Зерде • 29 Қаңтар, 2025

Ақтөбелік оқушы АЭС-тың шағын макетін құрастырған

84 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оқушының бірегей жобасы атом электр станцияларының (АЭС) электр энергиясын өндірудегі тиімділігін зерттеуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбелік оқушы АЭС-тың шағын макетін құрастырған

Фото: Oqu-agartu ministrligi

Жас өнертапқыш – Ақтөбе облысындағы Қарғалы ауданына қарасты Әлімбетов ауылының 4-сынып оқушысы Нұрталап Бақытжанов.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше Нұрталап құрастырған макет суды қайнатып, 2-2,5 атмосфералық қысымда бу энергиясын алады. Бұл энергия турбина арқылы механикалық энергияға, одан әрі электр энергиясына айналады. Макет реактор, бу турбинасы, генератор, энергия тарату құбырлары, градирня, суыту бассейні секілді нақты құрамдас бөліктерден тұрады.

«Мен АЭС құрылысын зерттеп, электр энергиясын тиімді өндірудің жолдарын іздеуді мақсат еттім. Әлемдегі АЭС-тің жұмыс принциптері мен құрылымына талдау жасап, шағын макет жасау үшін физика мен космос саласындағы деректерді зерттедім», дейді Нұрталап.

Ол - «Зерде» ғылыми жобалар байқауының тұрақты қатысушысы. Бірнеше байқаулардан марапат жеңіп алған дарынды оқушы.

Нұрталаптың арманы – инженер болу және әртүрлі энергия көздерінде жұмыс істейтін құрылғы жасау екен.