Руханият • 29 Қаңтар, 2025

Ақындық өнердің ақиығы

162 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сүйінбай Аронұлы – айтыс, суырыпсалмалық өнердің дүлдүлі. Ал оның ақындық мұрасы – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ең бір мәнді де мағыналы, соқталы саласы. Қазақ халқының ақындық өнерінің дамуына ерен еңбек сіңірген дүлдүл ақынның дүние есігін ашқанына биыл 210 жыл. Уақыт өткен сайын ақын шығармаларының көркемдік-эстетикалық байлығы мен құнды­лығы жарқырай түсіп, бүгінгі күннің қоғамдық-әлеумет­тік мұрат-мүддесімен де, ақындық-азаматтық ізде­ністерімен де тығыз сабақтасып жатқан биік қадір-қасиетімен, сырын да, сынын да арттырып отырған асыл болмыс-бітімімен ерекшеленеді.

Ақындық өнердің ақиығы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ақындық өнер Сүйінбайға бала кезінде дарыған. Қозы бағып жүріп, ұйықтап кетсе керек, түсінде ақ сақалын желбіретіп кеудесіне дейін түсірген, бір қолына домбыра, бір қолына көген ұстаған қарт келіп: «Балам, өлең аласың ба, көген аласың ба?» – деп сұрақ тастайды. Сонда Сүйінбай көгенді емес, өлеңді таңдап, домбыраны алады. Оянса, өлең баланың кеудесіне сыймай, толып тұрыпты. Сүйінбайға ақындық өнер осылай дариды. Мұның кей қырын ақын «Түс» атты өлеңінде де айтқан. Абыл мен Сүйінбайдың, Бердақтың көрген түстерін түркі халықтарының байырғы балгерлік, түс жору кітаптарында сақталған өлшемдер тұрғысынан пайымдағанда да олардың елді аузына қаратқан ақын болатындығы туралы ұғым туады.

Ақын 1815 жылы Алатаудың солтүстік батыс баурайында Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, болашақ жыр дүлдүлі жетімдік пен кедейліктің қыспағына қатар түседі. Күнкөріс үшін бай ағайындарының қозысын, қойын бағып, ертелі-кеш далада, мал соңында жүреді. Қозы бағып далада жүргенімен, ел жайын қадағалап, халықтың мұң-мүддесіне жақын бола­ды. Сөйте жүріп көңілін қозғаған өмір құбылыс­тары хақындағы ойларын табан астында жырға, өлең­ге айналдырып тастай беретін болған. Ауыл­дың бай-мырзалары қой қайтарып жүрген бала Сүйінбайдың өнерін естігенімен, қозышы бала­ның өлең айтуын, өлең шығаруын ерсі көреді. Соның бірі Шойбек дегеннің астамшылығына жас Сүйінбай:

Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,

Қойды ғой қойыңа дәл қырғын келмей.

Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді

Не дейін сөз кестесі өлең демей, –

деп, кісі ақысын жеп жүрген адамның біліксіз­дігін жырмен паш етіп, бетке айтады. Бала болса да, көкірегінде күн көзіндей жарығы барын аңғартады. Қозы баққан баланың бар ойы, танымы, ұғым-түсінігі, қуанышы мен реніші – бәрі өлең-жырға айнала береді. Өзін қарғамен айтыстырып шығарған жыры, ғылым деректеріне қарағанда, Сүйінбай он екі жасар кезінде шығарған.

Зарыққан жетім күндерінің бірінде, ұшып-қонып шуылдасып жүрген қарғаларға Сүйінбай:

Ассалаумағалейкүм, қара қарға,

Қиялап ұя сапсың биік жарға.

Шуылдап ертелі-кеш бас қатырдың,

Еліңде арыз тыңдар биің бар ма?

Сақылдап екеуара дес бермейсің,

Еншіге бөліспеген үйің бар ма?

Қарғалардың өзара шуылынан олардың әлдебір нәрсеге дауласып, келісе алмай жатқан күйін түйсінгендей ақын бала өз ойын қарғаның жауап сөзі ретінде былай жалғастырады:

Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,

Жазуына кім қарсы жазған hақтың.

Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,

Тәніңді жапырақпен талай жаптың.

Бала Сүйінбай өзін қарғамен айтыстыра отырып, өз ортасының әлеуметтік қайшылықтарын дәл әрі кең ашып береді. Кісінің көзі мен мейірі түспеген өзінің жоқ-жітік жағдайына қарғаның назарын ­аударып, мейірін түсіріп жырлау арқылы жас та болса ақындық өнердің қиын иірімдерін еркін игергендігін аңғартады.

Естідім хал-жайыңды, қарға жаным,

Есіркер менің-дағы бар ма халім.

Көп екен ел ішінде құзғын-құмай,

Қан сорғыш, тілі майда, өңшең залым! –

деген өлең жолдары ақындық өнердің жақсы үлгісі болумен бірге, автордың үлкен пайымы мен парасатынан, әлеуметтік терең танымынан да мол хабар береді. Есейген сайын ақындық таланты кемел тартып, біртіндеп айдынды арнаға айналады.

Ақын халық шығармашылығының асыл үлгі­лерін, солардың ішінде «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем дастан», «Тотынама» секілді дастандарды да шы­райын ашып, жарығын шашып жырлайды. Сұраншы батыр туралы, оның ерлігі туралы ел арасында аңызға айналып кеткен әңгімелерді, өзінің көргендері мен білгендерін де жырға айналдырып айтып жүреді. «Сұраншыға наз» өлеңіндегі:

Түспей қайтып тұр екен жер мен аспан,

Бос отырып кедейлер өле ме аштан?

Жылап жүрген нашарға көз салмайды,

Байдан бейіл, батырдан рақым қашқан, –

деген шумақтарда байлардың кісі ақысын жеп байығанына қарамастан, кісіге қайырымсыздығын, пейілінің тарлығын, өзіндей қалың жоқ-жітік, нашар жайын ғана айтып қоймайды, Сұраншы сынды батырды көп кедейдің, қалың момынның мүддесін қорғайтын абзал азамат ретінде бағалайды.

Сүйінбай мен Тезек төре айтысында көрінетін суреттердің бірі мынадай: Түнгі жортуылдан бірі басын жарып, екіншісі қолын сындырып, иықтары салбырап, еңселері түскен екі қарақшы және бұлардың бос, табыссыз келгеніне – бір, бірі басын жарғызып, екіншісі қолын сындырып келгеніне екі күйініп, өкпесі қабынып, өті жарылардай долданып тұрған Тезек төре. Екі баукеспе, бір төре – үш ұрының бас қосып тұрған осы сәті мен дәл осы қалпын Сүйінбай қапысын тауып паш етеді.

Ақынның бетке айтар туралығын, көргенін көлегейлемей, тіке, жүректі тоқтатып, жүйкені құртқандай сұрапыл қуатпен, ащы тілмен сөйлейтін даралығын Тезек төре өзі де мойындап, былай дейді:

Жақсы ақын үйге келсе – қыдыр-ырыс,

Айтқаны Сүйінбайдың бәрі дұрыс.

Көргенді не де болса бетке айтатын,

Адамнан сирек туар мұндай туыс.

Әуелде бас алмақшы болып, қылышына қол салып отырған Тезек төренің аздан соң кілт өзгеріп, мынадай мадақ айтуы – Сүйінбайдың ақпа-төкпе жыр тасқынына төтеп бере алмауының белгісі. Сондай-ақ бұл сөзден Тезек төренің өлең қадірін, сөз парқын жете таныған, ақын талантын әділ бағалай білген кісілігі де анық байқалып тұр.

Сүйінбай мен Қатағанның айтысы – қазақ-қырғыз ақындар айтысының ең көркем үлгілерінің бірі. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым ака­де­миясының қолжазба қорында Сүйінбай мен Қатаған айтысының тиісті түсініктермен, көзкөргендердің мәліметтерімен байытылған нұсқасы сақталған. Онда айтыс үстінде Сүйінбайды қолдап, демеп барған қазақтардың басында Тезек төре мен Бөлтірік шешеннің болғаны көрсетілген. Айтыстың басында қырғыз ақыны Қатағанның судай тасыған сұрапыл екпіні қазақтардың көңіліне қатты қауіп ұялатады. Осындай қиын-қыстау кезде Бөлтірік шешен Сүйінбайға қайрат беріп, оның намы­сын жаниды. Ақындық шабыты мен намысы қатар шарықтап шыққанда, Сүйінбай Қатағанның мақ­тан тұтып, өзінің артықшылығы ретінде аялап айт­қан уәждерінің бәрін де түкке жарағысыз, іске алғысыз етіп тастайды. Қатаған қырғызды қазақтан, өзін Сүйінбайдан жоғары қойғанда, оның мақтаныш, айбар еткені, артықшылығы ретінде тілге тиек еткені байлық болады. Осы ойға қарсы Сүйінбай:

Байлығың сенің қайда бар –

Талқан-көже ішкенің.

