
Сурет: fedpress.ru
Сайлауда А.Лукашенко – 86,82 пайыз, Беларусь коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Сергей Сыранков – 3,21 пайыз, Беларусь либерал-демократиялық партиясы төрағасы Олег Гайдукевич – 2,02 пайыз, Ұлттық жиынның бұрынғы депутаты Анна Канопацкая – 1,86 пайыз және Беларусьтың еңбек және әділет партиясының төрағасы Александр Хижняк 1,74 пайыз дауыс жинаған.
Кандидаттардың барлығына қарсы дауыс бергендер 3,6 пайызды құраған. Жалпы сайлауға халықтың 85,7 пайызы қатысқан. Сайлаудың нақты қорытындысы 3 ақпанда жарияланады.
Сайлауға тек Беларусьта тұратын азаматтар қатысқан, шетелде сайлау учаскелері ашылған жоқ.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Сәкен Арубаев халықаралық байқаушылар ретінде Беларусь Республикасындағы президент сайлауын мониторинг жасауға қатысты. Нұрлан Бекназаров сайлауды байқауға Беларусь Республикасының Ұлттық жиналысының шақыруымен, ал Сәкен Арубаев ТМД Парламентаралық Ассамблеясының аясында қатысты.
«Беларусь Республикасындағы президент сайлауын ұйымдастыру деңгейінің жоғары екеніне, халықаралық стандарттарға сәйкестігіне куә болдық. Сайлау үдерісінің ашықтығы мен айқындығы елдегі демократиялық институттардың жетілгендігін білдіреді. Менің ойымша, жаңадан сайланған президент біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытын жалғастырады, ал екіжақты қарым-қатынас өзара құрмет пен сенім негізінде одан әрі дами түседі», деп атап өтті Н.Бекназаров.
Депутаттар сапар барысында дауыс беру учаскелерін, оның ішінде орталықтан алыс аудандардағы учаскелерді де аралады.
«Сайлау үдерісі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Азаматтарға өз еркін еш кедергісіз білдіруге барлық жағдай жасалған. Бұл сайлауға және елдегі демократиялық үдерістерге деген сенімді нығайтуға ықпал етеді», деді сенатор С.Арубаев.