Қоғам • 25 Қаңтар, 2025

Қарғын суға жан-жақты дайындық

1121 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр көктемгі су тасқыны ел ішін қатты әбігерге салды. «Қырсық қырық есіктен қатар енеді» дегендей, қыстай қалың түскен қардың көбесі бірден сөгіліп, сай-саланы қуалаған қызыл судың ырық бермей кетуіне себепкер болды. Мамандар айтып келмейтін апат биыл да бас көтеруі мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жатыр.

Қарғын суға жан-жақты дайындық

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Биылғы көктемгі су тас­қынына дайындық мәселесі Пре­зи­дент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты айтылды. Келелі кеңесте жауапты сала жетекшілері табиғи құбылыс былтырғыдай әбігерге салмайтынына сендірді. Қауіп еткеннен айтамыз, қарғын су тағы да долы мінезін көрсетсе, әзірлігіміз қаншалықты? Былтыр елдің бірнеше облысын басып, орасан зардаптарға алып келген тасқынның биыл қайталанбайтынына ешкім де кепіл бола алмайды. «Сақтықта қорлық жоқ», «Қамданған қапы қалмайды» деген.

Су ресурстары және ирригация министрлігі диқандар­дың егістігін маусымдық суару кезін­де сумен қамтамасыз еткен соң көктемгі су тасқынына дайындық кезеңін бастап кетті. Дайындық кезеңі негізінен су қоймалары, бөгеттер, басқа да қажетті құрылыстарды салу мен бұрыннан бар нысандарды ре­конс­трукциялауға бағытталды. Ми­нистр­ліктің ресми өкілі Мөл­дір Әбдуәлиева былтыр су қой­ма­лары мен басқа да гидротех­ни­ка­лық нысандарды жаңғыр­тып жөндеу қарқынды жүріп, 20 жоба іске асырылғанын атап өтті.

«Ақтөбе су қоймасына 36 жылдан бері алғаш рет реконструкция жасалды. Бүгінде қойманың сыйымдылығы 245 млн текше метрге жетті. Батыс Қазақстан облысында соңғы 58 жылда тұңғыш рет Киров су қоймасы жөнделді. Бұдан бөлек, суару каналдары қалпына келтірілді. Бұл жұмыстардың нәтижесі келешекте көрінеді. Осындай жөндеу­дің арқасында шаруаларға, фермерлер­дің егіс­тігіне қажетті суармалы судың сапасы жақсарады. Атырау облысында 41 жыл­­­дан бері жөндеу көрмеген, ұзын­ды­ғы 74 шақырым болатын «Ақсай» каналы жаңартылды. Астана су қоймасын рекон­струкциялауға жобалау-сметалық құжат­тама әзірлену үстінде. Шығыс Қазақ­стан облысында Қандысу өзеніндегі су қой­ма­сын қайта жаңғыртуға дайындық жұмыс­та­ры жүріп жатыр», деді ресми өкіл.

Су ресурстар және ирригация ­ми­нистрлігі мен Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі бірлесе атқарған жұмыс та ауқымды. 16 өңірде су тас­қы­нына дайындық аясында 584 шақырым бо­латын 400-ге тарта бөгетке жөндеу жүр­гізілген. Бұдан бөлек, 6 облыстағы, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан, Қостанай облыстарындағы 84 елді мекен­де қорғаныс бөгеттері мен гидро­техни­калық құрылыстарды салу, рекон­струк­циялау, қалпына келтіру жұмыс­тары қолға алынды. Бұл шаруаның да игі­лігі мол, сол 84 ауылда тұратын 359 мың адамға қызыл судан қауіп төнбейді. Әрине, айтқан жерден аулақ, апат болмасын.

Қар суын бөгейтін гидротехника­лық нысандардың құрылысын тексеру­ де жоспарға сай жүргізіліп келеді. Министрлік өкілі елдегі барлық су қойма­ларында тасқын кезінде құйылатын суды қабылдап, өткізуге дайындық жүргізіліп жатқанын айтты.

«Министрліктің бассейндік инс­пекциялары Төтенше жағдайлар ми­нистр­­лігімен сондай-ақ жергілікті әкім­дік­­­термен бірге 1502 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, анықталған кемшіліктің барлығы түзелді. Одан бөлек 105 гидроқұрылысқа көп факторлы зерттеу жасау қолға алынды. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 20 нысанға артық. Министрлік пен әкімдіктер Жол картасын бекітті. Құжатта 10 облыста 51 өзен учаскесі мен 1 көл анықталды. Тазартылатын учаскелердің жалпы ұзындығы – 814 шақырым», деді М.Әбдуәлиева.

