Білім • 03 Ақпан, 2025

Алматыдағы қос университетте озық тәжірибе орталықтары ашылды

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл іс-шара Гонконг білім академиясының, Абай атындағы ҚазҰПУ мен ҚазҰҚПУ-дың Академиялық ортаны жақсартуға және жаһандық ауқымда тұрақты білім беру практикасын дамытуға бағытталған бастамасы негізінде жүзеге асып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Алматыдағы қос университетте озық тәжірибе орталықтары ашылды

Академияның қызметі білім беру саласындағы инновациялық зерттеулер мен идеялар алмасуды ілгерілетуге бағытталады. Сондай-ақ Қазақстан мен жалпы Орталық Азиядағы білім беру жүйелерін жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Жиынға арнайы келген Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) президенті, профессор - Джон Ли Чи-Кинді Абай университетінің Басқарма төрағасы Болат Тілеп қарсы алды.   

Шараға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке шетелдік меймандар алғысын білдірді.

«Бүгін біз білім беруді дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып,  инклюзивті білім беру мен жасанды интеллектті отандық білім беру жүйесіне енгізуге маңызды қадам жасап отырмыз. Гонконг білім беру университетінің (EdUHK) қолдауымен Қазақстандық білім беру академиясының құрылуының еліміз үшін маңызы зор», деді жиында сөз алған университет ректоры Болат Анапияұлы. 

Отандық білім беру академиясының ашылуы халықаралық білім мен тәжірибе алмасуға, озық технологияларды оқу үдерісіне енгізуге мүмкіндік  беретіні сөзсіз.

«Гонконг Білім академиясының Қазақстандағы жетекші университеттердің алдыңғы қатарындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жанынан «EdUHK - Қазақстан білім беру академиясын» ашу бастамасы жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін жаһандық жоба», деді профессор Джон Ли Чи-Кин.

Жиналғандар шарадан соң Гонконг білім беру университетінен және еліміздің өзге өңірлеріндегі жоғары оқу орындарынан келген қонақтар  Абай университеті жанынан ашылған  «Инклюзивті білім беру және білім берудегі жасанды интеллект» орталығының жұмысымен танысты.  Бұл орталық алдағы уақытта білім беру процесіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге және оқыту сапасын жақсартуға ықпалын тигізетін болады. Жаңа білім беру нысаны  педагогика және білім беру саласында озық зерттеулер жүргізетін орынға айналады деген жоспар бар. Заманауи технологиялар мен тәсілдерді үйрету арқылы педагогтарды даярлау бағытында да жұмыс жасайды.

Аа