02 Мамыр, 2015

Мүмкіндікке сай міндеттер

303 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жарқын болашағына берік сенімді, халқының мығым қолдауына ие ел ғана алдына әрдайым үлкен асулар қоя алады десек, соның нақты көрінісін кезектен тыс президенттік сайлаудан соң өмірімізде ерекше ескен жаңа серпін айғақтап отыр. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде көр­сетілген бес ауқымды ішкі міндет бәрімізге ортақ жоғары жауапкершілік жүктейді. Оны іске асыруға лайықты үлес қосуға белсене атсалысу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз болуға тиістігі анық.

Отандық фармацевтика өнеркәсібінің ошағы – «Фитохимия» ха­лықаралық ғылыми-өндірістік холдинг ұжымы өз іс-мақ­сатын осылай түсінеді. Мемлекет басшысы: «Біз қысқа мерзімде өте көп жұмыс атқардық. Бүгінде Қазақстан – Орталық Азиядағы эко­номикалық көшбасшы. Бірақ тоқтауға болмайды. Реформалар ұлттық экономиканы білімге негізделген озық экономикаға айналдырады», деп қадап айтқандай, бүгінде біліктілік мен кәсіптік деңгейі өсудегі әрбір қазақстандықтың өз елінің игілігі үшін жұмыс істеуіне толықтай мүмкіндігі бар. Мұны жергілікті табиғи өсімдіктер құрамынан дәрілік өнімдер жасап, шипалық қасиеттерін алысқа танытушы әріптестерімнің еңбегі дәлелдеп келеді. Бұл ретте жетістіктеріміз аз емес. Алайда, оған тоқмейілсу ойымызда жоқ. Қайта сыртқы рынокта өте өтімді фитопрепараттар түр-түрін шығаруды ұлғайтып, таяу арада елімізде өндірілу көлемін Елбасы тапсырмасына сәйкес 50 пайызға жеткізу міндеті алдымызда тұр. Сондықтан бұл күндегі тынымсыз ізденісіміз бен ұдайы ұмтылысымыз осы мерейлі іске бағытталған. Айқын міндет пен нақты мақсат, міне, бізге қашанда қайрат беруші күш осы. Сол арқылы жаңа жетістіктерге қадам қарыштай түсуіне қуаныштымыз. Бораш ТІЛЕУОВ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингінің зертхана меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор. ҚАРАҒАНДЫ.

Елбасы сөзінен сенімім беки түсті

Биылғы пре­зи­денттік сайлау – жасым кәмелетке толып, дауыс беруге құқылы болғалы өзім екінші рет қатысқан ірі саяси науқан. Бұған дейінгі 2011 жылғы президенттік сайлауда президенттікке кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сенім білдірілген адамы болған едім, биыл да сол тәжірибемді жалғастырудың сәті түсті. Облыстық деңгейде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қатыстым. Бұл сайлау қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан жеңіске жетіп, ел тізгінін өз қолына алды. Әлемді мазасыздыққа душар еткен алуан келеңсіздіктер кезеңінде бұл дұрыс таңдау болды. Ұлықтау шарасында Елбасының тебі­реніспен айтқан сөздерін теледидардан тыңдадым. Биылғы сайлаудың дауыс берушілер көптеп келгендігімен ерекшеленетіндігін айтқан Мемлекет басшысы өзіне деген барша отандастардың ықыласын «сенім мандаты» деп қабылдайтындығымен-ақ өзіне жүктелген міндет пен парызға қаншалықты құрметпен қарайтындығын аңғартты. Ұлықтау сәтінде Мемлекет басшысы тәу­елсіз Қазақстан таңдаған жол және мем­лекетіміздің бұған дейінгі кездескен қиындықтарды еңсеру тәжірибесі туралы айтып, алдағы бағыттарға тоқталды. Жаһандық қиындықтар, әлемдік қаржылық-экономикалық тұрақсыздық, мемлекеттер арасындағы текетірес пен діни сипаттағы қауіптердің тигізуі ықтимал келеңсіздіктердің алдын алу үшін мықты экономикалық саясаттың қажет болғандығын, ол үшін «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы қабылданғандығын айтты. Қазақстан қандай жағдайда болса да тығырыққа тірелген жоқ және тағдыр мұндай ауыр жолды біздің еліміздің маңдайына кезіктірмесін деп тілейміз. «Сақтансаң сақтайды» немесе «Қамданған қапы қалмайды» деген баба нақылына сүйенсек, Елбасымыздың ұстанған саясаты тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендеуіне, дамыған 30 елдің қатарына енуге бастама болары сөзсіз. Ұлықтау кезіндегі сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев Қазақстан халқын бір болуға, жаңа реформаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Бұл біздің елімізді тыныштық жолымен үмітті болашаққа бастайтын сенім жолы деп білемін. Ұлағаты мол ұлықтау шарасындағы Елбасы сөзі ертеңге деген сенімімді бекіте түсті. Бақтыбай ЖАЙЛАУ, Ш.Есенов атындағы КМТИУ PhD  докторанты. Маңғыстау облысы.

