Туризм • 31 Қаңтар, 2025

Баянның шың-құздарын таспалаған

208 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таисия Наумова Баянауылдың тау-тасын үнемі мақтан тұтып жүретін жан. Өзі түсірген бейнежазбаларды әлеуметтік желіде бөлісіп, былайғы жұрт сол арқылы көрікті өлке жайында көп мәліметті көкейлеріне түйеді. Ол жүктейтін бейнероликтер қарапайым болғанымен, шынайылығының нәтижесінде мыңдаған жанның жүрегін жаулады.

Баянның шың-құздарын таспалаған

Баянауыл туралы бейнеақпарат іздеген көпшілік Instagram-дағы @bayanaul_vibe парақшасына үңілетінін жиі байқап жүрміз. Мұнда Арқадағы ерекше жаратылыс, тасын түртсең тарихы сөйлей жөнелетін құтты мекеннің табиғаты, күмістей жарқыраған көлдер, таумен таласа өскен орман-тоғай, Ақбеттаудың баурайын мекен еткен жабайы жануарлар, тағысын-тағы табиғат ғажайыптарын тамашалауға болады.

ап

Осының барлығын ерінбей-жа­лық­пай телефон камерасына түсіруге дағдыланған Таисия Наумова бүгінде аудан орталығында Шапық Шөкин атындағы №2 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. Айтуынша, бала шағынан табиғатқа аңсары ауып тұрады екен. Туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоршаған ортаға қамқорлық оны осыдан бірнеше жыл бұрын мобилография саласына алып келген. Ол кәсіби мобилограф емес. Дегенмен жұмыстан бос уақытында туған жерінің әсем жерлеріне арнайы барып, телефонының камерасына түсіріп алуды күнделікті әдетіне айналдырған. Кей роликтерге өзі мәнерлеп оқыған өлеңдерінің аудиосын қоса ұсынады.

пр

– Өзім Торайғыр ауылының тумасымын. Ұлтым орыс болса да, жаным қазақ. Қазақ халқы табиғатқа, қоршаған ортаға жақын болатынын байқаймын. Менің жан әлемім де соны қалайды. Кішкентай шағымнан туған ауылымдағы Қандыағаш тоғайы, Әулиебұлаққа төнген Сәкен жары, тау баурайлары, жартастарда секіріп жүретін арқарлар мені ерекше қызықтыратын. Оның үстіне біздің жерден Едіге, Шорман билер, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, қазақ музыка аспабын жасаудың шебері Қамар Қасымов сияқты танымал тұлғалар шыққан. Осындай қасиет қонған өлкеде тұрып, туған жерді мақтан етпеу мүмкін емес. Қоршаған ортаның сұлулығын көре білуге, оны аялауға адами түйсік керек. Көрікті жерлерді камераға түсіріп, әлеуметтік желіде бөліссем, оны өзге адамдар көріп, там-тұмдап мәліметтер алып жатса, мен үшін ғанибет, – дейді ол.

пр

Таисия Наумова

Қазіргі уақытта бұл ойының дұрыс болғанына көзі жетіп отыр. Екі жыл ішінде парақшасына жазылушы саны көбейе бастаған. Кейде тұрақты көрермендері пікір жазып, ана жерді түсіріп қай­тыңызшы деп өтініш жасайды екен. Ондай адамдардың меселін қайтармауға тырысады.

– Жолдасым екеуміз балаларымызды да табиғатқа сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелейміз. Көк қылтиса, ауыл шетіне шығып, самаурын қойып, демалғанды ұнатамыз. Осының барлығы адамның табиғатпен етене болуы керектігін біл­діреді – деп жалғастырды әңгімесін Таисия.

Айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын күйеуі дрон сыйлапты. Енді соны пайдаланып, Баянауыл төңірегіндегі барлық ауылды бейнежазбаға түсіріп, елді мекендерді тарихымен қоса парақшасында жарияламақ ниеті бар. Парақшадағы бейнебаяндардан жылдар өте кейінгі ұрпақ өзіне қажеттісін тауып, елінің өткенін таниды деп ойлайды.

пр

– Жуықта атақты құсбегі, КСРО аңшылық ісінің үздігі Мәуия Әбікеев атындағы құсбегілер турниріне қатыстым. Мені қыран құстың ұшуы, аңға түскені айрықша қызықтырады. Қазақта ежелден бар саят­­шы­­лық өнер­дің қай­та жаң­ғырып, бү­гінгі ұрпаққа жалғас­қаны, меніңше қуан­тарлық дүние. Құсбегілікпен жас­­тар көп айналысады екен, – деп атап өтті.

Өзі түсірген бейнероликтерді кейде сабақ үстінде де пайдаланады. Бұл іске оқушыларды да жұмылдырып, жақында «Көңілді саяхат» деп аталған халықаралық сайыста өзі үйлестірген балалардың жұмысы 3-орынды жеңіп алды. «Бүгінде қымбат телефонға әуес балалар көп. Тек оны пайдалы іске жарата алатындар аз», деп қынжылды ұстаз.

ап

Таисияны Баянауылдағы туристік аймақтардың өз алдына дами алмай отырғаны да мұңайтады. Жасыбай демалыс аймағында қарапайым әжетханалардың жетіспеушілігі, сервистің нашарлығы, абаттандыру жұмысының төмен деңгейде жүргізілуіне тұрғын ретінде жаны ашитынын жеткізді. Бұл осы іске жауапты органдар мен жекелеген лауазымды тұлғалардың үйлестіре алмауы­нан, жауапкершілік пен бақылаудың әлсіздігінен туындап отырған мәселе деп ойлайды. Осы орайда халқымыздың «қалауын тапса, қар жанады» деген нақылын еске салды.

Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы 

Павлодар облысы, Баянауыл ауданы 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше