06 Ақпан, 2015

Шетелдік гранттың астарында не бар?

238 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қа­зақстанның Азаматтық альян­сының президенті Нұрлан Ерім­бетов үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі, жалпы азаматтық қоғамның келбеті жайындағы ойларын ортаға салды. Нұрлан Ерімбетов өзіне Президент Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында мәселені бүкпесіз ашық айтқаны қатты ұнағанын, бүгінгі күні кім-кімнің де елес қумай, нақты жұмыспен айналысуы қажет екенін, сол себептен де қазір көптеген жастардың қалталарындағы ЖОО бітіргенде алған қос-қос дипломдарын жиып қойып, колледждерді тәмамдап, бүгінгі тіршіліктегі қат мамандарға қайтадан оқып жатқанын тілге тиек етті. «Расында да қарап отырсақ, бізге қаптаған заңгерлер емес, техникалық мамандар, өндіріске қажетті шеберлердің жаңа легі керек екен», деген ол әр азаматтың қоғам мүшесі ретіндегі белсенділігінің маңызына тоқталды. Н.Ерімбетов ҮЕҰ-лардың мемлекеттік тапсырысты жеңген күнде несие алып, алдын ала төлем жасауын міндеттеудің салдары Азаматтық қоғамға соққы болып тигенін айтты. Осылайша ҮЕҰ-ларды бизнеске теңестірген солақайлықтан 1-2 жылдың жүзінде ауылдардағы, өңірлердегі көптеген ҮЕҰ-лар жабылып қалғанына қынжылыс білдірді. Алайда, біздің осы мәселені көтеруіміздің арқасында Қаржы министрлігі мен Үкіметтен түсіністік табылып, аталған проблемалар жойылды. Соның арқасында ҮЕҰ-лар төлемді біртіндеп, кезеңдеп өткізуге қол жеткізді, деген шешен жаңа заң жобасында қарастырылған жақсы жаңалықтарды да журналистер қаперіне салып өтті. Мәселен, облыс әкімдерінің рейтингін анықтағанда үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдармен жұмыстың да енгізілуі қажеттігі турасында ұсыныс енгізгенбіз, әзірге ұсыныс қолдау табуда, ал болашақта оның заңдағы көрінісі қалай болатынына уақыт таразы, деген Ерімбетов «Әкімдердің бедел-бағалары салынған жолдармен ғана емес, сонымен бірге, үкіметтік емес ұйымдармен жұмысы бойынша да бағалануы тиіс», деген пікірін білдірді. БАҚ өкілдеріне, өзінің әріптестеріне деген тілегін айтуды да ұмытпады. «Меніңше газеттің беделін «мал құлағы саңырау» деп адам түгіл мал естімесін дейтін жаман істерді жазу арқылы емес, жақсы мысалдармен де көтеруге болады. Мәскеуде оқып жүргенімізде бізді картоп жинауға Волоколамға алып барды. 150 студент жұмыстан кейін көңіл көтерейік деп би билеп жатыр едік, жастары 50-ден асқан жігіт ағалары келіп: «Араларыңда қазақ бар ма?» деп сұрады. Біз екі-ақ қазақ едік. Барлық жанарлар бізге қадалды. Орталарынан шығып, үлкен кісілердің қасына таяндық. Бір жағынан не болды деп жүрексініп те келеміз. Жоқ, әлгі кісілер бізді құшақтарына алып, біздің деревняны жаудан тазартқан қазақтар еді, осы үшеуміздің отбасымызды қазақтар құтқарып қалды. Елдеріңе сәлем айтыңдар, біз сіздерге қарыздармыз», деп өз жайларына кетті. Сонда не болды дейсіздер ғой. Біз оны күткен жоқпыз, әрине, бүкіл студент бізді тасқын қол шапалақтың астында қалдырды. Балауса екі қазақ жігіті әкелеріміздің ерлігіне мақтанып, кеудемізді керіп тұрдық. Міне, осындай тамаша үлгілерді жазу газеттің беделін көтермейді дейсіздер ме?» – деді. Мұнан соң шешен үкіметтік емес ұйымдарды шетелдіктердің қаржы­лан­дыруына қатысты пікірін сұраған журналиске былай деп жауап берді: «Қазақстан азаматы ретінде еліміздің үкіметтік емес ұйымдарын шетелдердің қаржыландыруына қарсымын. Әрине, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында бізде қаржы аз еді, сол қиын кезеңдерде біз өзгенің қаражатына мұқтаж болдық. Сол уақытта үкіметтік емес ұйымдарға шетелдіктер қаржы құйды. Ал бүгінде біз өзіміздің де қаржымызға өмір сүре аламыз. Шетелдіктер жай әншейін, тегіннен-тегін ешкімге ақша бермейді. Оның астарында жат идеялар, өзге ниет пен пиғыл жататыны мәлім. Олар біздің ділімізді, мұратымызды ескермей, өз ойларын іске асырғысы келеді. Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде үкіметтік емес ұйымдар жұмысына шетелдік қаржыны тартуға тыйым салынған, бұл тұрғыда тиісті заңдары да бар. Ресейде былтыр шетелдік агенттер туралы заң қабылданды, олар да шетелдік субсидияға тыйым салып отыр. Қазір біз де осындай деңгейге жеттік, мұны көпшілік болып талқылау керек. Шетелдік ақшаның астарында не жатыр, біз ешкімге тәуелді болмауымыз керек», деп ойын түйіндеді Азаматтық альянстың көшбасшысы. АнарТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».