Еліміздің несібесі еселене берсін!

Әркім өзі шыққан тауын биік болсын дейді. Ал өз Отанына деген құрмет, тіпті, ерекше болуы тиіс. Мен 1931 жылы дү­ниеге келгенмін. Пат­шалық Ресейдің өткен ғасырдың басында есептеген сана­ғында қазақтар саны айтар­лықтай көп бол­­ған екен. Өзгеге бодан болып, өз тізгіні өзіне тимей құса болған қазақ әртүрлі нәубеттен қырыла-қырыла атақты тың игеру кезінде өз елінде 30 пайызға да жетпей қалды. Дені түрмеден «тың игеруге» шығарылған  келімсектердің кесірінен халқы­мыз рухани жағынан азып, солтүстік облыстардағы аз ғана жұртымыз Қиыр Шығыстағы кейбір, ұлттар сияқты ұлттық құнарынан айырылып қала жаздады. Нұрсұлтан Назар­баевқа, міне, Кеңес Ода­ғынан осындай мемлекетке Президент болу бұйырған еді. Есік көзінде едік, төр­ге шығарды. Ру­хы­­мыз күйреп еді, қай­раттандырды. Мық­ты мемлекет құрды. Елдегі әртүрлі этнос өкіл­дерінің басын қосып, ортақ мүдде, бір мақсатқа жұмылдырды. Экономикамыз өсті. Ұлтаралық келісім мен татулықтың арқасында бейбітшілікті сақтап, қадірін ұқтық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы еліміздің түпқазығы болып, әлемдегі мықты 30 елдің қа­тарына кіруге талпынып жатырмыз. Жақсылықты білмейтін керауыздар айтса айта берсін, көрмесе көрмей-ақ қойсын, Қазақстан Орталық Азиядағы мықты мемлекетке айналды, әлем жұртшылығы мойындады. Кеше Елбасын ұлықтау рәсімінде Ресей мен АҚШ президенттері «бұл сіздің еңбегіңіздің жемісі» деп құттықтап жатыр. Бұрын біріне амалсыздан бодан болсақ, екінші алпауыт мемлекет қазақ жайлы естіген де жоқ еді ғой. Бүгінде қазақ баласының несібесі өзінде, дәулеті тасыды. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр­лы Жолы» адас­тырмас темірқазығымыз, Елбасымыз Қазақстанды тағы да биікке бастай берсін, біз сүйеу болайық. Жәмила ЖАНЫСБАЕВА, Алтын алқа иегері. Оңтүстік Қазақстан облысы.

Ұстанар бағытымыз – Ұлт жоспары

Елбасын ұлықтау салтанатына қатысушы отан­дастарымыздың қатарында болғаныма қуаныштымын. Бұл оқиғаны еңселі елдігіміздің жарқын тарихи сәті деп қабылдадым. Өйткені, елі­міздің Конституциясына сай өткізілетін ұлықтау рәсімі кез келген елі мен жерін сүйе­тін азаматтың жүрегіндегі отаншылдық рухты оятады. Салтанатты шараның сайлаудан кейін іле-шала бірлік күні қарсаңында өтуі де орынды. Себебі, біз бұл сайлау­да берік ынтымағымызды таныттық. Қарасақ, Елбасы тәуелсіздігіміздің тарихында бе­сінші мәрте ұлықтау салтанатын өткізіп отыр екен. Бұл – кез келген Мемлекет басшысына бұйыра бермейтін бақыт! Осы жылдары еліміз жаңа тұрпатты мемлекет құрған Президентке сенім артты, әрдайым қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде, еліміздің экономикасы ілгеріледі, әлеуеті күшейді. Медицина мен білім беру саласында көптеген оң өзгерістер жүрді. Жуырда Президент Шығыс өңіріне жұмыс сапары­мен келгенде Қазақстанның медициналық мүмкіндіктерінде қол жеткізген орасан жетістіктер туралы айтты. Оның бәрі стратегиялық даму жоспарын құра білген Елбасының ерен еңбегі, көрегендігі деп білгеніміз жөн. Шығыс өңірінде алғаш рет медициналық клас­тер қалыптасты. Радиологиялық орталық құрылды. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт нысандары желісі бой көтерді. Әрине, мұның бәрі мемлекеттің ең басты құндылығы болып табылатын адамдардың денсаулығын жақсартады. Нұрсұлтан Әбішұлы ұлықтау салтанатында «Ұлт жоспары» деп атаған реформаларды жүзеге асыру барысында біздің бағытымыз тағы да айқындала түсті. Баршамызды жаһандық сын-қатерлер жағдайында жұмыла еңбек ету күтіп тұр. Рая РАХИМОВА, «Ана мен бала орталығы» КМҚК директоры, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. ӨСКЕМЕН.

Мұрат пен міндет

Қазақстан халқы біртұтас елдік мүддені ойлайтын, ұлы істердің жолында бірліктің буынын бекіте азаматтық белсенділік танытты. Демек, тарихтың жаңа парағы ашылды. Енді біздің алдымызда қадау-қадау міндеттер тұр. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде нақтылап берді. Әсіресе, ел алдында тұрған бес ауқымды ішкі міндеттің барлығының да маңызы айрықша екені дау­сыз. «Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек», деп орынды атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы. Көпэтносты біздің еліміз үшін ең басты қажеттілік – тұрақтылық. Өйткені, біз ел ішіндегі тұрақтылық арқылы талай қиындықты еңсеріп келеміз. Зауыт-фабрикалар жұмысын тоқтатып, жаппай жұмыссыздық белең алған, зейнетақы мен жалақы бір­неше айлап берілмеген тәу­елсіздіктің елең-алаң ша­ғы баршаның есінде болар. Сол бір қиын кезеңде елдің тұрақтылығын шай­қалтқысы келіп, түрлі ай­ла-шарғымен іріткі салуды көздегендер де табылды. Алайда, Елбасының ел-жұртты бірлікке үндеп, қиындықты бірге еңсеруге үндеген, ұлттық экономиканы жандандыруға, әр ауылда сапалы өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар ашуға бар күш-қайратын жұмсаған қайраткерлігін де ұмыта қойған жоқ. Қазір еліміз ТМД, Ор­талық Азия шеңберінде ғана емес, сонымен бірге, әлемдік өркениеттің бел ортасынан лайықты орнын ойып алған қуатты мемлекетке айналды. Бұған, әрине, Елбасының көшбасшылық, саясаткерлік, реформаторлық қасиеттері алдымен себепкер болса, ең бастысы – еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің оң әсер еткені және даусыз. Тәубе деп айтайық, елі­мізде экономиканың әр саласы қарқынды дамуда, әсіресе, шағын және орта бизнес кең қанат жайды. Жас­тарымыз еліміздің, тіпті, әлемнің ең озық оқу орындарында жоғары білім алып, отандық экономиканы өр­кендетуге лайықты үлесін қоса бастады. Мұның бәріне тұрақтылықтың арқасында қол жеткізіп келеміз. Ал тұ­рақтылығы шайқалған, ауызбірлігіне сына қағылған елдердің әлеуметтік-эко­номикалық ахуалының күрт нашарлағанына, халқы өз­ге мемлекеттерден пана ізде­геніне куә болып отырмыз. Міне, осы тұрғыдан айт­қанда, тәуелсіз Қазақ­станымызды әлемдегі бә­секеге қабілетті 30 елдің бі­ріне, экономикасы қуатты мемлекетке айналдыру үшін тұрақтылық пен бірлікті, этносаралық татулық пен сыйластықты көздің қара­шығындай сақтауымыз қа­жет. Тұрақтылық – тәуел­сіздігімізді мәңгілік етудің, сөйтіп, еліміздің асқар-асқар асуларды бағындыруына бас­тар ең басты мұратына айналса деймін. Бейбіт МАМРАЕВ,  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің  ректоры, профессор. АТЫРАУ. ERA_3207+

