Қоғам • 04 Ақпан, 2025

Отанның әр қиыры да ыстық

229 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, кейінгі он жылда елімізде 582 ауылдың түтіні біржола өшкен. Халықтың 38%-ы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрса, бұл көрсеткіш жыл сайын кеміп барады. Келеңсіз үдеріс әсіресе солтүстік өңір­лер­де қатты байқалып отыр. Қаңырап бос қал­ған ауылдардың бойына қан жүгіртетін бірден-бір «донор» қазақ көші екенін айтады білікті мамандар.

Отанның әр қиыры да ыстық

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осы ретте әуелі көші-қон саласындағы мән-жайды нақты білмекке сауал жолдаған едік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелден көшіп келетін қазақтар мен ішкі қоныс аударушыларды орналастыруға арналған өңірлік квота саны белгіленгенін мәлім етті. Айталық, биыл квота саны – 9 653 адам, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 170 адамға артық. Осылайша, биыл өңірлік квота қандастарға: Павлодар облысы – 1 056, Ақмола облысы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 269, Абай облысы – 244, Солтүстік Қазақстан облысы – 175, Қостанай облысы – 150, Атырау облысы – 100, Батыс Қазақстан облысы 30 адамға, ішкі қоныс аударушыларға: Павлодар облысы – 3 050, Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969, Қостанай облысы – 535, Шығыс Қазақстан облысы – 372, Абай облысы – 255, Ұлытау облысы – 125, Қарағанды облысы 38 адамға бөлінді.

ав

Мемлекеттік қолдау іс-шара­лары да бір­шама. Мәселен, көш субсидиялары: отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем, 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу), коммуналдық қызметтерге субсидия, 400 АЕК мөлшерінде қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге субсидия, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама, жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу, тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру. Осындай мемле­кеттік қолдаудың арқасында 2024 жылы 19,7 мыңнан астам ағайын тарихи отанына оралып, «қандас» мәртебесін алған.

Ресми деректерге сүйенсек, 2017 жылдан бері солтүстік өңір­лерге 57 мыңнан астам адам қоныс аударған екен. Бұл – жұмыссыздар саны басым аймақ­тардан жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру мақсатында жүргізілген игілікті бастама. Оларға мемлекеттік қолдау ре­тін­де (қоныс аударушыларға) материалдық көмек, көш шығын­дарын өтеу, тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызмет­терге ақы төлеу шығын­дары қарастырылып отыр. Алайда, осындай сан салалы мүм­­кіндікке қарамастан, солтүстік өңір­лердегі ауылдардың тоқырауы, тарауы тоқтамай тұр.

Мемлекеттік қолдау іс-шара­лары жетілдіріліп отырады. Мәселен, қосымша ақша­лай төлем сертификаты енгізілді (тұрғын үй құнының 50%-ы, 1160 АЕК-тен аспайды). Сертификат қара­жатын алғашқы төлем ре­тін­де қолдануға болады. Бұған қоса Шығыс Қазақстан, Пав­ло­дар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында бейімдеу, интеграциялық орта­лық­тары ашылды. Олардың негізгі мақсаты – қоныс аударушыларды жергілікті қоғамға тиімді интеграциялау, балаларды толыққанды оқыту, әлеуметтік, медициналық қызметтерді жетіл­діру, тағысын-тағылар.

Үкіметтің дерегінше, қоныс аударушылар мен шетел қазақ­тарын қабылдау квотасы жылдан жылға өсіп келеді. 2024 жылы 7 050 қоныс аударушы, 2 433 қандасқа, жиыны 9 483 квота берілген. Бұл 2023 жылғымен салыстырғанда, 554-ке артық. 2024 жылы 6 146 адам (1 767 отбасы) қоныс аударған.

«Былтыр жазда «Жаңа Қазақ­с­танның әдеби-танымдық па­норамасы» жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының біраз жерін аралап едік. Сонда байқағаным, кейбір ішінара ауылдар қайта түлеген. Есіл ауданында бір ауылға бардық. Бізді сол өңірдегі қаламгер Жарасбай Сүлейменов ағамыз бастап алып жүрді. Сол кісі айтады: «Бұдан біраз бұрын осы ауылға келсем, ауыл мектебінде жалғыз оқушыны бес-алты мұғалім оқытып отыр екен. Ақыры мектеп жабылып, ауыл тарай бастағанда Қытайдан қырық шақты отбасы көшіп келді. Сөйтіп, мектеп қайта ашылып, ауыл қалпын сақтап қалды». Расында ауыл тап-тұйнақтай, айналасы орманды, әдемі мекен екен. Жанға қатты батқаны – Сәбит, Ғабит, Мағжан, Сафуан ауылдары түгел жабылыпты. Тіпті мектеп музейлерде тұрған зиялылардың қолданған құнды мұралары талан-таражға түсіп, қолды болған. Жалпы, сол­­­түс­тік өңірде жылына оншақты ауыл жабы­лып жатқанын көріп көңіліміз құла­зып қайтты», дейді жазушы Есбол Нұрахмет.

