Ертіс өзені жағалауында керіле көсілген келбетті Кереку өңірі әсем қала – облыс орталығымен де мақтана алады. Бұл күндері “Жол картасы” бағдарламасы бойынша қала көшелерін көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Орталық алаңда бірінен соң бірі сап түзеген ақшаңқан көліктер де қаздай тізіліп тұра қалыпты. Өздеріне берілетін мұндай тамаша сыйлықты алуға келген білім беру, денсаулық сақтау салалары қызметкерлерімен қатар, құқық қорғау органдарының өкілдері де айрықша қуаныш құшағында. Облысқа жасаған екі күндік сапары аясында өндіріс майталмандары – металлургтерге сәттілік пен табыс тілеп қоштасқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев, бұдан кейін кеше, түске қарай облыс орталығындағы алаңда әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті.
– Үлкен істер жүзеге асырылып жатқан сіздердің өндірісті өңірлеріңізге келгеніме қуаныштымын. Кеше, өздеріңіз білесіздер, электролиз зауытының екінші кезегін іске қостым. Зауытта 2 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Облыс бойынша индустриялық бағдарламаны орындау жөнінде көп шаруалар жасалуда. Осы жартыжылдықта 12 жаңа өндіріс орны іске қосылмақшы. Бұдан 8 мың адам жұмыс орындарын табатын болады. Халықтың әл-ауқаты көтеріледі. Кейінгі тоғыз жылдың ішінде облыста өндіріс саласы 4,5 есе өссе, ауыл шаруашылығы 4 есе өсіп, осындай жетістіктердің барлығы тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес болып қосылуда. Әлеуметтік шаралар қатарында денсаулық сақтау,білім беру салалары бойынша арнайы бағдарламалар жасалып жатыр. Мектептер, ауруханалар салу, оларды жөндеу – барлығы да мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылуда. Биылғы жылдың сәуір айынын бастап дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақылары 25 пайызға көтерілді. Сіздер үшін үлкен қуаныш, мұғалімдер мен дәрігерлер деген сөз – әр отбасына жасаған мемлекеттің көмегі. Құқық қорғау органдары да өздерінің міндеттерін абыроймен орындауда. Бұл үшін де техникалық көмек әрдайым керек. Бүгін, міне, сіздермен осы бір салтанатты жағдайда кездесіп тұрмыз. Арнайы көліктер интернаттарға, құқық қорғау орындарына, ауруханалар мен мектептерге беріледі. Құтты болсын! – деді Елбасы өзінің құттықтау сөзінде.
Күні кеше ғана еліміздің денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен құқық қорғаушылары өздерінің төл мерекелерін атап өткені белгілі. Осы орайда Елбасы әр сала қызметкерлерінің өкілдерін ортаға шақырып, көліктердің кілттерін тапсырды. Олардың қатарында Саян Мұқанов, Гүлмира Шұғабаева, Есжан Қанафияұлы, Ирина Мищенко, Мақсат Қобжанов, Бауыржан Үмбетов, Елена Щербина, Марғұлан Зубаиров сынды әр сала өкілдері – мұғалімдер, дәрігерлер, балаларды өз өмірін қатерге тігіп, өрт ішінен аман алып қалған Б.Үмбетов сияқты бүгінгі күннің батырлары да бар. Дәрігер И.Мищенко өз әріптестерінің бірыңғай денсаулық сақтау жүйесінің жаңа бағыты бойынша атқарып жатқан жұмыстарына орай алдағы уақытта тынымсыз еңбек күтіп тұрғанын айтып өтті. Барлығы кеуделеріне қолдарын қойып, өздерінің ел алдындағы қызметтерін бағалап келген мәртебелі Елбасына шын жүректен ыстық ықылас, алғыстарын білдіріп жатты.
Кілтті табыстаған салтанатты рәсімнен соң Президент қуаныш иелерін құттықтап, қызметте ыңғайлы жаңа көліктерді аралап көріп шықты. Күнмен шағылысып жарқырап тұрған 77 автокөліктің 57-сі облыстағы ішкі істер органдарына, 10-ы облыс орталығы мен Екібастұз, Ақсу қалаларындағы жедел медициналық жәрдем көрсету стансаларына, ал, қалған 10-ы облыстың жетім балаларға арналған мектеп-интернат мекемелеріне, оның ішінде құлақтары естімейтін және нашар еститін балаларға арналған №1 арнайы коррекциялық мектепке, облыстық арнайы мектеп-интернатқа, облыс орталығындағы ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №2 мектеп-интернатқа, Павлодар ауданы Мичурин ауылы отбасылық үлгідегі балалар үйіне, Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатына, Екібастұз қаласындағы “Үміт” балалар үйіне және Ақсу қаласы мен Қашыр ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған мектеп және мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу түріндегі кешенді балалар үйлеріне берілді.
Дәрігерлер мен мұғалімдерге және полиция өкілдеріне көліктердің кілтін табыстап, оларды қуанышқа бөлеген Президентті бұдан кейін кішкентай бөбектер күтіп тұрды. Осы жуырда ғана металлургтер өз жұмысшы-қызметкерлеріне арнап жаңа үй, олардың балаларына арнап жаңа балабақша салғызып берді. “Қазақстан Алюминийі” акционерлік қоғамының жұмысшылары мен қызметкерлері үшін бұдан артық қандай қуаныш болсын. Зауыт басшылығы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған мектеп жасына дейінгі балдырғандарды оқыту мен тәрбиелеуді қамтамасыз етуді жақсартуға бағытталған “Балапан” арнайы бағдарламасын осылай орындай бастады. Өндіріс орнына жақын орналасқан 240 орындық балабақша бір жылдың ішінде салынды. Ол толықтай жаңа заман талаптарына сай жабдықталды. Шет тілдерін үйрету және компьютерлік сауаттылыққа баулу, дене шынықтыру және музыка әлемі залдары сияқты арнайы кабинеттер жүйесі бар.
Мемлекет басшысы бүлдіршіндерге сыйлықтар тарту етті. Олар да қаз-қатар тұра қалып, тақпақтар оқи бастады. Мұнда келетін кішкентайлар орыс және қазақ тілдерінде оқып-үйреніп, тәрбие алады. Зауыт басшысы Алмас Ибрагимовтің ұсынысымен тек зауыт жұмысшыларының ғана емес, осы аудан көлемінде тұратын қала тұрғындарының балалары үшін де балабақша есігі ашық. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, биылғы жылдың соңына қарай өңірде 19 балабақша қайтадан қалпына келтіріліп, жалпы білім беретін мектептер жанынан 83 шағын орталықтар ашылады. Тағы бір қуанышты жағдай, осы балабақша жанынан 125 пәтерлі он қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Зауыт басшылығы осымен екінші рет өз жұмысшылары мен қызметкерлеріне жарқыраған, жаңа пәтерлер салып беріп отыр. Алып корпорация қабылдаған 2023 жылға дейінгі әлеуметтік бағдарламалар аясында балабақшалар, тұрғын үйлер, басқа да әлеуметтік-тұрмыстық нысандар салу жүйесі жоспарланған. Бұл мақсатқа корпорация 45 миллион АҚШ долларын жұмсауды қарастырған көрінеді.
Балабақшадан шыққан соң Нұрсұлтан Әбішұлы өзін күтіп тұрған осы жердегі жаңа үйден пәтер алған тұрғындармен жүздесті. Мұғалім Дария Әбікенова мен зауыт қызметкері Әлібек Байбазаров Елбасына үлкен алғыстарын білдірді. Көңілдері жадыраңқы тұрғындар үйлерінің алдынан Мемлекет басшысын “Сау болыңыз, Сізге әрқашан амандық тілейміз, Сіз біздің Президентімізсіз”, деп риясыз ыстық көңілмен шығарып салды.
Фарида БЫҚАЙ, ПАВЛОДАР. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.