Экология • 04 Ақпан, 2025

Қоқысты сұрыптағанның ұтары көп

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңіріндегі еңбек ұйымдарында қоқысты сұрыптап жинау әдісі енгізіледі. Содан соң қоқысты тұрмыстық жағдайда сұрыптауға көңіл бөлінбекші. Есесіне тұрғындар коммуналдық қызметке аз төлеуі мүмкін.

Қоқысты сұрыптағанның ұтары көп

Сурет: baq.kz

Павлодардан жылына 150 мың тоннадай тұрмыстық қал­дық шығады. Оны сұрыптап, өң­дейтін зауыт таяу уақытта салы­нып бітуі мүмкін. Оған дейін тұрғындарды тұрмыстық қал­дық­­тарды бөліп жинауға дағды­ландыру көзделіп отыр.

– Үй маңындағы контейнерлер қоқысты сұрыптап жинау мәселесін шешпейді. Тұрмыстық қал­дықты үйде бөлектеп жинау қажет. Азаматтар қоқыстың бар­лығын бір ғана ыдыста сақ­тап, сол қалпымен контейнерге апарып төгеді. Жалпы, үйдегі мұндай ыдыс төрт бө­лік­тен тұрса дұрыс болар еді. Бірақ бізде әзірге мұндай экологиялық сана қалыптасқан жоқ әрі оны талап ету де ерте. Сондықтан сұрыптауды алдымен кәсіпорындарда, қоғамдық тамақтану орындары мен өзге де ұйымдарда жүргізу керек. Мәселен, оларда шыныға, плас­тикке, қағазға, биологиялық қалдықтарға арналған контейнерлер қойылғаны дұрыс, – дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Әкім өңірде қалдық өңдейтін зауыт ашылса, жыл сайын тон­на­лап жиналып қалатын қо­қыс­тардың мәселесін шешуге болады деп есептейді. Био­логиялық қалдықтардан биогумус өндіруге болар еді. Зауыт оған қоса қалдықтан металды, шыны мен қағазды бөліп алып шығаруға мүмкіндік береді.

Облыстағы коммерциялық кәсіпорындар қоқысты сұрып­тап жинауға кірісе бастады. Әуелі металлургиялық ірі кә­сіпорындар, одан соң қоғам­дық та­мақтану орындары мен супер­маркеттер, дүкендер көшеді. Соңынан қала тұрғындарына үйрету көзделіп отыр. Бола­шақ­та тұрғындарды бұл тұр­ғыда ынталандыру да ойда бар. Мәселен, қалдықты бөлек жи­нағандар қо­қыс­ты шығару қызметіне же­ңіл­дікпен төлем жасауы мүмкін.

Атап өту керек, Павлодар қала­сының аулаларындағы кон­­­­­тейнерлерден күніне мың­даған тонна қоқыс жиналады. Билік тұрмыстық қатты қал­дық­тарды сұрыптап, жинау тәсі­­ліне көшуді ойға алғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Қал­­­дықтар төгілетін полигонда арнайы зауыт құру жобасы бас­талып та кеткен. Шаһарда ескі қоқыс контейнерлерін еуроконтейнерлерге ауыстыру жобасы жалғасып жатыр. 

Құрылып жатқан қоқыс өң­деу зауытында болашақта түсті, қара металдар, картон, полиэтилен, пластик қалдықтары, резеңке, ағаш, тоқыма-мата өнім­дері, шыны қалдықтары жеке-жеке жиналады.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жылдам хабар алғызған

Руханият • Кеше

Азаматтық ерлік

Ғылым • Кеше

Ұлық ұлыстың алтыны

Жәдігер • Кеше