Медицина • 30 Қаңтар, 2025

Әлеуметтанушы: МӘМС-ті реформалау - аса маңызды қадам

235 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

28 қаңтар күні Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Маңызды жиында еліміздің өткен жылғы экономика-саяси бағыттағы көрсеткіштері сараланып, биыл атқарылуы тиіс басым бағыттар белгіленді, деп жазады Egemen.kz.

Әлеуметтанушы: МӘМС-ті реформалау - аса маңызды қадам

Фото: baq.kz

Соның ішінде көптен көпшілік көкейіндегі келелі мәселеге айналған МӘМС-ті реформалау да бар.

Саладағы сан жайды сараптап жүрген әлеуметтанушы Ақанова Жансая МӘМС жүйесін жетілдіру маңызды қадам екенін атап өтті.

«Менің ойымша, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) реформасы - жинақталған проблемалар мен қоғам сұранысын ескерген аса маңызды қадам. Басты мәселе – медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру болуы тиіс. МӘМС енгізілгеніне қарамастан, азаматтарымыз кезекке, мамандар мен дәрі-дәрмектердің жетіспеуіне шағымданады. Реформа медициналық мекемелерді нақты қолдауды, оларды қаржыландыруды ұлғайту және дәрігерлерді ынталандыруды көздеуі керек. Өзгеріс,әсіресе,кадр тапшылығы қатты сезілетін өңірлерде болғаны дұрыс», деді Жансая Ақанова.

Маман МӘМС қаражатын пайдаланудағы ашықтықтың сақталмауы да шешілуін күтіп тұрған күрделі түйін екенін тілге тиек етті.

«Адамдар өз аударымдарының қайда кететінін түсініп, нақты нәтижелерді көргісі келеді. Көңіл қуантатын көрсеткіштер жақсы инфрақұрылым, заманауи технологиялардың қол жетімді болуы, қызмет көрсету деңгейінің жоғарылығымен өлшенуі тиіс. Мұнда бақылауды күшейту де, азаматтармен кері байланыс жасау да маңызды», деген әлеуметтанушы бұл мәселе оң тарапқа өзгермейінше өзекті болып қала беретінін жеткізді.

МӘМС асығыс, шала шешімдерден ада болуы тиіс. Осы ойын ортаға салған Жансая Ақанова реформаны сарапшылардың, медицина өкілдерінің және қоғамның қатысуымен кең талқылауды ұсынады.

«МӘМС-ті жаңғырту – кемшіліктерді түзетіп қана қоймай, барлық азаматтардың игілігі үшін жұмыс істейтін неғұрлым орнықты, әділ және тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру мүмкіндігі», деді ол.