Алматы • 08 Ақпан, 2025

Бірлік алаңына айналған шаңырақ

253 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің үлкен қалаларындағы Достық үйлері – рухани байланыс алаңы ретінде этномәдени бірлестік өкілдері ұдайы бас қосып, тағылымды іс-шаралар өткізетін бірегей орын. Түрлі мәдениеттер тоғысып, тіршілігі қыз-қыз қайнаған Алматыдағы республикалық Достық үйі солардың басын біріктіретін орталық дерсіз. Мұнда күні бүгін 19 этномәдени бірлестік жұмыс істеп отыр. Келушілер осы жерде тіл үйреніп, түрлі іс-шара ұйымдастырады, арнау­лы үйірмелер арқылы өнерлерін шыңдап, өзара ынтымаққа ұйыстыратын маңызды жобаларға үн қосады.

Бірлік алаңына айналған шаңырақ

Жартығасырлық тарихы бар ғимарат 1979 жылы Алматы қалалық Атқару комитетінің ше­шімімен «Тарихи-мәдени ескерткіштер» тізіміне енген. 1991 жылы дәл осында бірнеше елдің мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы маңызды құжатқа қол қойған Алматы декларациясы қабылданып, тарихи оқиға орын алды. Ал 1972–1999 жылдар аралығында мұнда өзге мемлекеттермен мәдени байланыс өрісін кеңейтуге бағытталған «Достық» қоғамы табысты жұ­мыс істеді. Халықаралық «Түрксой» ұйымының құрылу тари­хы да осы ғимараттың тыныс-тір­шілігімен астасып жатыр. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы респуб­ли­калық Достық үйі этносаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған бастамалардың оша­ғына айналған.

Мұнда келетін этномәдени бірлестік өкілдері қазақ тілін еркін меңгеруге зейін қойған. Әсіресе грек, ұйғыр және түрік ЭМБ өкілдері үшін мемлекеттік және ана тілдерін оқыту курс­тары үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оларға қазақ тілін онлайн оқыту мектебінің негізін қалаушы әрі «12 грамматикалық құрылыс. 365 жаңа сөз» жинағының авторы Оксана Набиева сабақ береді. Курс қатысушыларына қазақ тілін үйрететін орыс қызы Абайдың 50-ден аса өлеңін жатқа біледі.

«Қазақ тіліне деген қызығу­шылығым мектеп жасында бас­талды. Соның арқасында өмі­рімде түбегейлі бетбұрыстар орын алды. Абай оқуларында жеңімпаз атанып, оқушы күнімде-ақ көпшіліктің назарына іліктім. «Қазақша сөйлейік» курсында 5 жастан 75 жасқа дейінгі адамдар бар. Қазіргі таңда зейнетке шығып, бірақ қазақ тілін үйренемін, оқимын деп қызығушылық танытатындар да аз емес. Менің әдістемемнің басты ерекшелігі – адам өзіне қолайлы кезде сабақты ашып, қарай алады. Тіпті автобуста, шет мемлекетте жүріп болсын оқи алады. Кез келген шет тілін үйренуге жүйе керек. Ол оңайдан қиынға қарай жүреді. Әр сабақ сайын деңгейге байланыс­ты грамматиканың бір түрін қосу арқылы, оқылымды, тапсырманы, ойындарды, тыңдалым жасап үйренетін болса, кез келген адам сабақты оңай алып кетеді», дейді О.Набиева.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі Г.Ан­наку­лиеваның бастамасымен құрылған «Алматы семинары: әртүрліліктегі бірлік» клубы – Достық үйі қабыр­ға­сындағы белсенді алаңдардың бірі. 2022 жылы бастау алған жоба этномәдени бірлестіктер арасында қоғамдық келісімді нығайтуға қомақты үлес қосып жүр.

Мәселен, былтыр Достық үйінде құрылған Әдеби клуб аз уақыт ішінде жемісті жұмыс бастаған. Мамандар Достық үйінде қазақтың айтулы қалам­герлерінің мерейлі даталарына орай әдеби-сазды кештер, олардың шығармашылық тынысынан сыр шертетін тағылымды байқаулар өткізу дәстүрге ай­налғанын айтады. Атап айтар болсақ, қазақ әдебиетінің классигі Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты танымдық іс-шара Жазушылар одағымен бірлесе ұйымдастырылған. Мазмұнды жобада түрлі этнос өкілдері арасында ақын-жазушылар шығар­малары насихатталып, қатысушылар олардың өміріне қатысты қызықты деректермен танысқан.