Оның айтуынша, «Тәуекел» ұйымы­ның жетекшісі Бурахан Даханов секілді бастамашыл азаматтарға мемлекет тара­пынан қаражат бөлу тетіктерін қарас­тыру қажет.

Бурахан Дахановтың өзімен де хабарласып, солтүстіктегі көші-қон мен ауыл­дардың қазіргі мән-жайын сұрап білген едік.

«Биыл Қостанай облысында оқушы санының жетпеуінен 13 мектеп жабыл­мақ. Бұл дегеніміз – 13 ауыл жабылады деген сөз. Осылай жалғаса берсе, келесі жылы да жабылатын мектеп, ауыл саны көбей­месе, азаймайды. Қостанай ғана емес, СҚО-да да дәл осындай проб­лема. Бұл жөнінде Үкіметтен шұғыл ше­шім қажет. Өйткені шекара маңындағы ауылдардың босап қалуы, түп­теп келгенде, мемлекеттік қауіп­сіздік мәселесі. Сондықтан көшті солтүстікке бұрудың бар тиімді, ынталандыру шаралары іске қосылуы керек. Босап қалған ауылға көшіп барам дегендерге Ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы бағдарлама дайындап, Қор­ғаныс министрлігінің сондай жерлерге жаңа әскери бө­лімдер ашуына, тіпті арнайы әскери қалашықтар салса болады. Сондай-ақ оңтүстік өңір­лердегі Білім министрлігіне қарасты «Жетімдер үйінің» тым болмаса 40 пайы­зын солтүстік аймақтарға көшіру керек. Сөйтіп, солтүстіктегі мектептердің жа­былуы­ның алдын алуға болады», дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуына қарағанда, Үкімет солтүстікке көшетін азаматтарды мате­риал­дық жағы­нан ынталандырып қана қоймай, әр тараптан көшіп келген аза­мат­­­тардың басын бірік­тіретін ортақ идея, рухани-мәдени қарым-қатынастар мәсе­ле­сін де жан-жақты қарас­тыр­­ғаны жөн.

«Солтүстікке көш бұйдасын бұрсақ деген ойымызды тіпті базбіреулер қате түсініп жататын жай да жоқ емес.  Қазаққа Отан біреу болса, оның бір шетіне тіреу болудың несі айып. Ел көлеміндегі азаматтарға, сондай-ақ шетелден келетін қандастарға да Отанның қолайлы жерлері ғана ыстық болмауға тиіс, бүгін қаңырап бос қалған кез келген мекені қымбат болғаны ләзім. Қарапайым ғана мысал, солтүстіктегі бір мектеп жабылса, ең кемі 25 қызметкер жұмыссыз қалады. Олар келеді де қаладағы жұ­мыссыздардың санын көбейтеді. Оқу­шылар қала мен аудандардағы аузы-мұрнынан шыққан мектептерге сыймай жатады. Осы жағ­дай­ды алдын алудың бір-ақ жолы – халқы азайып, мектебі жабылғалы тұрған ауылдарға қазақ кө­шін бұру. Бұдан басқа жол жоқ», дейді «Тәуекел» қоғам­дық ұйымының жетек­шісі Б.Даханов.

Қорыта айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысы соңғы кезеңде демо­­­­­гра­­фиялық өзгерістерге ұшырап, көптеген ауылдар босап қалған немесе халық саны айтарлықтай азайған өңірге айналды. Бұл ахуал қазақтар мен басқа да этникалық топтардың мигра­­­ция­лық қозғалысы салдарынан болып отыр. Ауыл­дар­дың босап қалуы, оның ішінде ауыл тұрғындарының қалаға үдере көшуі, шет елдерге кетуі елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізеді. Босап қалған ауылдарға қазақ­тарды қайта орна­ластыру үдерісі тек демо­графиялық теңге­рімді қал­пына келтіру емес, эконо­ми­ка­лық өсімді артыруға, ұлттық бірегейлікті ны­ғай­туға, ауыл шар­уа­шылығын жаң­ғыр­ту­ға мүм­кіндік береді. 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше