Оқиға • 24 Қаңтар, 2025

Астанада IFLA Дүниежүзілік кітапханалар Конгресі өтеді

577 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 18-22 тамыз аралығында өтетін  кітапхана ісі саласындағы ең ірі іс-шара әлемнің 130-дан астам елінен 4000-ға жуық делегатты біріктіреді, деп хабарлайды Egemen.kz Kazakh Tourism баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада IFLA Дүниежүзілік кітапханалар Конгресі өтеді

Фото: Ашық дереккөз

IFLA - кітапхана ісіндегі кәсіби мамандардың ең ірі жаһандық қоғамдық ұйымы. Ол әртүрлі елдердегі кітапхана ісінің озық тәжірибесін жинақтайтын және талдайтын, кітапханада қызмет көрсетуді және ақпаратты ұйымдастыруда халықаралық стандарттарды белгілейді.

Астанада IFLA Дүниежүзілік конгресін өткізу Қазақстанның іскерлік туризм орталығы ретіндегі позициясын нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ. Халықаралық іс-шара сала мамандарының кәсіби деңгейін жетілдіруге және кітапханалық-ақпараттық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.

Оған қатысушылар заманауи үрдістер мен технологияларды талқылап, қолданушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға әсер ететін кітапханалар жұмысының тиімді стандарттарын айқындайды.  Конгресс Орталық Азиядағы кітапхана қауымдастығының рөлін нығайтудың маңызды алаңына айналады.

Президент Ұлттық құрылтай отырысында кітапхана ісі ерекше назар мен қамқорлықты қажет ететінін атап өтті. Бұл бағытта Қазақстанда Дүниежүзілік конгресті өткізу ерекше өзекті және маңызды болмақ. Конгресске қатысушылар  Қазақстанның бай мұрасымен танысып, елдің туристік және көрнекті орындарын тамашалай алады.

«Бұл МІСЕ-іс-шарасын өткізу Астанаға шамамен 2 млн еуро табыс әкеледі деп күтіледі. Жалпы кіріс шетелдік делегаттардың тұру, көлік, тамақтану және басқа да қызметтерге жұмсаған шығындары есебінен құралады. Орташа есеппен әрбір мейман өз сапары барысында шамамен 1400 доллар жұмсайды. Атап өткен жөн, Халықаралық кітапханалар қауымдастықтары мен мекемелері федерацияларының (International Federation of Library Associations) конгресін өткізу құқығы «Kazakh Tourism» компаниясы «Астана даму орталығы» ЖШС және «ЖОО кітапханалар қауымдастығы» ҚБ бірлесе дайындалған өтінім арқасында берілді», делінген хабарламада.