Аймақтар • 07 Ақпан, 2025

Атырауда қоқыс сұрыпталатын кешен іске қосылды

444 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауасы лас шаһардың бірі Атырауда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды. Мұнда қоқыстың бірнеше түрі сұрыпталады.

Атырауда қоқыс сұрыпталатын кешен іске қосылды

«Арнаулы автобаза» ЖШС-ның менеджері Олег Янушконың айтуынша, жаңа кешен Испанияның «IMABE Innovaciones» компаниясының заманауи технологиясымен жабдықталған. Кешеннің жылдық қуаты – 150 мың тонна қоқыс сұрыптау. Қазір күніне 100 тонна қоқыс сұрыпталып жатыр. Оның ішінде картон мен макулатура, ПЭТ материалдары, алюминий, полиэтилен, пластиктен жасалған бұйымдар қалдығы бар.

«Кешенге әкелінген қоқыс алдымен бастапқы сұрыптаудан өткізіледі. Мұнда сұрыптау желісінде кептеліп қалуы мүмкін материалдар таңдалады. Кейін барлығы ірі көлемді сұрыптау аумағына жіберіледі. Онда ірі көлемді қоқыстардың қайта өңдеуге жарамдысы іріктеледі. Келесі, «електен өткізу» кезеңінде қоқыстың ең ұсақ бөліктері алынады. Одан кейінгі кабинада жұмысшылар материалдарды пластик, металл, картон не қағазға бөліп сұрыптайды. Соңғысы – қоқысты буып-түю», дейді О.Янушко.

Кешенде желіде қоқысты буып-түйетін арнайы желі бар. Онда дәл қазір сұрыптауға жатпайтын қалдықтар буылып-түйіледі. Сұрыптаудан өткен дайын қоқыстар арнайы өңдеу орындарына жіберіледі.

 

Атырау облысы