Аймақтар • 31 Қаңтар, 2025

Шаңғы базасын салуға не кедергі?

396 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаз шыға су жағалауын ғана емес, таңғажайып табиғат мекені Катонқарағайды да бетке алатын туристер көп болады. Тау самалымен демалып, бұғы мүйізінен ем алып жататын жұрттың қатары жыл сайын артып келеді. Дегенмен қыркүйек туа адам аяғы сап тиы­лып, Катонқарағай бәз-баяғы қоңыр тірлігіне көшеді. Өйткені Алтайдың жазы қандай сұлу болса, қысы да сондай ғажап екенін былайғы жұрт біле бермейді. Білсе де, бұл жаққа ат терлетіп баратындар сирек. Себебі қысы қатал, тым ұзақ...

Шаңғы базасын салуға не кедергі?

Суретті түсірген – автор

Қыстың қысқа күнінде қарт Алтайдың көрікті жерлерін бір күнде аралап шығу әсте мүмкін емес. Сондықтан кемі үш күнге барған абзал деседі туристік операторлар. Олар тау баурайына сапар ұйымдастыруға дайы­н екендерін айтады. Бірақ баруға құлық танытатындар өте аз. Әйтпесе, кімде-кім қысқы табиғатты көру үшін Алтайға сапарлайтын болса, тұрақтайтын қонақүйлер жаздағыдай емес, табыла кетеді. Әсіресе Берел ауылына ат байлап, арғы жағындағы Рахман қайнарын, іргесіндегі Берел-қорық музейін қызықтап қайтуға болады. Рахман қайнарындағы санаторийлер мемлекет меншігіне өткенімен, бүгін-ертең қалпына келтіріле қоймайды. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, қазіргі уақытта инвестор іздестіріліп жатыр.

Қазір тау баурайындағы, етектегі ауыл­дарда туристер тоқтайтындай қонақ­үйлер қысы-жазы жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, Өрел ауылындағы «Мұз Тау» эко қонақүйі, Топқайыңның тұсындағы «Qaton-Qaragai Resort and Spa» демалыс орыны, Коробиха ауылындағы «Sunrise», Шыңғыстайдағы «НЕС», Сөгір ауы­лындағы «Meloman Travel» кэмпингі, Катонқарағай ауылындағы «Атамекен», «Сұлтан», «Қаратай», «Баян» қонақүйлері қыс ішінде де сапалы қызмет көрсетуге дайын. Катонқарағай туризм бөлімінің берген мәліметіне үңілсек, демалыс базаларының бағасы әркімнің сұранысына қарай тәулігіне 11 000 теңге мен 50 000 теңге аралығында.

п

Катонқарағайдың көрікті ауылдары­ның бірі һәм бірегейі Коробиха ауылында «Sunrise», «Meloman Travel» қонақүйлерінің әкім­шілігі қосымша тағы екі қонақүйді кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жақтың бір ерек­шелігі, келген туристер табиғаттан бөлек ескі дін ұстанушылардың да салт-дәстү­рімен таныса алады. Жаздың күні омарта шаруасының жұмысын бақылап, жаңа шайқалған балдың дәмін татса, қыста таңғажайып орманды аралап, ат шанамен серуендеуге мүмкіндік бар. Шана мініп, болмаса шаңғы байлап, шыршалы орманды аралап кете бересіз. Айтқандай, тым шалғайдағы, қуыстағы мекен болғанымен, ұялы телефон, интернет желісі ұшып тұр. Жалпы, Катонқарағай өңіріндегі базалардың басым бөлігінде интернеті болмаса да, ұялы телефон байланысы бар.

Басты бір түйткіл – Катонқарағай өңіріне қарай бастап баратын жолдың нашарлығы. Өскеменнен шыға бере басталатын жамау жолдар алыстан Алтайды аңсап келген саяхатшының меселін қайтарып тастауы әбден мүмкін. Ол аз десеңіз, жол бойындағы әжетханалардың ласты­ғына туристік операторлар ыңғай­сызданамыз деседі.

– Саяхатшылардың көбі еліміздің батысынан келеді. Сонау жерден шаршап-шалдығып жеткенде Катонқарағайға қарайғы жол діңкелерін одан сайын құртады. Туризмнің тұралап тұрған басты себебі осы – жол. Екіншіден, жарқырап тұрған әжетханалар жоқ, – дейді туроператор Дарын Нұрсапар.

Шындығын айтсақ, туризмді дамытуға субсидия бөлініп, жолдарды жамауға қар­жы қарастырылып-ақ жатыр. Алайда нәтиже кәне? Облыс әкімі Ермек Көшер­баев та жол бойындағы сервисті жөнге келтіру керектігін айтқан. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов та сервисті арттыру мәселесіне жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр деген.

– Мемлекет тарапынан туризммен айналысамын деген азаматтарға қолдау бар. Мәселен, субсидиялар беріледі. Несие де қарастырылған. Жол бойындағы әжет­ханаларды жөндеуге 87 млн 300 теңге субсидия бөлінген. Жергілікті әкімдік­термен бірлесіп, туризм саласын дамыту бағытында жұмыс атқарып жатырмыз, – деді министр.

Жаздың күнгі жағдай көңіл көншітпей жатса, қысқы туризм туралы жақ ашуға әлі ерте секілді. Себебі табиғатты тамашала­ғаннан басқа ойын-сауық орындары жоқ.

– Катонқарағайға қыстың күні де тур жасауға болады. Өкінішке қарай, келу­шілер қар басқан орман мен тауларын ғана қызықтайды. Туристерді барынша тарту үшін шаңғы базасын салу керек. Оның маңайында басқа да ойын алаңдары болғаны жөн, – дейді туристік оператор Олжас Тоқышев.

Салыстырып қарасақ, көршілес жатқан Қытайдың Қанасында турист қысы-жазы толастамайды. Жаздың күні көлді көруге келсе, қыста беткейлерден шаңғы тебеді. Бізге де сол секілді шаңғы тебе­тін беткейлерді жабдықтап, турист тартуға болар еді. Оған мемлекет тарапынан кең көлемде қолдау көрсетілуі немесе инвесторлар тартылуы тиіс. Онсыз Катонқарағайдағы қысқы туризмнің қарыш­тап дамуы екіталай.

 

Шығыс Қазақстан облысы