Қоғам • 24 Қаңтар, 2025

Елімізде бала құқығы қалай қорғалады

98 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде 6,8 млн бала тұрады, бұл халықтың үштен бірін құрайды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша құқықтық базаны нығайту бойынша үш негізгі заң қабылданды және кішкентай азаматтарымызды қорғау үшін пәрменді тетіктер енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Елімізде бала құқығы қалай қорғалады

Фото: Ашық дереккөз

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылады.
 
Қабылданған үш заңдағы маңызды бастама – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуі үшін тәлімгерлер институтының құрылуы. Бүгінде 330-дан астам бала тәлімгерлермен қамтылып, қажетті көмек алып жатыр.
 
Айта кетейік, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР Заңындағы негізгі шаралардың бірі – балаларға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату және кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу болды. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктен түсіріп кетуге тыйым салынды.
 
2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша байланыс орталығына 17 400 бала жүгінген.
 
Сонымен қатар, елдің әр өңірінде балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық органдарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артқан. Қорғаншылық органдарының штаттық саны бойынша норматив бекітілген, атап айтқанда 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінді.
 
Жалпы, елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім 17 660 бала қазақ отбасыларында тәрбие алып жатыр. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты.
 
2025 жылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек. Бұл бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағдайында қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
«2024 жылдан бастап елімізде 627 балабақша ашылып, 93,1% бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылды. Соңғы 3 жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымды оқу мәселесін тиімді шешіп келеді. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бастап 105 жайлы мектеп қолданысқа берілді.Сонымен қатар 2024 жылы 373 мың орынға арналған 257 мектеп қолданысқа берілді. Биыл 300 мың білім алушыға арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жүруде. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 20 мыңнан астам нысан бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, Жедел басқару орталықтарына қосылған. Барлық ұйымдарда дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді», делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекет өскелең ұрпақ үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға басымдық беріп келеді. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1,7 миллион бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 162 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, «Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен қосымша 22,5 миллиард теңге бөлініп, 510 мың бала мектеп керек-жарақтарымен қамтылған.
 
Биылғы жылдан бастап жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балалары да тегін тамақпен қамтылады. Жергілікті бюджеттен 25 мың баланы тегін тамақтандыру үшін 12 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.
«Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде балалардың қосымша білім алуы, сапалы демалыс және сауықтыру ұйымдарымен қамтылуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгінде 3,3 млн. бала түрлі бағыттар бойынша үйірмелерге, секцияларға қатысады. Мәселен, өткен жылдың жаз мезгілінде 3,1 миллионнан астам бала 10 743 лагерьде сауықтыру демалысын өткізген. Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру тек техникалық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді.
 
Мемлекет балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылдады. Жоспар балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығын қамтиды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілген.
 
Естеріңізге сала кетейік, барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілген. 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды. Сонымен қатар мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдараламасы енгізілді.
 
Мемлекет балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады.