
Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшысы Дамир Белгібаев бүгінгі өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көптеген мәселелердің қозғалғанын, оның ішінде, туризм, агрошаруашылық, инвестиция тарту мәселелеріне аса көңіл бөлінгендігін атап өтті.
«Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазақстан өзінің қаржылық проблемаларын қалай шешеді?» деген басты сауал тұрды. Оның шешімдері Президенттің бастамасымен айтылды. Жалпы, 2024 жылы ел экономикасын артқа тартқан бірнеше жағдайлар болды. Соның бірі – тасқын су апаты. Ел экономикасы, әрине, бюджеттің кіріс бөлігі саналатын салық есебінен қайта толатыны белгілі. Өткен жылы осы бағытта үлкен мәселелер байқалды, мысалы, былтыр республикалық бюджетте 12 трлн-нан астам салық жиналғанымен бұл жоспардан аз болып шықты. Сонымен қатар, басқа да бюджет шығындары кірістерге қарағанда өсіп келеді, себебі, біз әлеуметтік мемлекетпіз. Бұл жерде көптеген әлеуметтік төлемдер бар. Мұның барлығын қайта толтыру – салық реформасын қайта қарау қажеттілігін көрсетеді», дейді сарапшы.
Президент тапсырмаларының басты мақсаты – еліміздің экономикалық-әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сапалы дамуды жеделдету екені белгілі.
«Өткен жылы 2029 жылға дейін Қазақстан экономикасының көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты қойылған еді. Бұл әрине стратегиялық мақсат. Осы мақсатты ары қарай жалғастыру, сондай-ақ халықтың табысын арттыру үшін бүгінгі берілген тапсырмаларды нақты орындау – Үкіметтің басты міндеті», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан – орта державалы әлеуеті жоғары мемлекет. Сондықтан инвестиция тарту мәселесінде шетелдік болсын, отандық болсын инвесторларды қолдау үшін жеңілдіктер жасау қажет. Сонымен қатар, жаңа экономикаға серпін беретін криптавалюта, онлайн сауда, жасанды интеллект – заманауи креативті ойларды дамытатын, ел экономикасына түрткі болатын салалар.
«Еуразияның жүрегі саналатын Қазақ жері өте қолайлы орналасқан. Сол әлеуетімізді пайдаланып инфрақұрлымды, яғни, Шығыс пен Батысты байланыстыратын жолдарды салу және оларды жоғары деңгейде ұстап отыру ел экономикасының дамуына себеп болатын алғышарттардың бірі. Сонымен қатар ел экономикасының тағы бір реттеуші саласы – ауыл шаруашылы. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі тапсырмаларды 12 пайызға артық орындағанымен бұл сала да дамуды талап етеді.
Сонымен қатар инвестициялық штабтың міндетін қайта қарау – Үкіметтің ең басты мәселесі ретінде қарастырылды. Президент бюрократизмнің Үкімет жұмысына кедергі келтіріп отырғанын, сондай-ақ ол үшін алдағы уақытта жүйелі ұстанымдар мен жедел әрекеттер қажет екендігін айтты», дейді Д. Белгібаев.
Оның айтуынша, жалпы, Үкіметтің жұмысы «қанағаттандырарлық» деп бағаланғанымен Президент болшақта айтарлықтай жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік қызметкерлер жаңашылдықтан қорықпай қызмет атқаруы қажет.