
Мақсат Толықбайдың айтуынша, ауылдағы жұрт осы азын-аулақ малының арқасында күн көріп, жан бағып жүр. Бірақ, елдегі бұқара баукеспе ұрылардан әбден зәре-зәп болған.
«Ақыры Президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін көрген шығарсыздар?! Маған да ондаған адам хабарласты. Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасар деп бес күн күттік. Алайда ешқандай реакция жоқ. Катонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін Ел басшылығына артып, яғни Президенттен көмек сұрап отыр», деді ол.
Депутаттың пікірінше, ауылдағы жұрт қойы қоралап, ірі-қара табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң полициядан әбден күдер үзген. Осы күнге дейін халықтың қаншама малы қолды болып, ұрланса да, тәртіп сақшылары бірде-бір «тышқақ лақтың» сайдан санын, құмнан ізін таппаған. Бұл полицияның не іздеуге құлықсыздығын немесе ұрымен ауыз жаласып, ымыраласып, ынтымақта жұмыс істеуі мүмкін екендігін білдіреді.
«Әуре сарсаңға түскен халық аудандық, облыстық ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырып, бастарын тауға да, тасқа да соғып әбден қажыған. Сонда да полицияға бәрі-бір. Жаны ашымастың, басы ауырмас. Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Баукеспелер Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де емен-еркін шайқап, жұрттың дымын қалдырмай, ерік-жігерлерін әбден құм еткен. Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайынның күдері үзіліп отыр. Ұры мен полиция сыбайлас болмаса жыл он екі айда бір жоқ табылар еді ғой. Дандайсыған ұрылар тіпті, айылын жияр емес», деді Мақсат Толықбай.
Оның айтуынша, ішкі істер органдары «Мал ұрлығы бойынша заң қатаң. Қылмыстық кодекс бойынша бұл орташа ауыр қылмыс. Аса iрi мөлшерде мал ұрлағандар 7 жылдан 12 жылға дейiн сотталады», деп халықты сендіргісі келеді. Ал іс жүзінде бәрі керісінше.
«Құрметті Ішкі істер министрі және оның елдегі барлық жеке құрамы! Сіздердің назарларыңызға!
Қазақ «Мал ашуы – жан ашуы» дейді. Жұрттың жан ашуын қоздырып, жарасына тұз себе бермеңіздер! Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны мына біз түгілі Сіз және Сіз басқарып отырған министрліктің жеке құрамы тоқтата алмайтыныңызды тағы да есіңізге салғым келеді. Халықпен ойнамаңыздар! Ойланыңыздар! Қайта жоғарыда аты аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын-алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраймын», деп сауалын қорытындылады Мақсат Толықбай.