
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
«Мұндай өсім кейінгі 5 жылда бірінші рет болды. Былтыр шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 180 жоба іске қосылып, 14,4 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Жыл қорытындысында құрылыста оң нәтижеге қол жетті. Кейінгі 10 жылда тұрғын үй құрылысының рекордтық көлемі байқалды. Жоспар бойынша 18 млн шаршы метр болғанымен, 18,9 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды», деді министр.
Вице-министр Олжас Сапарбековтің айтуынша, түсті металл өңдеу секторы жыл сайын өсудің оң динамикасын көрсетіп жатыр. Өткен жылы отандық өндірушілер мыс өңдеуді 16,5%-ға, алюминийді 9,6%-ға, мырышты 33%-ға, қорғасынды 4,6%-ға көбейтті. Вице-министр былтыр машина жасау өндірісінің көлемі 9,7%-ға артқанын алға тартты. Биыл 5%-дық өсім күтіледі.
Вице-министр Қуандық Қажкеновтің сөзінше, министрлік құрылыс салушыларға қойылатын талапты азайтып, жағдайды жақсартуға, үлестік қатысудың тартымдылығын арттыруға және құрылыс нарығында тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар әзірленген. Бұл тәсіл Мәжілісте қаралып жатқан Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды жақсарту туралы заң жобасында қарастырылған.
Министр орынбасары Иран Шархан өткен жылы 23 қатты пайдалы қазба кен орны алғаш рет мемлекетке тіркелгенін айтты.
«Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің өңірлік жұмысының нәтижесінде қатты пайдалы қазбалар бойынша перспективалы 38 телім анықталды. Олардың арасында сирек кездесетін металдар, бериллий, қоңыр көмір, алтын, цирконий, ниобий, вольфрам бар», деді И.Шархан.
Вице-министр Жаннат Дүбірова министрліктің салаларын цифрландыру жобалары туралы әңгімеледі. Оның қатарында 2025 жылғы 1 қаңтарда іске қосылған Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы мен барлауға немесе өндіруге өтінім беруден бастап оның аукционына және лицензияны беруге дейін цифрлық форматта үздіксіз үдерісті жүзеге асыру жөнінде баяндады. Бүгінде Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы арқылы геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы 22 мемлекеттік қызмет электронды түрде қолжетімді екен.
«Егер бұрын жер қойнауын пайдаланушы әкімдіктерге, министрлікке барып, делдал іздеп, келіссөз жүргізуі керек болса, енді барлығын қағазбастылықсыз онлайн режімде алуға болады», деді вице-министр.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары қолға алынған. Ол геологиялық ақпаратты танып қана қоймай, әртүрлі сипаттаманы талдап, Big Data негізінде елдегі кен орындары мен пайдалы қазбалардың болжамды үлгілерін жасайды.