Трансшекаралық өзендердің көктемде кемеріне жетіп, арнасынан асып, тасуы да айтарлықтай ауыртпалық. Сондық­тан су мәселесінде көршінің көңілін та­уып, болмысын бағу қашанда маңызды. Жалпы, су дипломатиясы тасқын кезін­де де, суару маусымы кезінде де өте керек. Тасқын кезеңін өткізу мен өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылып, құрамы, ережесі мен биылға арналған жұмыс жос­пары бекітілді. Қос тарап су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасып отыруға келісті. Қытаймен де су тасқыны кезіндегі жұмыс екі жақты келісім арқылы іске асады. Трансшекаралық өзендер бойын­да су тасқыны кезінде табиғи апаттар туындаған жағдайда тараптарды шұғыл хабардар ету жөнінде келісім бар. Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында біздің тарап Талас өзені арқылы су өткізу көлемін ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу, су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатындағы қадам болып отыр.

Сондай-ақ шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу белсенді жүріп жатыр. Жапония елшілігінің қолдауымен осы елдің Халықаралық ынтымақтас­тық агенттігінің мамандары еліміздің 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты тексерді. Сарапшылар су тасқыны кезінде өте үлкен көлемде су қабылдаған Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарындағы нысандарды зерттеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дельфт Су білім беру институты арасындағы меморандум аясында нидерландылық мамандар Астана мен Ақтөбеде тасқын тәуекелдерін саралауға қатысты бірнеше семинар өткізді.

Қамсыздық жайсыздыққа ұрын­ды­рады. Апат айтып келмейтінін сылтау етпей, қапысыз қарекет жасаған абзал. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары және ирригация, Эколо­гия және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірле­сіп су тасқынын болжауға, модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпарат­тық жүйесін әзірлеуді қолға алды. Бұл жаңашылдық жаһандық GloFAS су тасқыны туралы ескерту жүйесіне қосылды. Енді Tasqyn жүйесіне арқа сүйей отырып, 135 өзеннен су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақ мерзімді болжам алуға мүмкіндік болады. Алғашқы байлам шамамен ақпан айының ­басында, екіншісі наурыздың басында жарияланбақ.

Су ресурстары және ирригация министрлігі Есіл өзенінің Сергеев су қоймасының етегін, Жайық өзені­нің Орал қаласынан Январцево ­гидро бекеті бағытындағы бөлігін, Нұра өзе­ні­нің Қошқарбаев ауылынан төмен Оразақ ауылына дейінгі учаскелерін батиметриялық түсірілім жұмыстарын аяқтады. Жинақталған мәліметтер су тасқынын болжауға септігін тигізбек. Tasqyn жүйесінде су тасқынын болжау мен модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекі­тілді. Алгоритм келесідей: құзырлы органдар жүйеге су айдындарындағы су деңгейі, су жіберу көлемі, гидрометео болжам жөніндегі мәліметтерді енгізеді.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров су тасқыны бола қалған жағдайда гидро­техникалық құрылыстардың жұмысын қадағалайтынын, елдегі барлық гидро­техникалық құрылыстарға мониторинг жүргізетінін атап өтті.

«Төтенше жағдай министрлігімен бірлесіп, нақты алгоритмін бекіттік. Әр мемлекеттік орган мен жергілікті атқа­рушы органдардың тасқын кезінде қалай жұмыс атқаратыны осы тұжырымдамада бекітілген. Мемлекеттің меншігіне тиесілі су тіреуіш гидротехникалық құрылыстың 234-і мемлекеттік, 914-і коммуналдық меншікке қарайды. Тасқынға тосқын кезінде қолданылатын инертті материал­дар да, техникалар да жеткілікті», деді. Н.Алдамжаров.

«Қазгидромет» РМК Гидрология департаментінің директоры Нұрғалым Серікбай табиғаттың тосын мінез танытуын дәл болжап, еріген қар суы мен жауын-шашын мөлшерін нақты шегелеп айту мүмкін еместігін ескертті.

«Табиғи құбылыс «Қазгидромет» болжамымен байланысты емес. Дегенмен де жыл сайынғы көктемгі су тасқыны­на қатысты болжаудың әдістемелерін толықтырып, жаңғырттық», деді департамент директоры.

Ақпан айының басында «Қазгидро­мет» су тасқынына қатысты алдын ала болжамын жариялайды.