
Бірінші тоқсанда қуаты сағатына 12,5 мың текше метр сутегі өндіретін екінші қондырғының құрылысын бастау жоспарланған. Қазір зауытта қуаты сағатына 20 мың текше метрлік қондырғы жұмыс істеп тұр.
Дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялаудың екінші кезеңі шеңберінде депарафиндеу блогінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
«Жоба жазғы және маусымаралық дизель отынын ғана емес, сонымен қатар қондырғының ағымдағы қуатын жылына 2,3 млн тонна деңгейінде сақтай отырып, қысқы отынды да шығаруға мүмкіндік береді. «Air Liquide» компаниясымен бірлескен жобаны іске қосу 2026 жылдың күзіне жоспарланған. Оған салынатын инвестиция 80 млн еуродан асады деп бағаланады. Техникалық сутегі мұнай өңдеуде шешуші рөл атқарады. Бензин, авиакеросин және дизель отынын өндіруде шикі мұнайды азоттан, күкірттен және металдардан тазарту үшін қолданылады», дейді зауыттың бас директоры Қуаныш Бишімов.
Былтыр зауыт рекордтық 5,5 млн тонна мұнай өңдеген. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 50 мың тоннаға артық. Оның 1,61 млн тоннасы – бензин, 327 мың тоннасы – авиаотын.
Павлодар облысы