Қазақстан халқы Ассамблея­сына қарасты этномәдени бірлестіктер мемлекет өміріндегі кез келген іргелі істе бой көр­сетіп жүр. Бүгінде этностар дос­тығын нығайтуға бағытталған іс-ша­ралардың ұйытқысы болып отырған республикалық Достық үйінің басшысы Нұрсәуле Әлтекова, мемлекет этностардың рухани дәстүрлерін халықтық игілік ретінде сақтап, этносаралық татулықтың дамуына айрықша қамқорлық жасап отырғанын айтады.

– Біздің ұжым ҚХА этно­мәдени бірлестіктерімен бірге Президентіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессия­сында, Ұлттық құрылтайда, ел халқына Жолдауларында берілген тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында табанды жұмыс істеп келеді. 2024 жылы рес­публикалық Достық үйінің қыз­метін қам­тамасыз ету басқар­масының қаты­суымен Алматы қаласында түрлі форматтағы 216 іс-шара өтті. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бағдарламалары мен жобаларын, ұйымды дамы­тудың 2022–2026 жылдарға арналған тұ­жырымдамасын іске асыру шең­берінде 182 іс-шара ұйым­дастырылды. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды түсіндіру бойынша сарапшыларды даярлау жөніндегі республикалық және өңірлік әдіс­темелік орталықтардың қызметі үйлестіріліп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл­дығына орай республикалық Достық үйі биыл этносаралық бірлік пен келісімді насихаттауға бағытталған акциялар, фести­валь­дар, көрмелер, концерттер, дөңгелек үстелдер, шығармашы­лық кештер, спорттық турнирлер өткізуді жоспарлап отыр. Ассамблея жұмысының жаңа тұжырымдамасы этнос­тар мен олардың қоғамдық бірлестіктерінің біздің еліміздегі азаматтық сая­си ұлтты интегра­циялау және қалыптастыру үдерістеріне белсенді қатысуына бағытталған. Бүгінгі басты міндет – этносаралық өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығу, оның негізін қоғамның азаматтық мүдделері құрауға тиіс, – дейді Н.Әлтекова.

Достық үйінде сан ұлттың бай дас­тарқандарын паш ететін тағам көрмелері секілді қызық­ты іс-шаралар да өтіп тұрады. Мұнда Қазақстанды мекендеген этностардың аспаздық ерек­шеліктері, қонақ күту салты, тағам­дарының құнар-қуаты, әзір­лену әдістері туралы қызықты әңгімелер айтылады.

– Тұрақтылық пен даму, та­ту­лық пен достық – бәрімізге ортақ құндылық. Достық үйінде өтетін осындай іс-шаралар өс­келең ұрпақты бір-бірінің салт дәстүрлерін құрметтеуге тәрбие­лейді. Қоғамның ынтымағын нығайтуға бағытталған идеялар жақсы нәтижесін көрсетіп жатыр. Алдымызда да маңызды іс-шаралар күтіп тұр. Жеткен же­тістіктеріміздің негізі – халықтың бірлігі, ынтымағы. Бірлігіміз бе­рік болса, кез келген мәселе оң­тайлы шешімін табады. Бірлік деген ұғымның сөз күйінде қалып қоймай, іспен дәлелденгені қандай жақсы. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында республикалық Достық үйінде Түркімен мәдени орталығының 30 жылдығына, түркі халықтарының мәдениет қорының 25 жылдығына арналған «Әртүрліліктегі бірлік» атты керемет іс-шара өтті. Достық үйінің халықтар достығын нығайтудағы рөлі зор, – дейді қоғам қайраткері Асылы Осман.

Этномәдени бірлестіктерге қарасты жастар ұйымдары во­лон­терлік бастамаларда ұдайы бой көрсетеді. «Таза Қазақстан» ак­ция­сында олар мыңнан аса көшет отырғызып, саябақтар мен алаңдарда тазалық жұмыстарын жүргізген. Оларды бұл жұ­мыс­тарға үйлестіруде Достық үйі маңызды рөлге ие.

«Бәрімізді тоғыстыратын бір тілек – Қазақстанның баянды болашағы. Осы елде ұл-қызымыз өсіп, өркен жайып келеміз. Сон­дықтан ортақ Отанның ме­рейі – бәріміздің мерейіміз. Пре­зидентіміз алға қойып отырған «Бір ел, бір халық», «Адал азамат» тұжырымдамасындағы бастамалар – біздің бірлігімізді арттыратын ұстанымдар. Жастарымызды еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке баулуға, олардың рухани тәр­биесін өрістетуге бағытталған жұмыстарға көңіл бөлу маңызды», дейді Қазақстан ұйғырлары этно­мәдени бірлестігінің төрағасы Абдулхалил Долкунтай.

 

АЛМАТЫ