
Мәдени дәрісті ұйымдастырушы – музейдің педагогика және балалар шығармашылығы бөлімінің әдіскер маманы Лаура Мырзахмет: «Ұлы ұстаз Фарабидің күллі адамзат игілігі үшін атқарған рухани еңбегі ұшан-теңіз. Атап айтсақ, тұлғаның әлемге әйгілі еңбегі «Қайырымды қала тұрғындары», «Музыка туралы» трактаттары әлі күнге құнын жойған жоқ. Әсіресе әлем тарихында тұңғыш рет музыкалық дыбыстарды қағазға түсіріп, нота пайдаланғаны зор жаңалық», деді.
Жиналған қауымға дәріс жүргізген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбесұлы, ұлы ғалымның ғұмырнамалық тарихы мен шығармашылық қуаты жайлы қызықты әңгіме өрбітіп, тұлғаның еңбегіне тоқталды.
«Үлкен оқымысты әл-Фараби «әрбір адамның дүниеде өз орны бар» десе, дана Абай атамыз «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!», деп әркімнің өз орны бар екенін тілге тиек еткен. Жас ұрпақтың міндеті – ізденіс жұмысын жалғастырып, білім қорын толықтырып, тарихымыздың құндылығын дәлелдеуге бар күш-жігерін салу болса, біздің міндетіміз – ұрпаққа терең білім мен тәрбие беру. Әл-Фараби бабамыз біз үшін ғылым-білімге деген жанкештіліктің және жетістікке жетудің үлгісі», деді тарихшы ғалым.
Сонымен қатар музейлік дәріс барысында ұйымдастырушы тарап, канун (жетіген типтес аспап), мизмар (сыбызғы типтес аспап), уд, танбур, шахруд (домбыра типтес аспап), рабаб (қобыз типтес аспап), т.б. музыкалық аспаптардың ерекшелігіне тоқталып, олардың дыбысталып ойналуы хақында бейнежазбалар ұсынды. Сондай-ақ дәріске қатысушылар көрмеге қойылған ғұламаның шығармаларымен танысты.