Тас ошағың жұртта қап,

Орынсыз бекер іспегін!

Сүйінбайдың Қатағанға қарсы айтқан ойла­рының ең бастысы әрі бұлтартпас дәлелдісі – қырғыз ошағының жұртта қалатыны туралы ой. Бұл ойды бұған дейін қырғыз-қазақ болып бас қосып, байлық жарыстырып айтысқа түсіргенде, Бөлтірік шешен айтқан еді. Мәшhүр Жүсіп Көпейұлы осы жөнінде былай деп жазып қалдырған: «Ұлы жүз үйсіннен Бөлтірік би шығыпты. Онымен замандас қырғыздың бір ханы бақкүндес болып, қырғыздың пәлен шешен, түген шешен дегендерін алдырып, айтыстыра беретін сықылды. Бір күні қырғыз-қазақтың бас қосқан жиылысында қырғыз-қазақ байлық айтысқанда, Бөлтірік би айтты дейді: «Қырғыз шіркіннің байлығы сол – көшкен сайын ошағын жұртына қалдырып жүре береді», деп.

Ол сөзінің мәнісі – қырғыз ошақ алмайды, үш тасты ошақ қылып, қазан асады, көшкенде ол тасты артып көше ме, жұртта қалмақ қой».

Қазақ пен қырғыздың ата дәстүрінде ошағын жұртқа тастау – үлкен айып, жаман қылық. Бөлтірік би біріншіден, осыған мегзейді. Екіншіден, сөзінің астарымен қырғыздың ошаққа жарымағандай жоқ-жітік күйін көрсетіп отыр. Байлық айтысып асып-тасып отырған қалың қырғыз Бөлтірік бидің орынды, жүйелі айтылған осы бір ауыз сөзіне тоқтап, өздерінің жеңілгенін мойындаған. Қатағанның қателігі – осы жайларды біле тұрып, ұтар ойын терең жүйелеп айта алмағандығында. Сүйінбай өз қарсыласын осындай осал жерінен ұстап, бұған дейін дүйім қырғыз тоқтаған қанатты сөз бен уытты ойды алға тартып, Қатағаннан асып түседі. Содан соң-ақ Сүйінбай Қатағанның тұжырымды деп айтқан ойларының қай-қайсысын да жаңғақша шағып, өзінің ақындық абыройын асыра береді.

Сүйінбайдың басқа айтыстары да ойлылығымен, өткірлігімен, келіскен көркем кестелерімен дараланады. Олардың қатарында ақынның Кескен кекіл, Уәзипа, Күнбала секілді ақын қыздармен айтысы да бар.

Ақынның «Ту алып жауға шықсаң сен», «Сұ­раншы батыр» атты дастандары мен Қаңтарбай ақын­мен айтысында, басқа да бірнеше өлең-жыр­ларында қазақ батырларының қоқан әскеріне қарсы ерлік күресі, ел қорғаған қаhармандығы үлкен шабытпен жырланды. Ақын батыр болып туған азамат үшін елін жаудан қорғаудан асқан абыройлы, ардақты іс жоқ және болмақ емес деген ұлағатты ой толғады. Қоқан езгісінің ел басына түскен ауыртпалығын, бастары бірікпей, пана іздеп кеткен жұрттың қиын тағдырын күйзеле отырып жырлайды. Сүйінбайдың жыр-дастандарында Жетісу қазақтарының қоқан басқыншыларына қарсы ерлік күресі, оның басындағы батырлардың бейнесі эпикалық кең тыныспен суреттелді.

ХХ ғасырдың алып ақыны Жамбыл Жабаев қиын сайысқа түсер алдында әрқашан: «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай», деп өзінің де жыр көгінің заңғар биігінде тұрғанына қарамастан, Сүйінбайдың ұстаздық өнегесін, ақындық асқан үлгісін өмірінің де, өнерінің де ең қадірлі, ең қасиетті асыл қазынасындай ардақтайды.

Бүгінде Сүйінбай мұрасы бір ақынның ия бір топ ақынның емес, ақындықты барша өнердің алды деп білетін тұтас бір халықтың рухани асыл байлығына айналды. Өлең-жырдың ақиығы өнер көгінде самғап бара жатып, жыр аспанының жарық жұлдызына айналды.

 

Жанғара Дәдебаев,

профессор