
«Мәтібұлақ» полигонында өткен тәжірибелік сабақтар барысында БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасының қару-жарағынан шартты қарсыластың сауытты техникасы мен қаруланған күштері жойылды.
Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің деректері бойынша, жауынгерлік іс-шараның мақсаты – мерзімді қызмет сарбаздарының тактикалық-арнайы дайындық дағдыларын пысықтап, ұрыс қимылдары кезінде штаттық қарудан атуға машықтану.
Әскери қызметшілер БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасының штаттық қару-жарағынан шартты қарсыластың 1 500 метр қашықтықтағы сауытты техникасы мен тірі күштерін имитациялайтын нысандарды жойды. Бұған қоса сабақ барысында әскери қызметшілер атыс даярлығы, жауынгерлік машинаның ұрыстық жиынтығын жартылай жүктеу, оқжатар мен таспаларды жабдықтау нормативтерін орындаған. Сондай-ақ әскери қызметшілер жауынгерлік дағдыларды ғана емес, нақты ұрыс кезінде аман қалу тәсілдерін де үйреніп, жаттыққан. Атап айтқанда, қираған техникадан экипаждарды эвакуациялау және жараланған жауынгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсету тәжірибесін пысықтады.
– Тәжірибелік атыс сабақтарын сауатты орындауға әрбір жауынгер атыс ережелерін, қару-жарақтың материалдық бөлігін және жаяу әскер жауынгерлік машинасын қолдану тактикасын мұқият білуі қажет. Сабақ кезінде сарбаздар климаты қатал қысқы жағдайда табандылық танытып, қойылған барлық міндетті сәтті орындады, – деді шабуылдау батальонының сержанты Әнуар Молдабеков.
Сондай-ақ сержанттың айтуынша, жауынгерлік дайындық жоғары деңгейде өткен. Онда әскери қызметшілер өзара іс-қимыл жасау дағдылары мен нақты жауынгерлік жағдайда тактикалық тәсілдерді қолдану қабілетін жақсы әрі дер кезінде көрсе білген. Тәжірибелік сабақтарға тоқсанға жуық әскери қызметші қатысқан.