Былтыр облыстағы «Эллада» грек этномәдени бірлестігі өзінің 20 жылдығын тойласа, ал осыдан он жыл бұрын құрылған «Сагдиана» өзбек этномәдени бірлестігінің мерейтойы Ассамблеяның 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазір 19 ұлттық этномәдени бірлестіктің басын бір шаңырақ астында тоғыстырып, ұлттар мен ұлыстардың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасап отырған облыстық «Достық үйі» ұжымының еңбегі ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын жергілікті жерде лайықты атап өту мақсатында атқарылып жатқан шаруалар және өзге де мәселелер жөнінде «Достық үйінің» директоры Роза БЕРКЕШЕВАМЕН жолығып, әңгімелесудің сәті түскен-ді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында ел халқының алдына бірнеше міндет қойды. Соның ішінде, аймақтардағы Достық үйлерін елімізде тұратын этностық топтардың тек өз мәдениеті мен дәстүрін, тілі мен тарихын үйрететін орталық ретінде ғана емес, азаматтық бастамаларды іске асырудың негізгі тетігі ретінде қарастыруды әрі «Достық үйлері» бір орында тұрып қалмай, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі тиіс дегенді баса айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасы аймақта қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатыр?
– Елімізде татулық пен бейбітшілікті нығайтуға ұйытқы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл – 20 жыл. Осы уақыт аралығында, яғни ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы бола білген Ассамблея өзінің өміршеңдігін көрсетіп, бейбіт қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы бола алды. Кезінде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне сан түрлі ұлт өкілдері қоныстанғаны белгілі. Бүгінде Ақтөбе өңірінде 90-ға тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті, береке-бірлікте тіршілік етуде. Олар осы кезеңдерде тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.
Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ашылып, аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өз ана тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерттеп, ұлттық мәдени шараларын өткізуге мүмкіндік алды. Ал бұл істі одан әрі жетілдіру мақсатында 2007 жылы сол кездегі облыстық мәдениет басқармасы жанынан «Достық үйі» ұйымдастырылған еді. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің өз алдына дербес ғимараты болмағандықтан, олар ұйымдастырған шараларын кез келген жерлерде өткізуге мәжбүр болатын. Осылайша, 2009 жылдың қыркүйегінде Ақтөбеде «Достық үйі» ғимаратының салтанатты түрде ашылу рәсіміне Елбасының өзі қатысты. Президент салтанатты шарада:
«Біздің Қазақстан – көпұлтты. Әр ұлтқа өз мәдениетін, тарихын ұмытпауға, жаңғыртуға мүмкіндік берілген. Балаларға да өз ана тілін үйренуге жағдай бар. Оған дәлел – осы «Достық үйі». Мен үшін ең керемет концерт – Ассамблеяның концерті. Әр ұлттың өз мәдениетін көрсеткен сәті де өте әдемі. Сан ұлт өз тілінде ән шырқап, өз билерін билеген шақ бір әдемі гүл шоғыры іспеттес. Өмірдің гүл шоғыры!», – деген еді. Міне, содан бері аймақтағы 19 ұлттық этномәдени бірлестіктің өкілдері ұйымдастырған әрбір шара осы «Достық үйінің» кең залында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің көңілінен шығып жүр.
Бүгінде «Достық үйінің», оның ішінде этномәдени бірлестіктердің жұмысын жетілдіруге бағыт ұсталуда. Қазір бұрынғыдай емес, әрбір орталық ұйымдастыратын шаралар өз айналасын қамтып қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған мәртебелі меймандардың қатысуымен өтіп жатады. Этномәдени қоғамдық бірлестіктердің басшылары тарихи отандарының Қазақстандағы елшіліктерімен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасайды. Облысқа келген сапары кезінде Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Чеплак ұжыммен және поляктардың «Святло» этномәдени бірлестігі мүшелерімен кездесуінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың беріктігін атаған еді. Сол сапарында елшілік өкілі Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізге жер аударылған поляктардың жерленген орындарын іздеуге, сондай-ақ, жергілікті мұражайлармен жұмыс істеуге көмектесуге ықылас білдірген болатын. Бұл өтініштің орындалуына жергілікті билік тарапынан қолдау жасалды. Қазір ұлттар мен ұлыстардың қатысуымен халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын шаралар да өз кезегінде жоғары бағаланып жүр.
– «Достық үйі» ұжымының аудандармен байланысы қандай?
– Қазір Ақтөбе қаласынан бөлек аудандар арасында Мәртөкте ғана «Достық үйі» бар. Соңғы жылдары ұлттық этномәдени бірлестік мүшелері аудандарды аралап, жергілікті тұрғындарға өз өнерлерін көрсетіп, өңірде тұратын ұлттардың өнерлерін де насихаттап жүр. «Достық үйі» өнерпаздарының Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері – Әлия ауылына барып, салтанатты мерекелік концерт ұйымдастыруы жыл сайынғы дәстүрге айналды. Сол сияқты, корей этномәдени қоғамдық бірлестігінің шығармашылық ұжымы Әйтеке би ауданының Бөгетсай ауылы жұртшылығына мереке сыйлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында көрме ұйымдастырды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Жыл сайын Астана қаласында өткізілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы осындай мақсаттағы жұмыстардың дамуын ынталандырады.
– Сіздің ұжым Ассамблея жылын облыста лайықты атап өту үшін қандай шаралар ұйымдастыруды жоспарлауда?
– Биыл 6 ақпан күні елімізде Ассамблея жылына байланысты ресми түрде іс-шаралар бастау алады. Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында Ассамблея жылының туы көтеріледі. Солардың ішінде ерекше айтып кететін бір жоба бар. Ол — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын «Мың бала» байқауы. Бұл жобаның негізгі ұстанымы – Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің 1000 баласын мемлекеттік тілге үйрету. Жобаға ақтөбеліктер де қатысуға ниет етіп отыр.
Биыл сәуір айында өтетін «Қазақстан достықтың мекені» атты І республикалық этностық мәдениет фестивалі де осы Ақтөбеде ұйымдастырылады. Бұл шараға ел аймақтарынан көптеген қонақтар шақырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Ассамблея жылына орай облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдері арасында ХVI облыстық «Халық достығы» фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекені өткізу де ұлттар назарынан тыс қалмайды. Этностық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін «Тарихта ұмытылмас із қалдырған – Ұлы Жеңіс!», ел Конституциясының 20 жылдығына арналған «Достығым – мақтанышым» атты іс-шаралардың жобасы әзірленіп, оған дайындық шаралары басталып кетті. Осы жұмыстардың аясында оқушылар арасында «Менің елімнің тарихы» атты шығарма, сурет байқауларын өткізбекпіз.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл әрбір ұлттық этномәдени бірлестіктердің күндері кең көлемде атап өтіледі. Әрине, бұл шаралардың өз деңгейінде өтуіне ең бірінші кезекте біздің ұжым жауапты. Сондықтан, биыл ұжымды үлкен жауапты істер күтіп тұр.
Әңгімелескен
Арайлым НҰРБАЕВА,
журналист.
Ақтөбе облысы.