
Майдангер ата сұлық жатыр. Өңсіз, тілсіз қалпында. Қанқасап майданда соғысып, одан кейінгі күйреп қалған халық шаруашылығын қалпына келтіру тұсында жан аямай еңбек ету оңай шаруа емес қой. Қызы Елена Казимировна «мазасын алмаңыздар» деп шыр-шыр етеді. Амал жоқ, көне құжаттарды, ілкідегі жазбаларды ақтарып, өмір дерегін іздестірдік.
Соғыс басталғанда Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша ауылында әке-шешесімен бірге тұрыпты. Зұлмат соғыстың зардабын майдан шебіне бармай-ақ сезінген. Қабырғасы қатып, буыны бекіп үлгермеген өрімдей жас алдымен тылдағы майданның ауыртпалығын арқалаған. «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен қаруланған барша ел күн-түн демей ұжымшар жұмысына жегілген. Бозбала Казимир Беймарт та көппен бірге зілмауыр жүкті арқалаған. Он сегіз жасқа толған соң майданға аттандырылған. Бірден ажал аңсаған оқ жаңбырша жуып тұрған алдыңғы шептен табылған. Әскери дайындығы кем, әлі мылтықтың түтінін иіскеп үлгермеген сарыауыз балапан іспетті өрімдей жастар ажал апанына тоғытылған кезде бұлардың взводы тегіс қаза болса керек. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей, көрер жарығы, татар дәмі таусылмаған болуы керек, жалғыз өзі тірі қалыпты. Уақыт табымен сарғайған естелігінен оқып көрдік. Ардагер былай жазыпты. «Біз вагоннан түсісімен ит тұмсығы өтпейтін қалың орманға беттедік. Командирлеріміз бізді жол-жөнекей бөліп жатты. Ал мен пулеметшінің қасынан табылдым. Майданға барар алдында Семейде бір ай пулеметшілердің оқуын оқыдым ғой. Взвод командирі үнемі қасымызда болды. Әлден уақытта қарша жауған оқтың астында қалдық. Барлық взвод қаза тапты. Жалғыз-ақ мен тірі қалдым».
Майдангер бұдан әрі бірінші Прибалтика майданында басқыншы жаумен шайқасқан. Әсіресе Кенисберг төңірегіндегі қырғын ұрысқа қатысқан. Жаудың танкісімен жекпе-жек қалған Казимир Борисович қайсарлықтың үлгісін көрсеткен. Майдан даласында екі рет жараланыпты. Жарылған снарядтың жарықшағы жауынгерді жұлындай ұшырғанымен, емделіп, қайтадан қатарға қосылған. Майдан даласындағы ерлігі үшін бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Майданнан соң Украинаның теміржол саласында машинистің көмекшісі болып бірер жыл еңбек еткен. Кейін туған топырағы Қазақстанға оралған. Тың және тыңайған жерлерді игеруге қатысқан. Зейнет демалысына шыққанша еңбектен қол үзбеген. Тағы да ақ қағазға түсірген соғыстың соңғы солдатының жазбаларына үңілдік. «Сызды окопта сақылдаған сары аяз сүйегімізге дейін жетіп жатқанда, бейбіт аспанның таңы жадырай бір жылытады-ау деген үміт медет болатын».
Бүгінгі жұрт ажалды, азапты шақтағы қорғасын оқ қарша борағанда сызды окопты паналаған боздақтардың аяулы арманын ұмытпаса екен.
Көкшетау