Сараптама • 25 Қаңтар, 2025

Нақты шешімдер қажет

472 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жыл ЕО-ның РФ банк саласына санкция енгізуімен басталды. G7 елдері Будапешт меморандумын жүзеге асыру мақсатында РФ-ға қарсы санкция салынатынын хабарлады. Осыған байланысты санкцияны айналып өту үшін көрші елдерде ашылған компаниялары да қарауылға ілінетіні айтылып жүр. 2024 жылы 20 желтоқсанда АҚШ-тың санк­ция жариялауы Ресей валютасын құнсыз­дандырды. Оның салдары біздің теңгеге де тигені жұртқа аян.

Елімізден мұнай мен газды тасымалдау қазіргі режім бойынша жалғасады. Өйткені ол барлық тараптың мүддесіне сай келеді. Оның үштен бірінен астамы ҚХР-ға, жартысына жуығы ЕО-ға, қалғаны ішкі қажеттіліктерге кетеді. Мүмкін болатын шектеулерге байланысты қазір жанар-жағармай бағасын көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Қытай экономикасы өсімінің баяулауына және жоғарыда сипатталған санкцияларға байланысты Ресейден Қытайға Қазақстан аумағы арқылы жаңа мұнай және газ құбырларын салу қиынға соғады.

Жаңа жылдан бастап Үкіметтің жаңа қаулысы арқылы бизнеске салынатын салық жүктемесі артады. Мобильді аударымды бақылау көптеген шағын кәсіпкерлік нысанның жұмысын қиындатуы мүмкін. Жаңа Салық кодексі де биыл қабылданбақ. Ашық НҚА сайтындағы құжаттар пакетінде фискалдық бөлуді есептеу, яғни кімнен, қанша салық, алымдар мен міндетті төлемдерді алу және оларды не үшін және қалай жұмсау туралы есеп жоқ.

Несиенің пайыздық мөлшерлемесі экономиканың табыстылығынан да жоғары – жылына 23-56% аралығында. Несиелеудің шекті мөлшерлемесін 44%-ға төмендету де жағдайды өзгерте алмайды. Өйткені ауыл шаруашылығының табыстылығы 8%-дан, өнеркәсіптікі 14%-дан жоғары емес. Банктердің 33%-дан 45%-ға дейінгі несие ұсыныстары сау­дамен айналысатын кәсіпкерлерге арналған, бұл сөзсіз бағаға әсер етеді. Тауарларға үстеме баға көтерме сауда үшін кемінде 40% және бөлшек сауда үшін кемінде 30% қалатындықтан, нақты баға бір жыл ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша кемінде 30%-ды құрайды. Өткен жылы 10%-дан астам девальвация кезінде 9% инфляция, 68% импортқа тәуелділік туралы мәлімдемелер орынсыз және негізсіз болып көрінеді. Нәтижесінде, төменгі айлық жалақыны 85 мың теңге деңгейінде сақтау шешімі қабылданды. Бұл кезде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 16%-дан 70%-ға өсіп кетті. Бөлке нан 120-дан 140 теңгеге, 10 дана жұмыртқа 400 теңгеден 600 теңгеге қымбаттады.

Бұл проблемаларды шешу үшін Үкімет жүйелі шаралар қабылдауға тиіс. Үкіметтің шаралары инвестициялық жобаларды іске асыру үшін олигархтар бақылауындағы құ­ры­лымдарға бюджет қаражатын бағыттауға негізделген. Мұндай шаралар өткен жылдары нәтиже бере қоймады. Алдағы уақытта да нәтижелі болады деу қиын.

Үкімет тез арада мына әрекеттерді жасауы тиіс деп ойлаймыз. Фискалдық бө­луді есептеу және жеке тұлғалардан алы­на­тын салық жүктемесін қазіргі 23%-дан төмендету. Тауар өндірісі, қызмет, жұ­мыс­­тан алынатын қосылған құн салығын жойып, импортқа салынатын ҚҚС-ты 16%-ға көтеру керек. Бұл азаматтар мен кәсіпорындардың табысын көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді. Тиісінше таза табыс бойынша 10% және таза табыс бойын­ша 3% мөлшерлемелері бар жалпыға бірдей белгіленген және оңайлатылған нысанда барлығына ортақ 2 салық режімі қалады. Өндіріске салық жүктемесін қазіргі 32%-дан 12,5%-ға төмендеткеннен кейін кәсіпкерлерге азық-түлікті де, инженерлік техниканы да, басқа өнімдерді де өндіру оңай бола бастайды. Себебі көрші елдердегі салық жүктемесі жоғары, олардың кәсіпкерлері өндірістерін жаппай біздің елге көшіруге кіріседі. Нәтижесінде, елдегі жалдамалы жұмысшы саны қазіргі 4 млн-нан 9 млн-ға жуық адамға (тиісінше жалақы қоры 4 трлн-нан 20 трлн теңгеге) өседі. Бұл өз кезегінде төлем қабілетсіздік тәуекелін төмендетіп, несие мөлшерлемесінің төмендеуіне де ықпал жасайды. Ал мөлшерлеменің төмендеуі қалада ғана емес, ауылдарда да өндірістің өркен­деуіне жол ашады. Бұл екі бірдей мәсе­лені шешеді – ауылдан қалаға жаппай ағылу азаяды және импорт көлемі төмендейді.

2025 жыл – мүмкіндіктер жылы. Көпшілік өзгерістерді күтіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше