Оқиға • 24 Қаңтар, 2025

Жасөспірімді қағып кеткен жүргізуші жазаланды

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда 15 жастағы жасөспірімді қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жасөспірімді қағып кеткен жүргізуші жазаланды

Фото: Ашық дереккөз

Бұрын 2020 жылы жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған Алматы қаласының тұрғыны тағы да мас күйінде көлік жүргізген. Жаяу жүргіншілер өткелінде ол кәмелетке толмаған жасөспірімді қағып кеткен, оны тек артқы көрініс айнасынан байқаған. Алайда, полиция қызметкерлері келгенге дейін ол оқиға болған жерден кетіп, кейін достарымен сыра ішіп, үйіне оралған. Салдарынан 15 жастағы жасөспірім алған жарақаттарынан қайтыс болған.

«Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі сотында абайсызда адам өліміне әкеп соққан көлік құралын мас күйінде жүргізген (ҚР ҚК-нің 346-бабының 5-бөлігі) және ауыр зардаптарға әкеп соққан жол-көлік оқиғасы орнын тастап кеткен (ҚР ҚК 347-бабы) айыпталушыға қатысты іс қаралды. ҚР ҚК-нің 346-бабының 5-бөлігі бойынша жаза көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырумен 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады. ҚК-нің 347-бабы бойынша – 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», делінген хабарламада.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, соттан жеңілдік жасауды сұраған. Оның кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-медициналық және сот-наркологиялық сараптамаларының қорытындыларымен расталған.

Сот айыпталушыны өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру арқылы 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 14 млн теңге көлемінде материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Үкім заңды күшіне енді.