге ұлт қайраткер­лері мен тарихымыздың ай­шық­ты оқиғалары туралы 20 телехикая ұсынып, телесе­риал өндірісінде тыңнан түрен салғаны белгілі.

«Жел үстіндегі вальс» дра­масы бір телехикая ше­гінде тұтас кезеңді қамту ауқы­мы мен сол тұстағы ірі қай­раткерлер өмірін, оқиғаларды мазмұнды жеткізу тұрғысы­нан көрерменнің ғана емес, кино, театр, әдебиет сала­сы мамандарының оң баға­­сын алды. Бұл – бүкіл шы­ғар­­ма­шылық топтың еңбегі. Кор­порация тарихты таныту бағытындағы телехикаялар өндірісін алдағы уақытта да жалғастырады. Өткен жылы Қазақ телевизиясының тарихына, 1920–1930 жылдардағы тұңғыш жоғары оқу орны Қазақ педагогикалық инсти­тутының құрылу тарихы мен ондағы қызмет еткен ұлт зия­лыларының еңбек жолына арналған сериалдар эфирге шықса, биыл ұлттық театрдың 100 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығына орай түсірген сериалдарымыз көпшілікке ұсынылады. Жеңіс тарихына арналған телехикая Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінің желісімен түсі­рілді», дейді «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай.

Телерадиокорпора­ция ке­йінгі бес жылда тек тарихи ба­­ғытта 20-ға жуық теле­хи­кая түсірген. Олардың ішін­де «Абай», «Әл-Фараби», ­«Мұқ­а­­­ғали. Бұл ғасырдан емес­­пін», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Мір­­жақып. Оян, қазақ!», «Әл­кей. Ғұлама ғұмыр», күй ана­сы Дина Нұрпейісоваға арнал­ған «Дина. Күй құдірет» сын­ды тұлғатану бағытын­да­ғы с­ериалдар циклін ерек­ше атап өтуге болады.

«Жел үстіндегі вальс» те­ле­визиялық туындысы да – отандық кино мен мәдени мұ­рамыздың қоржынына өткен жылы түскен ең үл­кен олжаның бірі. Туын­ды­ның сценарий жобасы 6–7 ай жазылған. Бұған теле­хи­кая­ның жалпы бағыты мен жан­рын және драматургия­сын айқындауға, тарихшы­лармен кеңесуге кеткен уақыт­ты қосыңыз. Тұтас бір ке­зеңді қамтитын сюжеттік же­ліде актерлердің гримі мен костюмдері де кәсіби тұр­ғыда қойылғаны көрермен көңі­лінен шықты.

Сондықтан телехикая қо­ры­мызды құнды туынды­мен толықтырып қана қой­май, музыка мен театр өнері­нің жаңа қырын ашты. Он­дағы кейіпкерлердің келбеті мен тарихи және саяси оқи­ға­лардың бүгінгі заман тұр­ғысынан алғандағы маңызы жас ғалымдар тарапынан қо­сымша зерттеулер жүр­гізуге, ал кино мен медиа сала­сы­ның мамандары үшін тақы­рып­­ты әрі қарай өрбітіп, өрісте­тіп, тың дүниелер түсіруге ой салары сөзсіз.