Президент • 28 Қаңтар, 2025

Қ.Тоқаев сирек кездесетін металл кенішіне инвестиция тарту керектігін айтты

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы қорытынды сөзінде экономика саласындағы жобаларды жүзеге асыру туралы айтты, деп жазады Egemen.kz.

Қ.Тоқаев сирек кездесетін металл кенішіне инвестиция тарту керектігін айтты

Фото: ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу үрдісі баяу екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты активтерді қазынаға қайтарумен қатар жүргізуге тапсырма берді. 

«Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн», деді Президент. 

Сондай-ақ Президент Парламентке сессия соңына дейін жер қойнауын пайдалану құқығының заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек екенін айтты. 

«Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.