Қарқынды ілгерілеу кепілі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қа­зақстан Респуб­лика­сының Прези­денті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзін теледидардан мұқият тыңдадым. Шыны керек, бұл жолы да сарабдал саясаткер, көреген көсем екені айқын көрінді. Елбасы сөзінен сындарлы саясатының сабақтастығын аңғардым. Тәуелсіздік жылдары қол жеткен табыстарымыз қалай жымдасып жатқан болса, алда атқарылар ауқымды істер қанаттас қадам басатынына көзіміз жетті. Мұндай бірегей байланыстағы баянды бағдарламаларды жүзеге асырудағы ауыр міндеттерді жүйелеп, жіктеп жеткізуі үлкен үміттің тінін ширатып, тұғырын бекіте түсті. Мемлекет басшысы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Қазақстан-2050» Стратегиясына, «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен «Бес халықтық реформаға» басымдық берілетінін атап өтті. Елбасы бұл жолда мамыражай тірлік болмайтынын, алдағы дамуымызға әлі бес жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төндіріп отырғанын да жасырмады. Болашақтағы ел алдында тұрған бес ауқымды ішкі міндеттердің тінін тарқата баяндады. – Біріншіден, бізге тұрақтылығымыздың тірегі ретіндегі орта таптың үлесін ұлғайтып, бизнесті дамыту және елге орта табысы бар тұрғындарының саны басым мемлекет болуға көмектесу керек, – деп қадап айтты Нұрсұлтан Әбішұлы. Мұның қазірдің өзінде негізі қалыптасып қалғанын жасырудың реті жоқ. Шалғайдағы біздің аудан бұрын бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып келген-ді. Қазір шағын және орта кәсіпкерліктің көші көрікті бола түсуде. Жыл сайын кәсіпкерлер саны да, олар өндіретін өнімдердің түрлері де артып келеді. Енді кәсіпкерлікті әртараптандырып, сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнім өндіру маңызды. Сонда ғана ілгерілеу қарқынымыз бұрынғыдан да қуатты болады. Ал бұл бағытта Үкімет тарапынан қолдау жақсы. Бізге дамыған елдер экономикасының негізін шағын және орта бизнес құрайтыны үлгі болуы керек. Елбасы ұстанымдарының ілгері күндеріміздің бұрынғыдан да шуақты болатынына негіз қалайтынына бек сенімдіміз. Мыңжасар ДОСОВ, Ойыл аудандық мәслихаты аппаратының басшысы. Ақтөбе облысы.