Аймақтар • 25 Қаңтар, 2025

Энергия жинақтау зауыты ашылады

332 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу облысында 2024–2030 жылдарға арналған құны 3,5 трлн теңге болатын инвестициялық портфель қалып­тастырылған. Оның аясында 190 жоба қолға алынып, бір­неше жұмыс орны ашылады. Бүгінде жоспарланған жұмыс­тардың басы басталып, нәтижесін беріп үлгерді. Мәселен, көптен күткен жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын зауыт құрылысы басталды.

Энергия жинақтау зауыты ашылады

Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК

Кәсіпорын «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында орналасады. Жел генераторлары зауытының өн­діріс­тік қуаты – жылына 2 ГВт ге­нерация. Энергияны жинақтау жүйелерін шығару қуаты – жылына 1 ГВт. Жобаға 40 млн доллар инвестиция салын­ған. Кешен еліміздегі «жасыл» энер­гетиканың дамуы­на, экология­ның жақсаруы­на және жалпы эко­но­микалық дамуға оң әсер етпек.

Инвестициялық жобаны «Қазақ­стандық коммуналдық жүйелер» ЖШС мен қытайлық «Envision Energy» компания­сы бірлесіп іске асырады. Кәсіпорын жыл сайын жел гене­раторларының 250 жиынты­ғын және энергияны жинақтау жүйе­­лерінің 100 жиынтығын шығар­мақ. Капсула салу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов өңірдің экономикалық өсуінің маңызды нүктелерінің бірі ретінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын дамытуға баса назар аударды.

«Қытайдан ТМД елдеріне, Еуропа мен Азияға шығатын маңызды бағыттардың қиылысында облыстың экономикалық өсу нүктесінің бірі Қорғас торабы орналасқан. Тораптың маңызды әрі инвесторлар үшін тартымды элементі – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы. Бүгінде еркін экономикалық аймаққа қатысушылардың бірыңғай тізілімінде жалпы құны 907 млрд теңге болатын жобалары бар 68 қатысушы тіркелген. 2030 жылға дейін 47 жобаны іске асыру жоспарлануда. АЭА аумағында 51 млрд теңгеден астам сомаға 21 жоба іске асырылды. Жел генераторлары мен энергия жинақтау жүйелерін шығаратын заманауи зауыттың құрылысы – мемлекет пен бизнестің тиімді бірлескен жұмысының айқын нәтижесі», деді Ә.Қанағатов.

«Қазақстандық коммуналдық жүйелер» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Идрисов кәсіп­орынның іске қосылуы жел генера­торлары мен энергия жинақтау жүйелерінің өндірісін жолға қоюға ғана емес, сонымен қатар заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді дейді.

«Жобаны іске қосу импортқа тәуелділікті қысқартады, энергети­калық қауіпсіздікті нығайтады, жұмыс орындарын құрады, экспорт­тық мүмкіндікті кеңейтіп, төмен көмір­текті экономикаға көшуді жеделдетеді. Өндірістің бастапқы кезеңінде отандық қамту үлесі 30% болады. Болашақта кезең-кезеңімен 90%-ға жеткізіледі», деді Д.Идрисов.

Кәсіпорын 2026 жылдың III тоқ­са­нында іске қосылмақ. Өнімнің 60%-ы ішкі нарыққа, 40%-ы Орталық Азия мен Кавказ елдеріне экспортталады.

 

Жетісу облысы