02 Мамыр, 2015

Реформалар – елді көркейтудің алғышарты

353 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_6595Мұхтар АЛТЫНБАЕВ, Сенат депутаты: – Қазақстан халқының бірлігі күні елімізде кеңінен атап өтіліп жатыр. Бұл мерекенің мән-маңызы ерекше. Осы күні халқымыздың ынтымағы, татулығы анық көрінеді. Барша қазақстандықтардың отанға, елге, жерге деген патриоттық сезімін жаңғыртатын осынау айтулы мейрамға ерекше көңіл бөлінуі құптарлық іс. Себебі, мұндай жалпыхалықтық мереке елдік сананы көтеруге, бірлікті нығайтуға, ұрпақ тәрбиесіне оңтайлы ықпал етеді. Биылғы 1 мамыр мейрамын жұртымыз өте салтанатты жағдайда қарсы алып отыр деп айта аламын. Өйткені, бұл мейрамға санаулы күндер қалғанда татулығымызды әлемге тағы бір рет паш етіп, мемлекетіміздің Президентін ұйымшылдықпен сайлап алдық. Халық бірауыздан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берді. Дәлірегі, жұртымыз тұрақтылықты, бейбітшілікті, орнықты дамуды қамтамасыз етіп келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевты қолдады. Бұдан біз халықтың өз таңдауын жасарда қателеспегенін ұғамыз. Сайлау барысында халқымызға ел бірлігінен өзге ештеңе керегі жоқ екені түсінікті болды. Өздеріңіз білесіздер, үстіміздегі жылдың 29 сәуірінде Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы аса маңызды мәселелер көтерді. Нақтылай айтсам, Елбасының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бес институттық реформаны жүйелі түрде жүзеге асыруға қатысты ауқымды міндеттер күн тәртібіне шығарылды. Енді біз соларды орындауға барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет. ERA_6538Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты: – Бүгінгі шуақты шақ, яғни, Қазақстан халқының бірлігі күні көзі ашық, көкірегі ояу азамат тебіренбей тұра алмас. Бұл мерекеде мемлекетіміздің мерейі тасып, мәртебесі биіктей түседі. Ынтымағы жарасқан, бейбітшілікті ту еткен Қазақстанның берік ұстанымын айғақтайтын осынау мейрамда қуанбауға, шаттанбауға бола ма?! Татулыққа арналған биылғы 1 мамыр мерекесі бұрынғы жылдардағыдан мүлде өзгеше келді. Осы мейрамның қарсаңында барша қазақстандықтар Елбасына деген сенімдері берік екенін тағы бір рет дәлелдеді. Нақтысын айтқанда, 26 сәуірде өткен президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевқа бұрын-соңды болмаған деңгейде дауыс берілді. Бұл, әрине, халықтың ол кісіге деген шексіз құрметін, сенімін білдіреді. Осы арада айта кетейін, Президент қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресуге, соны еңсеруге, 30 дамыған мемлекет қатарына кіруімізге жол ашатын Ұлт жоспарын түзу қажеттігін алға тартып отыр. Бұл бағытта нақты жұмыстар қазірден басталып та кетті. Алдағы 10-15 жылға арналған осы жоспарды орындау үшін тек Үкімет, мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл халық атсалысу керек. Қазіргі таңда комиссия құрылды. Енді Ұлт жоспары бекітілсе, Қазақстанның тынысы ашыла түседі. Өзіміздің алдымызға қойған амбициялық міндет – алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарынан көрінсек деген тілегіміз де соның аясында жүзеге асады деп санаймын. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы да қарап қалмайды, өз үлесін қосады. ERA_6584Камал БҰРХАНОВ, Мәжіліс депутаты: – Қазақстан халқының бірлігі күні Президенттің Жарлығы негізінде 1996 жылдан бері тойланып келеді. Жыл сайын осынау мерекені асыға күтіп, қуана қарсы алатын қазақстандықтар биыл да сол дәстүрінен жаңылған жоқ. Халық көңілді, ерекше қуану үстінде. Негізінен, бірлігі мығым, іргесі нық, аспаны ашық елдің әлеуметіне әр күн мейрам ғой. Осындай мерейлі шақтардан ажырамайық. Барлап қарасаң, қазақстандықтардың қай мейрамды болсын шаттана тойлағаны жарасып тұрады. Себебі, тұрмысы тәуір, қоғамы тыныш, азаматтары саналы елдің жөні бөлек қой. Жалпы, биылғы мерекенің қарсаңында елімізде жағымды жаңалықтар көп болды. Оның ішінде Президентімізді сайлап алғанымызды айрықша атап өтуге болады. Сондай-ақ, Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерген керемет бастамалары, тұшымды ұсыныс-пікірлері елдің еңсесін көтеріп, бір серпілтіп тастады. Әсіресе, Елбасының қоғамымызды Жаңғырту мәселелеріне қатысты ауқымды мәселелерді күн тәртібіне шығаруы көңіл марқайтты. Ұлт жоспары түзілетін болды. Қазір осы бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Жаңадан құрылған Ұлттық комиссия Елбасының тапсырмаларына сәйкес, қоғамдық ой-пікірлер жинақтап жатыр. «Елімізді тоқтаусыз қалай дамыта береміз?» дегендей сұраққа жауап іздеу ісі оң нәтиже береді деп ойлаймын. ERA_6556Жамбыл АХМЕТБЕКОВ, Мәжіліс депутаты: – Халқымыздың бірлігіне арналған 1 мамыр мерекесі құтты болсын! Еліміздің берекесі кіріп, әлеуеті артып отырғаны осы ауызбіршілігіміздің арқасы екенін терең түсінетін әлеуметке айтар алғысым шексіз. Биыл Қазақстанда мақтанышпен айтар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Адалдық үшін айтайын, мұның барлығы Президенттің, оның соңынан ерген ұйымшыл жұртымыздың арқасы екені даусыз. Десек те, алдымызда тұрған биік асулардан өту үшін біз үнемі ізденісте болып, уақыт талабына сай әрекет етуіміз керек. Осыны жан-дүниесімен түсінетін Елбасымыз мемлекетіміздің әлеуетін, халқымыздың белсенділігін есепке ала отырып, көптеген міндеттерді алға қойды. Мен оның барлығын қайталап жатпайын. Тек, бірді-екілі жағдаяттарға тоқталып өтейін. Қазақстан Президентін ұлықтау шарасында Елбасы индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында құрылымдық реформаларды жүзеге асыру керектігін сөз етті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы білім беру мен денсаулық сақтау салаларын халықаралық стандарттарға сай дамыту бағдарын ұстану қажеттігіне де баса назар аударды. Бұл халыққа уақыт ырғағына сәйкес қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді көздейді. Негізінен, осындай жалпыұлттық міндетті жүзеге асыруда басты бағыттарды көрсететін бұл реформалар Қазақстанды көркейтудің кепілі болатынына сенемін. Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.