
Әу баста еліміздегі Бочча федерациясы осыдан төрт жылға жуық уақыт бұрын мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры жаттықтырушыларының бастамасымен іргесін қалады. Федерацияның Қазақстан аумағында 10 филиалы жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы өз өңірінде қыруар шаруаны қолға алып отыр десек, қателеспейміз.
Жалпы, федерация дарынды спортшылардың кәсіби біліктілігін арттыру және оларды халықаралық бочка жарыстарына, соның ішінде Паралимпиада ойындарына одан әрі шығару мақсатында құрылған. Ұжым осы мақсатқа жету жолында үлкен жетістіктерге жетті. Небәрі төрт жылға жетер-жетпес уақыт ішінде қауымдастық Қазақстан Республикасы Ұлттық Паралимпиадалық комитетінің құрметіне ие болды, аккредитация алды, боччаны Қазақстан Республикасы спорт түрлерінің тізіліміне енгізуге қол жеткізді. Сонымен бірге, ұлттық құрама жасақталды, бірінші республикалық ашық турнирді де ұйымдастырып үлгерді. Қазақстан чемпионатын да өткізді.
Қазақстандық Бочча федерациясы ресми түрде Халықаралық Бочча федерациясына – Boccia International Sports Federation (BISFed) мүшесі болды. Мұның үлкен жетістікке балау керек, өйткені бұл федерацияға мүше болу ерекше қазақстандық спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай баянды бастамалардың бірі ретінде федерацияның қайырымдылықпен айналысатын іскер азаматтарды біріктіретін әлеуметтік маңызы бар жобаны – Меценаттар клубын құруды қолға алғанын атап өтуге болады. Бұл клуб федерацияға инклюзивті бочча ойынын дамытуға көмектесуді және мүгедектігі бар спортшыларға қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедектігі бар адам болса, оның 98,3 мыңы балалар. Ал олардың әлеуметтік өмірге қосылғанын және қабылданғанын сезінуін қамтамасыз ету үшін бүкіл әлемде инклюзивтілік қағидаттары сақталады. Осы үдерістен біз де қалыс қалмауға тиіспіз.
Осы орайда, аталған клуб резиденттері федерацияға стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға көмектесіп, бочча бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарын өткізеді, спортшыларды жоғары сапалы кәсіби спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырады, спорттық-сауықтыру кешендерін тұрғызып, халықаралық рейтингтік жарыстарға қатысуға ықпал етеді. Сонымен қатар халықаралық сарапшыларды тарта отырып, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру жұмыстарында жүйелі қаржылық қолдау көрсетеді.
Сондай меценаттардың бірі – VIII шақырылымдағы Алматы қаласы мәслихатының депутаты Нұрымбек Тау. Ол 2004 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Тау-кен инженері-мұнайшы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы осы оқу орнының «Мұнай ісі» кафедрасының оқытушысы болып бастады. 2008 жылдан қазіргі уақытқа дейін «Daco motors KZ» компаниясының негізін қалаушы.
Нұрлыбек Тау – табысты кәсіпкер, бес бала тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Ол сондай-ақ қайырымдылық шараларына белсенді түрде атсалысады, нағыз атымтай жомарт азамат. Нұрлыбек әлеуметтік жобаларды қолдау әрбір табысты адамның өмірінде ерекше орын алуы керек деп санайды.