Қоғам • 27 Қаңтар, 2025

Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай көрме ашылды

118 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жеңістің 80 жылдығына және Ленинградтың қоршаудан азат етілген күніне орай ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында іс-шара өтті, деп хабарлайды Egemen.kz 

Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай көрме ашылды

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Оған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, аталған қоршаудан аман қалған азаматтар, Қарулы күштердің ардагерлері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты. 

Көрмеге келушілерге екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылардың фотосуреттері, Ленинград маңындағы іздеу жұмыстарынан табылған снаряд қалдықтары, жауынгерлердің құжаттары-жеке заттары көрсетілді.

Аталған соғыс тарихында ерекше орын алатын Ленинградты азат ету майданына Қазақстан  елеулі үлес қосқаны туралы генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев атап өтті: «Қала үшін шайқас 900 күнге созылды, сол шайқастарда жауынгерлер ғана емес, көптеген бейбіт тұрғындар да қаза тапты. Біздің елде құрылған әскери бөлімдердің үштен бірі Ленинград шайқасына қатысты. Олардың ішінде 310-шы және 314-ші атқыштар дивизиясы да бар», деген министрдің орынбасары сондай-ақ, мерген Сәрсембай Рүстембековтің, бөлімше командирі Жолдас Арықбаевтың, пулеметші аға лейтенант Тастақ Назаровтың, қатардағы жауынгер Илгиз Тасбаевтың, аға сержанттар Иван Гуз бен Шанхан Қосоевтың шайқастардағы ерліктерін атап өтті. 

Іс-шараға қатысқан 1942 жылы туған Гельдир Валеевтің қоршауда қалған қала жайлы естеліктер жадында қалмапты. Ата-анасы да баласына сұрапыл соғыс пен аштық жайлы айтпауды жөн көріпті. 

Жамбыл Жабаев 1941 жылдың күзінде қала тұрғындарын өлеңімен рухтандырды. Оның «Ленинградтық өренім» өлеңін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарулы күштер Орталық ансамблінің солисі Нұрлан Нұртазин оқыды.