
Баспасөз мәслихатына марафонның негізін қалаушы Ғалымжан Есенов, Самарқанд марафоны сериясының кураторы Мирхат Сағитов (Өзбекстан), «Номад Спорт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арслан Малдыбаев (Қырғызстан), «Алматы марафонының» атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Алау. Про» бәсекесін ұйымдастырушы Айтуар Қошмамбетов, BCC Invest АҚ-ның тәуелсіз директоры, директорлар кеңесінің мүшесі Асқар Ескергенов, Fonte Capital Ltd-ның бас директоры Ержан Мусин, марафонды серік еткен басқа да азаматтар қатысты. Қатысушылар Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі «Turkic Alliance of Long Runs» (TAN) алғашқы жүгіру қауымдастығының құрылғаны туралы мәлімдеді. «TAN» төрт елден келген марафоншыларды түркі мәдениетіне дендеп енуге, өңірлік жүгіру қауымдастығын дамытуға біріктіретінін тілге тиек етті.
«TAN» қауымдастығы жарыстарды халықаралық деңгейге шығаруды мақсат тұтады. Идеяға дем берушілер – жыл сайын әлемде мыңдаған қатысушыларды жинайтын «SuperHalfs, Abbott World Marathon Majors» сынды беделді марафон сериялары. Еуропалық «SuperHalfs» сериясы алты елде алты жартылай марафонға қатысып, супер жүгіруші мәртебесін алуды ұсынады. Аты аңызға айналған жеті «Abbott World Marathon Majors» төрт құрлықта элиталық марафоншыларды жинайды. 2022, 2023 жылдардағы осы серияның жарыстарында Элиуд Кипчоге, Келвин Киптум сынды желмен жарысқан желаяқтар әлемдік рекордтар орнатты.
«TAN» түркі елдерінің мәдени ерекшеліктерін біріктіреді. Түркі тілдерінде қауымдастық атауы «таң», «күн шапағы» дегенді, жаңа күннің басталуын, жеңістерге шабыт беруді білдіреді.
Алматыдағы жиында сөз алған Ғ.Есенов: «TAN» марафоны – түркітілдес халықтардың басын біріктіретін оң бастама. Келешекте осы жарыс төрткүл дүниеге танылатынына сенімдімін деді.
«TAN»-ға қандай жарыстар кіреді? Енді осы сауалға жауап берейік.
Әзербайжандағы Baku марафоны, 2016 жылдан бері Гейдар Әлиев қорының мұрындық болуымен өтетін бәсекеге былтыр 18 мың желаяқ қатысты. Онлайн арқылы байланысқа шыққан «Sport Marketing Group» компаниясының бас директоры, Гейдар Әлиев қоры басқармасы төрағасының орынбасары Аяз Ахмедов: «Баку әрдайым Түркі әлемі мен бауырлас түркі мемлекеттерін нығайтуға, дамытуға бағытталған достық одақтарға бірігуді қолдайды», деп өз ойын білдірді.
Қырғызстанда «Bishkek Snow Leopard Run» додасы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Оған үш жастағы балдырғандардан бастап, кәсіби спортшыларға дейін, 20 елден, 4,5 мыңнан астам адам қатысады.
Самарқанд марафоны 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жарыс мәдениет, өнер нысандарының инклюзивтілігі мәселесіне қоғамның назарын аудару, саламатты өмір салтын насихаттау, Өзбекстанда спорттық туризмді дамыту жөніндегі міндеттерді шешуге көмектеседі.
Түркістан марафоны қатысушыларды еліміздің рухани орталығының ежелгі тарихы, заманауи өмірімен таныстырады. Соңғы додаға әлемнің 21 елінен 3 мың жүгіруші жиналды. Іс-шара саламатты өмір салтын насихаттап, жергілікті экономикаға оң әсерін тигізіп отыр.
Алматы марафоны – Орталық Азиядағы ең ірі жарыс Іле Алатауының етегінде өтеді, жүгірушілерге ұзақ көтерілу мен тігінен түсу бойынша қызықты жарыстар ұсынады. Былтыр ұйымдастырылған аламанда әлемнің 60-тан аса мемлекетінен келген 16 мыңға жуық жүгіруші бақ сынады.
«TAN» аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан марафондарының бірігуі спорттық туризмді дамыту, халықаралық қатысушыларды тарту, жарыстарды ұйымдастыру деңгейін арттыру сияқты жаңа мүмкіндіктер ашады. Жоба марафондарды жаңа деңгейге көтереді, өңірлердің дамуына, жергілікті көрікті жерлерді танымал етуге, халықтар арасындағы достықты нығайтуға үлесін қосады», деді Ғ.Есенов.