Медицина • 24 Қаңтар, 2025

Сүйек обырына шалдыққан жүзден астам балаға ота жасалды

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Республикалық Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы остеосаркома, яғни балалар арасындағы кездесетін сүйектің сирек қатерлі ісігі кезіндегі ірі буындарды эндопротездеу операцияларын 2012 жылдан бері жасап келеді. Бұл дерт көбінесе 10 жастан асқан балаларда кездеседі.

Сүйек обырына шалдыққан жүзден астам балаға ота жасалды

Ғылыми орталық осы аралықта 100-ден астам балаға күрделі мега-эндопротездеу оталарын жасау барысында кішкентай пациенттердің аяқ-қолдарын сақтап қана қоймай, ел қатарына қосылуға орасан септігін тигізді.   Осы орайда, жыл сайын елімізде остеосаркома дертіне шамамен 20-25 бала шалдығады десек, бұл кеселдің 50%-дан астамы тізе буынында, 30% иық-буынына жақын орналасады.

Соңғы жылдары сүйек ісіктері кезінде жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізудің арқасында оның басқа ағзаларға шабуы төмендеп, өмірлер ұзара түскен. Бұл көп жағдайда, зақымданған аяқтарды 90%-дан астам жағдайда  сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, сүйектің сирек қатерлі ісігіне душар болған балалардың аса бір асқынған жағдайда болмаса,  аяқ-қолдары кесілмейді.

Қазіргі таңда остеосаркоманы емдеудің жаңа әдістерін енгізу – ем-дом тиімділігін әлемдік нәтижелерге жақындатуға мүмкіндік береді.

Осындай ауыр да, ерекше күрделі операцияларды атқаратын ПБХҒО №2 хирургии бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты онкохирург, онкоортопед Бахрам Жұмадуллаев: «Орталық заманауи модульдік эндопротездерді сатып алуға қол жеткізіп, қарқынды жоғары мөлшерлі химиотерапияны қолданудың арқасында ағзаны сақтап қалатын операциялардың саны артты. Сондай-ақ балалардағы остеосаркоманы біріктіріп емдеу нәтижелері де жақсарды. Атап өтерлік жәйт, онкологиялық эндопротездер ортопедиялық протездерге ұқсамайды, ерекше мегапротездерге жатады. Қазіргі таңда хирургиялық емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90%-дан астамына жасалынады, ол өз кезегінде баланың әлеуметтік бейімделуіне, жағдайының жақсаруына мүмкіндік береді», дейді.

Елімізде аяқ-қолды аман алып қала отырып, емдеу аяқталғаннан кейін жалпы сауығып кету жағдайлары – 71%. Бұл нәтиже остеосаркоманы зерттеу жөніндегі халықаралық мультиорталықтар нәтижесінің деректерімен сай келеді.

Соңғы жылдары бойы жасынан қысқа балаларға жеке дайындалған аз инвазивті ұзартқыш протездерді қолдану арқылы дене мүшелерін сақтау операциялары енгізілді.

Онкология саласындағы ең күрделі операция тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде тегін жасалады. Оған қоса Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында аяққа ғана емес, тізе, иық, жамбастың қатерлі ісіктеріне де орган сақтау операциялары атқарылып жатыр. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың аяқ-қолдары сақталып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасы да жақсарды. Бүгінгі күні олар өз құрбы-құрдастарымен бірге мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс атқарады Тіпті, спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып белсенді өмір сүріп келеді. Тұрмыс құрып 2-3 баланың анасы және әкесі болып жатқан балалар да бар.

 

АЛМАТЫ