«Таза Қазақстан» • 24 Қаңтар, 2025

Қоршаған ортаны қорғау – өзекті мәселе

665 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін­де заманауи мемле­кеттердің, адам­зат қоғамының өркениет дәрежесі де дәл осы қоршаған ортаға көзқара­сымен өлшенеді.

Қоршаған ортаны қорғау – өзекті мәселе

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Былтыр Батыс Қазақстан облысының атмосферасы 40 мың тонна зиянды заттармен ластанған. Алайда бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіштің бірі дейді мамандар.

Жалпы, қоршаған ортаға әсер ететін негізгі 3 фактор бар: атмосфералық ауаға тарайтын зиянды заттар, жерге төгілетін сұйық өндіріс шайындылары, тұрмыстық қоқыс, қатты қал­дықтар. Осы мәселелерге қатысты Батыс Қазақстан облы­сындағы жағдайды саралап көрелік.

Көпшілікке белгілі, Батыс Қазақстанда мұнай-газ өнер­кәсібі жақсы дамыған. Бұл ел экономикасына қомақты қаржы құйып отырған маңызды өнді­ріс болғанымен, оның қорша­ған ортаға, табиғатқа тигізетін зиян-зардабы да аз емес. Бірақ ма­ман­дар заманауи технологияны пайдаланып, өндіріс зиянын барынша азайтуға қам қылады. Соның нәтижесі де шығар, бүкіл ел көлемінде ауаға таралған зиянды заттың тек екі пайызы ғана Батыс Қазақстан облысына тиесілі екен. «Біздің облыс – еліміз көлемінде экологиялық жағынан ең таза өңірдің бірі», дейді облыстық экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиев.

Жоғарыда айтқанымыздай, ауаны ең көп ластайтын сала – мұнай-газ секторы. Олардан коммуналдық шаруашылық мекемелері де қалыс­пайды. 2024 жылы өңірде ауаға тарал­ған зиянды заттардың 15,4 пайы­зын – «Қарашығанақ Петролеум Опе­рейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясы, 11,7 пайызын – «Жайықмұнай» ЖШС, 17,7 пайызын – «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына қарасты Орал магистралды газ құбыры басқармасы, 11,5 пайызын «ICM Recycling» ЖШС шығарған екен. Орал қаласын жылумен, ыстық сумен қамтып отырған «Жайықжылуқуат» мекемесіне бар­лық қалдықтың 6,2 пайызы тиесілі. Мұрат Шыманғалиұлының айтуынша, былтыр облыста ауаның бүлінуіне байланысты төтенше оқиға болмаған.

Ауаға тарайтын зиянды заттан бөлек, сумен шығатын қалдық та аз емес. 2024 жылы Батыс Қазақстан облысында 77,5 мың тонна зиянды сұйық шыққан. Мұның 7,5 мың тоннасы – «Батыс су арнасы», «Ақсайжылу­қуат», «Жайықжылуқуат» секілді коммунал­дық мекемелердің кәріз суы. ҚПО, «Жайықмұнай» секілді алпауыт компаниялар 70 мың тоннадай зиянды шайындыны жерасты қабатына айдап жіберген. Бұл оның қоршаған ортаға тигізер зардабын азайтқан көрінеді.

2024 жылы қоқыс полигондарына 158,6 мың тонна қатты қалдық шығарылған. Осының жартысына жуығы, яғни 73,15 мың тоннасы Орал қаласына тиесілі. Ақсай қала­лық қоқыс полигонына 23,2 мың тонна қатты қалдық апарылған. Қара­шығанақтың өндірістік полигон ау­мағына 22,4 мың тонна қалдық жиналыпты. Облыстың өзге ауыл-аудандарында жиналған қатты қалдық көлемі – 36,3 мың тонна. Өкінішке қарай, осынау қатты тұрмыстық қалдықтың тек 21,2 пайызы ғана қайта өңделген.

– Өңірімізде түйіні шешілмей отырған экологиялық мәселелер бар. Олар 2020 жылы қазан айын­да облыс әкімі мен экология министрі бекіткен Батыс Қазақстан облы­сының экологиялық мәселелерін кешен­ді шешу бойынша 2021–2025 жылдарға арналған Жол картасында көрсетілген. Департамент Жол картасы шараларының іске асырылуына бақылау жасап, қадағалап келеді. 5 бағыттан тұратын бұл жобада 17 іс-шара болса, қазірдің өзінде 11 мәселе шешімін тапты, – дейді М.Ермекқалиев.

Мысалы, ҚПО, «Жайықмұнай» компаниялары зиянды заттар шыға­рындыларының автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізді. Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауында атап айтылған мәселе. Сондай-ақ облыстың оңтүстік аудандарындағы сумен қамтамасыз ету нысандары (Киров-Шежін су арнасы) қайта қалпы­на келтірілді.

«Жайықжылуқуат» АҚ-ның Орал жы­лу энергетика орталығы айна­лым­ды сумен қамтамасыз етілді. Со­ның нәтижесінде, Жайық өзені­нен стансаның технологиялық қажет­тілігіне алынатын су мөлшері азайды. Салыстырып қарасақ, 2022 жылы Жайықтан осы мақсатқа 11,3 млн текше метр су алынған екен. Жаң­ғыр­тудан кейін, 2024 жылы небәрі 3,1 млн текше метр су алынды.

Бұл айтылғандардан бөлек, озық технологияны енгізе отырып, қор­шаған ортаға нақты эмиссия­ны азайту, облыстың жануарлар әлемі мен орманын қорғау жөнінде­гі коммуналдық мемлекеттік кәсіп­орындардың материалдық-техника­лық базасын жақсарту, рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын, бұрын ластанған жерлерді жою, экопатруль ісін ұйымдастыру секілді мәселелер ұдайы назарда тұр.

Өкінішке қарай, Орал, Ақсай қалала­рында қатты тұрмыстық қал­дық төгетін жаңа полигон салу, ескі по­ли­гондарды рекультивациялау, Ақ­сай қаласының кәріз-тазарту құры­лы­сын толық жаңғырту, «Батыс су арнасы» ЖШС үшін айналымды сумен жабдықтау желісі құрылысын салу орындалмай қалды. 

Облыстық экология департаменті басшысының айтуынша, қазір бұл іс-шараларға қатысты жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сондай-ақ ол жобаларды орындауға қаражат та керек. Президент әкімшілігінің, Үкімет аппаратының бақылауында тұрған Жол картасының толық орындалмауының себебі алдағы уақытта арнайы талқыланады.

Экология департаментінің құ­зырындағы бір тетік – экологиялық нормалар мен қағидалар талаптары­ның сақталуын жоспарлы, жоспардан тыс тексеру рейдтері. 2024 жылы департамент мамандары осындай 48 тексеріс жүргізді. Инспектор­лар ереже талаптары бұзылған 171 оқи­ғаны анықтады. 123 ұйғарым берілді. Жалпы көлемі 293,4 млн теңге айыппұл салынып, кінәлілерден 154,3 млн теңге өндірілді.

– Өткен жылдың төртінші тоқса­нында облыстағы жер қойнауын пайдаланушы ең ірі екі ұжым – ҚПО, «Жайықмұнай» компанияларына барып, жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Нәтижесінде, бірнеше заң бұзушылық анықталды, – дейді М.Ермекқалиев.

Мысалы, ҚПО компаниясын жос­пардан тыс тексеру нәтижесінде 2022–2023 жылдары 264,36 тонна ластаушы зат нормативтен тыс шығарылып, төгілгені анықталды. Компания Экологиялық Кодексінің 39, 106-бап талаптарын бұзған. Зиянды заттар құрамында азот тотығы, күкірт тоты­ғы, күкірт қостотығы, формаль­дегид, фосфат, мұнай өнімдері болған. Тексеріс нәтижесінде компания әкім­шілік жауапкершілікке тартылып, 908,6 млн теңге айыппұл салынған.

«Жайықмұнай» ЖШС-ның Чи­нарев мұнайгаз конденсаты кен орны нысандарында 2022–2023 жылдары қоршаған ортаға жалпы көлемі 26,121 тонна болатын нормативтен тыс эмиссияларға жол бергені анықталды. Төгінділерге қатысты лас­таушы заттардың нормативі 25,28 тоннаға асып кеткен. Оның негізгі үлесі – 19,1 тонна хлорид. Тексеріс нәтижесінде кәсіпорын 83,7 млн теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ереже бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілген.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде экологиялық жағдайға ең теріс әсер ететін мәселе – рұқсат етіл­меген қоқыс үйінділері. Бұл проблема ел көлемінде ең жоғары деңгейде көтеріліп жүр. 2024 жылғы 12 нау­рызда Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында Премьер-министр Олжас Бектенов елді мекендер маңындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою туралы тапсырма берді.

Ғарыштық мониторинг нәтиже­сінде, Батыс Қазақстан облысында былтыр 192 қоқыс үйіндісі анық­тал­ған. Стихиялық үйінділер әсіре­се Орал қаласы маңында, облыс орта­лығына жақын орналасқан Бөр­лі, Бәйтерек, Теректі, Сырым, Шыңғыр­лау аудандарында көп. Сөйтіп, аталған аудан басшыларына полигоннан тыс қалдықты жою жөнінде тапсырма берілген болатын.

– Жылдың қорытындысын қарап, ғарыштық мониторинг нәтижесін салыстырып, жоғарыдағы 192 үйіндінің 158-і тазартылғанын анықтадық, – дейді департамент басшысы.

Елімізде «Таза Қазақстан» рес­публикалық экологиялық акциясы сәуір айында басталып, жыл бойы ұйымдастырылды. Батыс Қазақстан облысында бұл игі іс-шараларға 173 мың адам, 4 мыңнан аса мекеме-ұйым қатысты. Акция кезінде 61 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 231 саябақ пен гүлзар абаттандырылды. 1251 тарихи-мәдени ескерткіштер әрленіп, 187 су нысаны тазартылды.

Экология министрлігі «Таза Қазақ­­стан» акциясының 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдама­сын жасады. Ақжайық өңірінде де атқарылатын шаралардың тізбесі түзіліп, облыстық мәслихаттың ше­ші­мімен бекітілді. Басты назарда қал­дықты азайту, қайта өңдеу көлемін арттыру тұр. Қоршаған ортаны ұдайы бақылайтын цифрлық мониторинг жүйесі іске қосылып, азаматтар барлық ақпаратпен жедел қамтамасыз етілуге тиіс.

 

Батыс Қазақстан облысы