Жетісу облыстық ПД мәліметінше, Сарқан қаласында полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған HONDA маркалы автокөлігін анықтаған. Тексеру барысында бұрын жауапкершілікке тартылған 46 жастағы ер адам басқарғаны белгілі болды.
«Полиция қызметкерлері жүргізушіден қатты алкоголь иісін байқаған. Құжаттарын тексеру барысында ер адамның 2022 жылдың 1 мамырында Сарқан аудандық сотының шешімімен мас күйде көлік басқарғаны үшін сегіз жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.
Медициналық сараптама нәтижелері бойынша жүргізушінің орта дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны расталды.
Заңды қайта бұзғаны үшін ер адам қамауға алынды. Сонымен қатар, ол өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін», делінген ПД хабарламасында.