Енді қосылған құн салығын (ҚҚС) 20%-ға көтеру талқыланып жатыр. Бұл да проблеманы шешпейді, керісінше күрделендіре түседі. Біздегі салық жүйесі былай құрылған: кәсіпкер табыс таппай тұрып салық төлеуге міндетті. Егер бизнес қызметкер жалдаса, онда жалақының 40% салығын төлейді. ҚҚС шегін 20 мың АЕК-ке (шамамен күніне 250 мың теңге) төмендету тоқсан сайын салық төлеуге міндеттейді. Тіпті таза табыс жоқ болса да. Кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін компанияларды бөлшектемейді, олар мұны аман қалу үшін жасай бастайды. Бизнестің өсуімен жүктеме тек ұлғайып жатыр: корпоративті табыс салығы, салықты алдын ала төлеу, табысы 100 млн теңгеден асатындардың дивидендіне жеке табыс салығын салу. Осыншалықты табыс тапқаны үшін ынталандырудың орнына жазалап жатыр.
Қазір шағын және орта бизнесте (ШОБ) 4,3 млн адам жұмыс істейді. Алайда ШОБ бюджетке тек 5% береді. Бұл ретте де қолдаудың орнына керісінше әрекеттердің болып жатқанын байқаймыз. Салық жүктемесі өсіп, шек төмендеп, ШОБ бюджеттегі «саңылауларды жабу» талпынысының алғашқы құрбанына айналды. Жақсы нәтиже көрсетіп үлгерген бөлшек салық та өзінің тиімділігін дәлелдеген. Оны біз банк картасымен төлем жасау арқылы күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Бөлшек салықтағы кез келген өзгеріс мұқият зерттеуге негізделеді. Қазіргі тетіктің тиімділігі туралы ресми деректер жоқ болса, қалай ғана жаңа ережені енгізуге болады? Бөлшек салығын өзгеріссіз қалдырып, бірыңғай мөлшерлеме енгізіп және чектен салықты бірден бюджетке аудару бизнеске жүктемені арттырмай-ақ тұрақты нәтиже берер еді.
Біздің заң шығарушылар көбіне Ресейге қарайлайды. Ол жақта басып шығарылған қолма-қол ақшаның көптігіне байланысты салық жүктемесі де жоғары. Бірақ еліміз мұндай тәсілді қолдана алмайды, өйткені бізде ондай ресурс жоқ. Одан да жоғары экономикалық өсімге ие болып отырған Қытай үлгісін неге пайдаланбасқа? Қытайдағы ҚҚС бизнес пен өнімнің типіне байланысты. Тауар мен қызмет үшін негізгі мөлшерлеме – 13%. Көлік қызметі, құрылыс жұмысы, ауыл шаруашылығы өнімі және коммуналдық қызметті қоса алғанда бірқатар санат үшін төмендетілген мөлшерлеме – 9%. Қаржылық қызмет, консалтинг, IT және мәдени іс-шаралар секілді белгілі бір қызметтер үшін – 6%. Шағын бизнес үшін 3% мөлшерлеме қолданылады. Швейцария үлгісі де бар. Ондағы ҚҚС мөлшерлемесі – 8,1%. Қонақүй қызметтері үшін төмендетілген мөлшерлеме – 3,7%. Азық-түлік, алкогольсіз ішімдік, медикамент, кітап, газет және басқа да бірінші кезектегі қажеттіліктер үшін төмендетілген мөлшерлеме – 2,5%.
Біз жүктемені арттыру арқылы қайда барып тірелеміз? Жауап: бизнес көлеңкеге кете бастайды, салық түсімі тағы да қысқарады, кәсіпкерлер мұндай жүктемеге шыдас бере алмағандықтан жұмыссыздық деңгейі өседі. Егер ҚҚС шегі жылына 15 млн теңгеге төмендесе, кәсіпкерлік субъектілерінің 80%-ы ҚҚС салық төлеушілері санатына автоматты түрде түседі. Бұл – бизнесті қолдау емес, енді аяққа тұрып келе жатқандарды тұқырту.
Не істеу керек? Біріншіден, таза нәтижеге салық салуға көшу: Бизнес табыс тапқаннан кейін салық төлеуі керек. Екіншіден, ҚҚС шегін жоғарылату: Қазақстанда ҚҚС шегі – 20 000 АЕК. Ресейде – 10 млн теңге (бірақ оларда жеңілдетілген 6% бар), Белоруссияда – 30 млн, Арменияда – 147 млн. Біз шекті мәнді төмендетпей, көтеруіміз керек. Үшіншіден, бөлшек салықты сақтау: Бұл құрал өзін жақсы жағынан көрсетті және ол ашықтыққа ынталандырады. Төртіншіден, салық салудың әділ жүйесін әзірлеу: қалыпты мөлшерлеме мен ашық ережелер бизнесті көлеңкеден шығарып, дамуға ынталандырады. Бесіншіден, ШОБ-ты қолдау: бизнес ілініп-салынып аман жүруі үшін емес, шын мәнінде, өсуі үшін қажетті жағдай жасалуға тиіс.
Егер Қазақстан күшті экономикасы бар бәсекеге қабілетті ел болғысы келсе, онда біздің салық жүйеміз бизнес өсімін ынталандыруы керек. Салық жүктемесін көбейту – тығырыққа тірейтін жол. Сондықтан бізге қысым емес, реформа қажет.