“Обыкновенный феномен” атты деректі фильмнің тұсаукесері болып, елордалықтарға оның алғаш көрсетілімі ұсынылды. “Асыл-мұра” кинокомпаниясы шығарған бұл туынды көпэтносты мемлекетіміздің тыныштығы мен ұлттар арасындағы татулықты баяндап қана қоймай, еліміздің көк туын биікте желбіреткен Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, спортшыларымыз туралы әңгімелейді. Олардың үлкен жеңістерге жеткен сәттері, спорт жолындағы жетістіктері жайында сыр шертеді.
Грек-рим күресінен КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Олимпия ойындарында бірнеше рет жүлдегер болған Дәулет Тұрлыханов және бокстан танымал бапкер Александр Апачинский сияқты қазақ спортында еңбектері сіңген тұлғалардың арқасында фильмнің негізгі идеясы жолға салынған екен. Және де Валерий Рязанцев, Ермахан Ыбырайымов, Юрий Мельниченко, Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Александр Парыгин, Илья Ильин, Василий Жиров, Әлия Жүсіпова, Ольга Шишигина, тағы да басқа спортшыларымыз фильмнің негізгі өзегін ашқан басты кейіпкерлері көрінеді. Заманға сай технологиялармен түсірілген фильм көптеген телекомпаниялардың бейнеқорларымен толықтырылған.
Фильмнің тұсаукесеріне басты кейіпкерлер де арнайы келіп қатысқан болатын. 50 минутқа созылған деректі фильм шынымен де әрбір жанның жүрегінде мақтаныш сезімін тудырып, спортшылардың қуанышты сәттерін көріп толқығаннан тіпті көздеріне жас келген көрермендер де болды.
Фильмнен кейін басты кейіпкерлер мен “Асыл-мұра” кинокомпаниясының мүшелері ортаға шақырылды. Аталған компания директоры Жангелді Молдахметов фильм түсіру кезінде материалдардың көп болғанын, мемлекеттік архивтегі бейнеқорларды және Швейцариядан арнайы алынған Олимпия ойындарының бейне топтамасын қолданғандарын айтты. Ал спортшылар фильм туралы жылы лебіздерін білдірді.
Би-Болат СЕЙТАҚ, Еуразия ұлттық университетінің студенті.